- Advertisement -

Ауыл халқының ахуалы жақсарады

43

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының» жобасын дайындаған болатын. Ол тұжырымдаманың негізгі мақсаты – ауылдық аумақтарды дамыту тәсілдерінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ ауыл халқының өмір сүру сапасын жоғарылату және олар үшін жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру. «Аталған тұжырымдаманы әзірлеу барысында ауылдық аумақтардың дамуына қатысты мәселелер бойынша жан-жақты, тиянақты талдау жасалды» деген еді Жамбыл облысында жұмыс сапарымен болған Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков.

Министрдің орынбасары Жамбыл және Байзақ аудандарының ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдерімен кездесу барысында Президенттің бұл жұмыстың концепциясын дайындау Ұлттық экономика министрлігіне тапсырылғанын айтып, оны дайындау барысында өңірлердегі «Ауыл – ел бесігі» мен басқа да атқарылып жатқан жобалардың басшылыққа алынғанын жеткізген еді. «Бұл құжатты дайындау барысында біз ауылдық аумақтарда тұратын халықтың ұсыныс-пікірін де ескерген болатынбыз. Бүгінгі таңда аталған концепцияны еліміздің бірнеше өңірінде ауыл және аудан халқының ортасында талқылап, тұжырымдамаға біршама өзгерістер енгізілді. Тұжырымдама ауылдық аймақты дамытудың негізгі бағыттарын айқындайтын құжат. Онда 60-тың үстінде құжат бар», деген еді вице-министр өз сөзінде.

Аталған құжатта ауыл аймаққа қатысты бірде-бір мәселе назардан тыс қалмаған. Мәселен, тұжырымдамадағы атап өтетін жағдай, елімізде жүргізілген демографиялық талдауға сәйкес, соңғы 15 жылда республикамыздағы ауыл халқының саны еш өзгермеген. 2007 жылмен салыстырғанда 2022 жылы ауыл халқы 40,8 пайызға төмендеген. Енді, бір сәт, тұжырымдаманы дайындау барысында министрліктің жүргізген талдауына көз жүгіртейік. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңына сәйкестендіру бойынша жүргізілген жұмыстардың барысында 2004 жылдан бастап ауылдық елді мекендер саны 1273-ке кеміген. Бұл 7512-ден 6293 ауылға азайғанын көрсетеді. Яғни Қостанай облысында 245, Шығыс Қазақстанда 176, Ақтөбе облысында 123 елді мекен халық тұрмағандықтан есептен шығарылған.

Ал соңғы 10 жыл ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 3,1 есеге ұлғайған. 2012 жылдан 2021 жылға дейін негізгі капиталға салынған инвестициялар 5,8 есеге өскен. Ауылдық жерлердегі өзекті мәселелердің бірі инженерлік және көлік инфрақұрылымының тозуы болып отыр. Мәселен, 43,9 мың километрді құрайтын су құбыры желілерінің 13,9 пайызы ауыстыруды қажет етеді. Өткен жылдың басындағы жағдайға қарайтын болсақ, еліміздегі 50,6 пайыз немесе 32,5 мың километр жергілікті жолдарға күрделі және орта жөндеу қажет болыпты. Жолдарды орта және күрделі жөндеуден өткізу қажеттілігі Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Батыс Қазақстан мен Алматы облыстарында туындаған. Ал Жамбыл облысында бұл жұмыстар өз деңгейінде атқарылып келеді екен.

Ауыл тұрғындарының 7,2 пайызында жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен. 2015-2021 жылдар аралығында мектепке дейінгі мекемелердегі балалар саны 19,2 пайызға өскен. Дегенмен мектепке дейінгі тәрбие ұйымдарына қажеттілік жоғары, республикамыз бойынша 56 мың бала кезекте тұр.

Ауылдық жерлерде өткен жылы үш ауысымда оқытатын 89 мектеп тіркелген, оның ішінде 52 мектеп Алматы облысында орналасқан. Апаттық мектептер мәселесі де шешуді талап етеді. Сонымен қатар ауылдық елді мекендердің 17,5 пайызы денсаулық сақтау нысандарымен қамтамасыз етілмеген. Тұжырымдама жобасында үш негізгі тәсіл анықталған. Атап айтсақ, бірінші, ауылдық аумақтарды дамытуды институционалдық қамтамасыз ету; екінші, инфрақұрылымды дамыту есебінен базалық қызметтер көрсетудегі диспропорцияларды қысқарту; үшінші, АӨК, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы халықтың табыс деңгейін арттыру.

Базалық қызметтер көрсетудегі диспропорцияларды қысқарту мақсатында жыл сайын қаржыландыруды ұлғайта отырып, инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру жалғастырылатын болады. Апатты және үш ауысымды мектептерді жоюға, денсаулық сақтау объектілерін, интернет желісіне кең жолақты қолжетімділікті, орталықтандырылған сумен жабдықтауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ ауылішілік жолдардың жай-күйін жақсартуға бағытталған іс-шаралар көзделген.

Сонымен қатар құқық қорғау органдарының инфрақұрылымын материалдық-техникалық жарақтандыруды дамыту және нығайту, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салудың үлгілік жобасын әзірлеу, интернаттық оқытуды дамыту (оның ішінде шалғайдағы мал шаруашылығы), сонымен бірге ауылдық елді мекендерді пошта байланысы объектілерімен және халыққа қызмет көрсету орталықтарымен қамтамасыз ету іске асыру жоспарланған.

Тұжырымдаманың маңызды бағыты ауыл экономикасын дамыту және ауыл халқының табыс деңгейін арттыру. Жамбыл облысының тәжірибесі бойынша жеңілдетілген несие беру және Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы инвестициялық жобаларды қаржыландыру арқылы ауыл экономикасын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперациясын кеңейту сияқты табысты өңірлік тәжірибелерді жаппай қолдану көзделіп отыр. Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде ауылдық жерлерде жеке тұрғын үй құрылысы үшін игерілмеген жаңа жер учаскелерін таза ауыз су құбырымен, электрмен және газбен жабдықтау желілерін салу қаралған.

Тағы да атап өтетін мәселе, ауыл халқының табыс деңгейін арттыру шеңберінде Ғылыми және кадрлық қамтамасыз ету шараларын, оның ішінде «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде іске асыру жоспарлануда. Сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті ынталандыру мақсатында «Мен кәсіпкер» құралы шеңберінде «Бір ауыл – бір өнім» жобаларын іске асыру, сондай-ақ мемлекеттік гранттар беру және ауыл шаруашылығында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру көзделген.

Тұжырымдама жобасында 2027 жылға қарай негізгі нысаналы индикаторларға қол жеткізу көзделген. Яғни бұл кезеңде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл халқының үлесін 4,5, жұмыссыздық деңгейін 4,7, елді мекендердің 75 пайызын орталықтандырылған таза ауыз сумен қамту жоспарланған. Ал ауылдарды интернетпен қамту 95 пайызға арттырылмақ.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, тұжырымдаманы іске асыру барысында ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыру, ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту және тұрғындардың жайлы өмір сүру ортасын құруға бағытталған жүйелі мәселелер шешімін табады.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

 

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support