- Advertisement -

Тұрғындармен байланыс әлі де төмен

32

- Advertisement -

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте әкімшілік құқықбұзушылыққа жол берген мемлекеттік қызметшілердің тәртібі қаралды. Сондай-ақ жиын барысында мемлекеттік мекемелердің халықпен кері байланыс орнатуы, келіп түскен өтініштерді қарау, қоғамдық қабылдау өткізу мен құқықтық-нормативтік актілерді әзірлеу сынды бірқатар мәселелер бойынша орын алған кемшіліктер де сөз болды. Басқосуда әуелі облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Серік Әлібеков баяндама жасады. Оның айтуынша, былтыр өңірдегі жергілікті атқарушы органдарда қызмет ететін мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзу фактісі 14,3 пайызға жоғарылаған. Нақтылай түссек, өткен жылы 2287 мемлекеттік қызметшінің 546-сы (23,9 пайыз) әкімшілік құқықбұзушылыққа жол берген.

– Талас ауданындағы мемлекеттік қызметшілердің – 43, Жуалыда – 41, Меркі ауданында – 34,5, Мойынқұмда – 33,8, Т.Рысқұлов ауданындағы мемлекеттік қызметшілердің 30,2 пайызы әкімшілік құқық бұзған. Есепті кезеңде облыс бойынша жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсету барысында қызмет көрсетудің 60 мерзім бұзу фактісі тіркелді. Нәтижесінде кемшілікке жол берген 22 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылса, 21 қызметкерге әкімшілік айыппұл салынды. Өткен жылы облыс әкімінің аппаратында 17 769 құжат тіркеліп, оның 12 438-і өз мерзімінде орындалса, қалғаны бақылауда тұр. Атап өтерлігі, Үкімет тарапынан түскен бақылауда тұрған құжаттардың 33-і кейбір салалық басқарма тарапынан белгіленген мерзімнен кеш орындалған. Оның ішінде басым бөлігі облыстық білім басқармасына тиесілі. Аталған басқарма 31 құжатты мерзімінен кешіктіріп орындаған. Сондықтан осы басқарма бұл мәселеге баса назар аударуы қажет деп санаймын. Мемлекет басшысы, ҚР Президенті әкімшілігі, Үкімет тарапынан облысқа қатысты 60 тапсырма беріліп, есепті мерзімде оның 17-сі орындалып, 38-і бақылауда тұр. Өткен жылы облыс әкімінің төрағалығымен барлығы 271 кеңес өтіп, 2481 хаттамалық тапсырма берілген. Аталған тапсырманың 2130-ы орындалып, 257-сі бақылауға алынса, 94 тапсырманың орындалуы белгіленген мерзімнен кешіккен, – деді Серік Айдарұлы.

Айта кетейік, облыс әкімдігінің білім, жер қатынастары, денсаулық сақтау секілді бірқатар басқармалары тарапынан да тиісті тапсырмалар орындалмаған. Ал Тараз қаласы мен аудандарға өткен жылы барлығы 682 хаттамалық тапсырма беріліп, оның 82,5 пайызы шешімін тапса, 48-іне тиісті деңгейде шешім шықпаған. Жалпы, тапсырмаларды тиісті деңгейде орындамау жөнінен Тараз қаласы көш бастап тұр.

Бүгінгі таңда мемлекеттік мекемелердің халықпен кері байланыс орнатуы аса маңызды. Мемлекет басшысының барлық деңгейдегі басшыларға қойған талабы осы. Әйтсе де, кейбір мемлекеттік органдардың азаматтардан келіп түскен өтініштерді сапалы қарауын қадағалап, жедел шаралар қабылдаудың орнына үнсіз қалуды жөн көреді. Жиын барысында Нұржан Молдиярұлы атқарылған жұмыстарды әлеуметтік желілерде көрсете білу маңызды екеніне тоқталып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының әлсіздігін сынға алды. Облыс әкімі басқармалардың жұмысында жүйелілік жоқ екендігіне әрі жұртшылық тарапынан келіп түскен өтініштер мен көтерілген мәселелерге жауап беруде тиісті мекеме басшыларының сылбырлығын сынға алды.

– Біз өткен жылы барлық саладағы мәселелерді талқылап, кемшіліктерді реттеу, жұмыстарды күшейту, жұмысқа деген көзқарасты өзгерту бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеген болатынбыз. Тұрғындармен кездесулерде көтерілген мәселелерге де қатысты тиісті тұлғаларға нақты міндеттер жүктелген. Дегенмен кейбір тапсырмалардың орындалмауының салдарынан нақты нәтижеге қол жеткізе алмай келеміз. Сондай-ақ кері байланыс әлі күнге бір жолға қойылмады. Тұрғындар әлеуметтік желіде мәселе көтерсе, нақты жауап берілмейді. Олардың көшеге шыққанын күтпей, түсіндіру шараларын, атқарылып жатқан жұмыстарды алдын ала көрсету керек, – деді Нұржан Нұржігітов.

Жиын соңында аймақ басшысы жұмысы сылбыр бірқатар жауапты тұлғаларға қатысты тәртіптік шара қолдану үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support