- Advertisement -

«Сенім маршруты» жұмысшылардың құқығын қорғауға бағытталды

85

- Advertisement -

Ұжым мүшелерімен кездесуге облыстық басқарма басшылары мен құқық қорғау органдарының жауапты қызметкерлері қатысты.

– «Сенім маршруты» іс-шарасын өткізуде облыс тұрғындарымен, оның ішінде ірі кәсіпорын жұмысшыларымен, бизнес өкілдерімен кездесіп, олардың проблемалық мәселелерін анықтау және шешуді назарға алдық. Өткен жылы осы жобамен облыстың барлық аудандарына барып, әр өңірге тән жүйелі мәселелерді бекітіп, бүгінде бірқатарының оң шешілуіне қол жеткіздік.

Еңбек құқықтарын қорғау – бүгінде өзекті мәселенің бірі болып отыр. Барлық жұмысшы қауіпсіз еңбек жағдайларына және еңбегі үшін сыйақыға конституциялық тұрғыда құқылы. Прокурорлық қадағалаудың осы бағытында прокуратура органдары бірқатар жұмыстар атқарды. Атап айтқанда, прокурорлық қадағалау шаралары бойынша заңбұзушылықтарды жою туралы 48 ұсыныс енгізілді, 2021-2022 жылдар аралығында азаматтардың 78 341 еңбек құқығы қорғалды. Сонымен қатар, 9 342 қызметкердің 570 миллион теңгеден астам сомада жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі төленді. Сондай-ақ, 4500 қызметкердің мүддесін қорғайтын 4 ұжымдық еңбек шарты заңға сәйкестендірілді.

Прокуратураның бастамасымен уәкілетті органдармен бірлесіп, «Қазфосфат–НДФЗ» ЖШС, «Таласинвесткомпани» ЖШС, «Алтыналмаз» АҚ, «ЖЭС» ЖШС секілді ірі кәсіпорындардың қызметіне тексерулер жүргізілді. Нәтижесінде зиянды еңбек жағдайлары үшін өтемақы төленбегені, қорғау құралдарымен және тамақтанумен тиісінше қамтамасыз етпегені анықталды. Жұмыс берушілер тарапынан қызметкерлерді оқыту, міндетті нұсқау беру, медициналық тексеру бойынша шараларды жеткіліксіз атқарғанына да көз жеткіздік. Өртке қарсы, өнеркәсіптік және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік саласында 100-ден астам бұзушылық орын алғаны белгілі болды. Бұзушылықтың барлық фактілері бойынша жұмыс берушілер әртүрлі жауапкершілікке тартылды, 5 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынды, – деді облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров.

Бүгінде 7 мыңнан астам адам жұмыс істейтін «Қазфосфат» мекемесі 2021 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап әр 6 ай сайын жұмысшылардың жалақысын тұрақты түрде арттырып отыр. 2022 жылдың тамызынан «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» филиалы және қыркүйектен бастап «Минералды тыңайтқыштар» филиалы үшін өнім көлемін ұлғайту, өндіріс тиімділігі мен орындалған жұмыс сапасын арттыру үшін қосымша қаржылық ынталандыру бағдарламасы қолданысқа енгізілген. Аталған бағдарлама аясында оларда қызметкерлерге негізгі жалақыдан бөлек, жалақысының 5 пайызынан 50 пайызына дейін үстемеақы беруге мүмкіндігі бар. 2022 жылдың қаңтарында компания 13-ші жалақы төлеу тәжірибесін қалпына келтіріп, жұмысшыларға еңбегі үшін 618 миллион теңгеден астам бір жалақы көлемінде үстемеақы төледі. 2022 жылдың желтоқсан айында 13-ші жалақыға жалпы сомасы 999 миллион теңге төленген.

Кездесуде облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Нүркен Сейдалиев жұмысшылардың құқығын қорғауда жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды баяндады.

– 2022 жылы облыс ұйымдары мен кәсіпорындарында жоспардан тыс 147 тексеру мен 18 профилактикалық бақылау жүргізіліп, 223 бұзушылық анықталды. Анықталған заңбұзушылықтарға қатысты жұмыс берушілерге орындалуы міндетті 84 нұсқама беріліп, заңды және лауазымды тұлғаларға қатысты 14 ескерту және 26 әкімшілік құқықбұзушылық туралы қаулылар шығарылды. 7,1 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынып, олар толық өндірілді. Нәтижесінде 219 еңбек заңнамасы бұзушылықтары жойылды. Одан бөлек, өткен жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары прокуратура органдарымен бірлесіп, 14 кәсіпорында 852 миллион теңгенің жалақы қарыздарын анықтап, 3430 жұмыскердің еңбек құқығы қорғалып, оларға жалақы толығымен төленді. Сонымен қатар, былтыр облыстың 1652 кәсіпорны 47 538 жұмыскердің жалақысын орта есеппен 32,9 пайызға көтеріп отыр.

Облыстағы ең ірі кәсіпорындардың бірі – «Қазфосфат» серіктестігі биыл қызметкерлерінің жалақысын 50 мың теңгеге көтерді. Облыстық прокуратураның талабына сәйкес, еңбек инспекциясы басқармасы «Қазфосфат» серіктестігінің филиалдарында еңбек заңнамасы талаптарының сақталуына тексеру жүргізді. Нәтижесінде мекемеде 26 заңбұзушылық анықталып, заңды тұлғаларға 9 ескерту берілді және 2 айыппұл үшін 398190 теңге көлеміндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өткен жылы «Қазфосфат» серіктестігінде 5 жазатайым оқиға орын алып, 10 адам зардап шекті, оның ішінде 5 адам қаза тапты.

Жүргізілген талдауға сәйкес, қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты болған 4 жазатайым оқиға жұмыс берушінің, 1 жазатайым оқиға жұмыскердің кінәсінен орын алған. «Қазфосфат» серіктестігінің филиалдарында жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды саналатын жұмыс орындарын азайту мақсатында «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero» тұжырымдамасы енгізілген. Одан бөлек, жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша шаралар өткізілуде. Еңбек инспекциясы басқармасымен еңбек қатынастары мәселелері тұрақты бақылауда, – деді Нүркен Мұратұлы.

Кездесу соңында жұмысшылар тарапынан қойылған сауалдарға тиісінше жауап берілді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support