- Advertisement -

Бір өзі – бір мектеп

39

- Advertisement -

Жаратылыстану ғылымдары және «экология» халықаралық академиясының, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдіманап Әбдіраманов – «Гидроциклонды сорғы қондырғыларының гидравликасы» ғылыми мектебінің негізін салушы. Бұл салада ол тек Қазақстанға ғана емес, сонымен бірге ТМД елдеріне, дүниежүзіне танымал ғалым. Гидротехника саласында мемлекеттік тілде кітаптар жазып қана қоймай, ғылыми терминдерді қазақша сөйлетуге орасан зор еңбек сіңірді. Ол бұған 50-60 жылдай ғұмырын арнап келеді.

Мәселен, критикалық тереңдікті алғаш рет «алмағайып тереңдік» деп гидротехникаға енгізген профессор Ә.Әбдіраманов. Негізі әр сөзді ғылыми тұрғыда дәл мағынасында аудару өте қиын. Бұл тұрғыда критикалық тереңдіктің алмағайып деп аударылуы, сөздің өте дәл мағынасын береді.

Гидравликалық шапшыма, қосалқы тереңдіктер. Бұл терминнің қолданысқа енуіне де профессор Ә.Әбдірамановтың сіңірген еңбегі зор. Еліміз егемендік алған алғаш жылдары оны гидравликалық ырғыма деп атап келгені белгілі. 1999 жылы Ә.Әбдіраманов жетілген гидравликалық шапшыманың теңдеуін шығарып, бұл терминді гидравликаға енгізді. Содан бері бұл терминнің орныққаны соншалық, міндетті түрде Әбдірамановтың гидравликалық шапшымаға арналған теңдеуі деген сөз қосарлана айтылады. Гидравликалық шапшыманың бастапқы тереңдігімен соңғы тереңдігі өзара байланысты, сондықтан оларды қосақы немесе байланысты тереңдіктер деп атайды. Қосақы тереңдіктердің айырмасын гидравликалық шапшыманың биіктігі дейді. Қосақы тереңдіктер арасы гидравликалық шапшыманың ұзындығын көрсетеді.

Әдеттегі жағдайларда гидравликалық шапшыманың төмен ығысуы арнаның түбін қазып кету қаупін туғызады. Оны болдырмау үшін суұрма шұңқырлар, суұрма қабырғалар және де басқа құрылғылар – кинетикалық энергияны бәсеңдеткіштер орнатылады. Бұл терминдерді гидротехника саласына алғаш енгізген профессор Ә.Әбдіраманов.

Гидроциклондық қондырғыларға гидроэлеватор біріктіріліп жасалатын кездерде қолданылады. Егер гидроэлеваторда ағып жатқан судың арыны едәуір болса, жоғарыдағы процесс гидроциклондық қондырғыда үзіліссіз жүріп жатады, бірақ құмды шаятын су көп кетіп қалуы мүмкін. Гидроэлеватордан шыққан құм қоспаның минигидроциклондағы сыртқы өстік ағынға қысымы жергілікті дәрежеде артып, қойылтқыш тесігінің сыртындағы атмосфералық қысымнан басым түседі. Осы тұста қойылтқыштағы құм қоспа сыртқа ытқиды, бірақ бәрі емес. Миникамерадағы құм үйіндісі азайып бара жатқанда, сыртқы өстік ағын қысымы кеми түседі де, орталық – өстік вакуум, тығыздығы азайған сұйықпен бірге конус ұшына қарай жылжиды. Бір мезетте қойылтқыштың ішкі беті мен сыртқы бетінің қысымдары теңеліп, құмды қоспа қозғалысы кілт тоқтайды. Осы құбылысты гидравликалық тығын деп атайды. Осыдан бастап құм тасындысы қайтадан конус төбесіне үйіле бастайды. Процесс қайталанады. Бұл – Әбдіраманов эффектісі деп аталады.

Бұл терминдер мен анықтамалар профессор Ә.Әбдірамановтың гидротехника саласына енгізген жаңа сөздерінің бір бөлігі ғана. Гидротехника саласында ғылыми тұрғыда дәйекті терминдерді оқу процесіне енгізу – қазіргі уақыттағы мемлекеттік деңгейдегі мәселе. Осы тұрғыдан алғанда профессор оның мемлекеттік тілде сапалы оқулықтар шығарып, терминдерді дәл әрі нақты аударып, оқу үрдісіне енгізген алғашқы ғалымдардың бірі десек, артық айтпаймыз.

Профессор Ә.Әбдіраманов М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Су ресурстары» кафедрасында еңбек етіп келеді. 1976 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына конкурс арқылы «Теориялық механика» кафедрасына меңгеруші болып қабылданған. 1976-2011 жылдар аралығында Ә.Әбдіраманов «Гидравлика», «Гидроэнергетика», «Су ресурстары және гидротехникалық құрылымдар» кафедраларын басқарды, 1992-1993 жылдары инженерлік-мелиоративтік факультетінің деканы қызметін атқарды.

Академик – 340 ғылыми еңбектің, оның ішінде 9 монография, 1 оқулық, 5 оқу құралының авторы. 135 өнертабысы үшін патент алған. Әбдіманап Әбдікерімұлының жетекшілігімен 4 ғылым докторы, 4 РhD докторы, 9 ғылым кандидаты, 7 магистр диссертациясын қорғады.

Оның 1975 жылы КСРО өнертапқышы төсбелгісімен, КСРО көрмесінің күміс және қола медальдарымен, «ҚР білім беру ісінің үздігі» және «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен, «Ерен еңбегі үшін» және В.И.Блинников атындағы ЕАПО-ның алтын медалімен марапатталуы – ғылымның дамуына сіңірген еңбегінің жемісі. Профессордың екі рет «ҚР ЖОО-ның үздік оқытушысы» атануы да бекер емес.

Ғалымды 2015 жылы маусым айында іргелі және қолданбалы ғылымдарды дамытқаны үшін Еуропалық ғылыми және өндірістік консорциум Михаил Васильевич Ломоносов атындағы алтын медальмен, сонымен қатар физика-математикалық ғылымдарды дамытуға қосқан үлесі үшін Исаак Ньютон атындағы медальмен марапаттады.

2015 жылы Ресей Жаратылыстану ғылым академиясы ғылым мен білім беруге жасаған еңбегін бағалап, «Ғылыми мектептің негізін салушы», «Ғылым және білім беруге еңбегі сіңген қайраткер» деген құрметті атақтар берді. Оны осы академияның президиумы бірауыздан корреспондент-мүшесі, кейіннен академигі етіп сайлады. Сонымен қатар Ә.Әбдірамановқа дүниежүзілік ғылым мен өнертабысқа қосқан үлесі үшін «Первый среди равных» ордені және «Альфред Нобель» атындағы медалін тапсырды.

 

 Мадина БАЙЖІГІТОВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті

«Су ресурстары» кафедрасының аға оқытушысы, ғылым магистрі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support