- Advertisement -

Ардақ тұтар ардагер

41

- Advertisement -

Өзінің қарапайым мінезімен, саяси сауаттылығымен, ауданның, облыстың қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, өкшелес інілері мен жастарға үлгі көрсетіп келе жатқан азаматтың бірі – Рахымжан Оспанов. Ол 30 жылдан бері Президент сайлауынан бастап, республикалық, облыстық, аудандық мәжіліс пен мәслихат депутаттарының, референдум сайлауларының ауданда жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілуіне зор үлес қосып келеді. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясында мүше, төрағаның орынбасары, төраға болып та жұмыс істеп, Отан алдындағы борышын адал атқарған жанның бірі.

Қызмет барысында ол Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының құрамында шет мемлекеттерде өткен сайлауларда да бақылаушы болып, ел сенімін талай ақтаған. Соңғы рет Әзірбайжан Республикасында өткен Президент сайлауына бақылаушы болып қатысып, шетелдік әріптестері ортасында өзін жақсы қырынан көрсете білді. Оның осы саяси сауаттылығын жоғары бағалаған Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Рахымжан ағаны өздерінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапаттаған. Тіпті бірнеше рет Президенттің де Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын алған.

–Мен өзіме артылған сенімді тек сайлауларды өткізіп, ұйымдастыруда ғана емес, сайлаудан өзге уақытта да жауапкершілікпен атқаруға бар күш-жігерімді салдым. Қандай жұмыс тапсырылса да оның заң аясында, Конституциямыздың талаптарына сай орындалуын назарымда ұстадым. Қоғам өміріне араласа жүріп, мемлекеттік қызметте де талай жасты тәрбиеледім. Солардың ішінде Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың қабылдауында болып, оның қолынан марапат алып, кейіннен жоғары қызметте өзін жақсы қырынан көрсеткен Мұстафа Бектұрғанов және Нұрлан Еркебаев сынды шәкірттерімді атауыма болады. Қазір зейнетте жүрсем де қоғамдық жұмыстан, сайлау комиссиясының жұмыстарынан ұзап кетпедім. Жастар шақырып, ақыл-кеңестерін сұрап отырады. Соңымыздан ілескен жастарға бар білгенімді үйретуден қашпаймын, – дейді Рахымжан Әбіхайұлы.

Рахымжан Әбіхайұлы Түктібай ауылында 1953 жылы туып-өскен. Мектеп қабырғасынан соң Жамбыл технологиялық институтына түсіп, 1976 жылы инженер-механик мамандығын алып шығады. Институттың жолдамасымен еңбек жолын Петропавл қаласындағы тері комбинатында шебер болып бастайды. Арасында екі жыл азаматтық борышын Ижевск қаласында өтеп, елге оралған соң қызметке орналасып, Жуалы аудандық атқару комитетінде іс жүргізуші, азаматтық қорғаныс штабының бастығы, ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушы болып жұмыс істейді.

Ал 1990 жылдан бастап Жуалы аудандық депутаттар кеңесінің аға референті, аудандық мәслихат хатшысының аға кеңесшісі, аудан әкімінің инспекторы, ұйымдастыру кадр бөлімінің бас маманы, меңгерушісі, көші-қон бөлімінің меңгерушісі, аудан бойынша монополияға қарсы бөлімнің бас маманы, аудан әкімі аппараты жалпы бөлімінің меңгерушісі, ұйымдастыру-кадрлық және мемлекеттік құқық бөлімінің жетекшісі қызметтерін абыроймен атқарады. Соңғы атқарған қызмет орны – аудандық мәслихат аппараты басшысы.

Сол жерден 2016 жылы зейнеткерлікке шығады. Қарап тұрсақ, Рахымжан аға 40 жылға жуық қызмет жолының 30 жылында елімізде өткен барлық сайлау науқанына қатысып, азаматтық танытыпты. Сол үшін де ол Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Құрметті ардагері есебінде тұр.

Аудан тарапынан оған берілген марапаттар да аз емес. 2015 жылы оның ауданға сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, Жуалы ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Бұдан бөлек, Рахымжан Әбіхайұлына Президент Жарлығымен «Қазақстан Республикасы Парламентіне – 10 жыл», Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «ҚР Конституциясына 20 жыл», «ҚР Мәслихатына 20 жыл» секілід мерекелік медальдары тапсырылған. Сондай-ақ облыстың «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары жеке мұрағатында қатталып, жинаулы тұр.

Жұбайы Күлзира Ахметжанова да еңбек адамы. Ауданның білім саласында 40 жыл ұстаздық етіп, зейнетке шыққан. Екеуі төрт ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Олардан 8 немере сүйіп отыр.

– Өмір деген бір керуен. Сол өмір ағысында өз орнымызды тауып, ел үшін, Отанымыз үшін қолдан келгенше жұмыс істеп, қызмет еттік. Еңбектің арқасында жаман болғанымыз жоқ. Елдің саяси оқиғаларына араласып, республикамыздың басшылық құрамымен шет мемлекеттерінде ұйымдастырылған саяси сайлау науқандарына қатысып, шыңдалдық. Үйренгенімізді жастарға үйретіп, тәрбиелеп жатырмыз. Ең бастысы –еңбегіміз ескерусіз емес, – дейді ардагер.

  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support