- Advertisement -

Темір тордағы тағдырлар

96

- Advertisement -

Ішкі істер министрлігі қылмыстық атқару жүйесі комитетінің №58 республикалық мемлекеттік мекемесін ел ішінде «түрме» деп атайды. Бұл да бір мекен. Мұнда да бір-бір үйдің арқасүйері, бір-бір үйдің еркесі, тіпті жалғызы жүр. Бірақ бұл жерде оларды ерке екен, жақсы адам немесе ата-анасының жалғызы деп, ешкім басынан сипай қоймайтыны анық. Бірі кезінде шалықтап жүріп шалыс басса, енді бірі адасып жүріп айыпты болып, өмір өткелінде сүрініп кеткен. Бір-ақ рет! Бітті…

Темір шеңгел. Темір есіктер. Темірдей қатал тәртіп. Тепсе темір үзетін жасында темірмен құрсауланған тағдырлар. Жаурағанда жылытып, жабыққанда жұбата қояр жақындардан жырақ, арқасүйер аға мен ақ сүт берген анадан алыста жүріп, мойнына тағылған айыптың азабын тартады мұндағылар. Жасаған қылмысына қарай бірнеше жыл арқалап кете барған түбіт иек бозбаланың маңдайына алғашқы ауыртпалықтың сызығы осында түсіп, самайын осында қырау шалғанын да бірге көрді. Аялап өсірген анасы о дүниеге аттанғанда, бір уыс топырақ салуға мұршасы келмей, темір торды жағалай жүгірген жігіттің азабы да жан шыдатпас.

Атауынан ат үркетін ортаға атбасын тіреп, абақтының ар жағындағы өмірмен танысуға беттедік.

– Тіршілік тоқтамайды, бұл жердің де өз тынысы бар. Мекемеде 65 қызметкер бар. Түрлі жағдай. Бір адамның қанын мойынға жүктеудің өзі оңай емес. Қызмет барысында төрт адамның өмірін қиғандармен де тілдестік. Өмір тарихымен танысқанда, бірінші ішімдік ішіп отырып, бөтелкелесін өлтірген, одан кейін қашып жүріп, әркімнің үйін паналап, тағы да ішіп, барған үйінде де адам өлтірген. Өзінің айтуынша: «Іше бастағаным ғана есімде. Есімді жисам, қасымда өлі дене жатады. Қалай өлтіріп қойғанымды білмеймін» дейді. Міне, солай төрт адамның өмірін қиған. Тағы бір қынжылатыным, ол осындағы балаларының жолына барлық тапқан-таянғанын төсеп, зейнетақысын тиындап жинап, жазасын өтеп жатқан ұлдарының аузына тосатын ата- анасы. Олар перзентін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, бағып-қағып өсіріп, бейнетінің зейнетін көретін қартайған шағында баласының қателігі үшін көз жасын көл етердей не жазығы бар еді деген ойға қаласың, – дейді мекеме бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Әсет Бектаев.

Мұндағы қызметкерлер үшін айыптының ауыр қылмыс жасағанын естуден ауыр нәрсе жоқ. Түрлі жантүршігерлік қылмысты өз қолымен жасаған жандармен бетпе-бет жұмыс істеудің өзі бір сынақ, естіген жанға бұл да бір жаза іспетті.

Адам кіріп-шыққан сайын құлыптанатын есікті ашып, кіргеніміз сол, көз ілеспес жылдамдықпен қайта жабылды. Құжат тексеріліп, қалта қаралды. Бас киіміңе дейін шешіп көрсетуге міндеттісің. Ары қарай темір тордың ішіндегі тіршілік басталып та кетті.

Жүзі сынық, сұп-сұр жігіт ағасы алдымыздан ақсаңдай басып өте шықты. Ол маған балдағын ғана емес, бүкіл тағдырын сүйретіп бара жатқандай көрінді. Алдымыздан мешіт көрінді. Анадайда маңдайында «Клуб» деген жазуы бар ғимарат менмұндалайды. Мәдениет ошағы. Мерекеде жазасын өтеушілер осында іс-шара өткізіп тұрады. Ал мынау – наубайхана. Мұнда өзбектің Фархад есімді баласы нан пісіреді. Қазақстанға бауырларымен бірге еңбек етуге келген екен.

– Самса пісіріп сататынмын. Бірде не қазақша, не орысша түсінбейтін, Дубайда туып-өскен бойжеткен самса алды. Ымдап түсінісеміз. Ымдап жүріп, ұғыстық. Біз солай үйдегі үлкендердің қарсылығына қарамай отау құрған едік. Бір қыз, бір ұл сүйдім. Отбасымды асырау үшін, таңда шығып, кешке келемін. Бір күні әйелімнің өзге жігітпен көңіл қосып отырған сәтінің үстінен түстім. Үйден шығып кеттім. Алайда жүрегімдегі ашу-ызадан күйзеліске түстім. Балаларыма деген қимастық тағы бар. Солай ең қиын күндерді бастан өткеріп жүріп, бір келіншекпен танысып, бірге тұра бастадық. Сәл-пәл тұман сейілгендей болды. Алайда жүректегі ашу-ыза басылмаған еді. Бірге тұрған келіншектің әпкесі күнде ұрыс шығаратын. Шайпау тілді әйелдің сөздерінен шаршап кетсем керек, мен оны пышақтап тастаппын. Өзім де білмей қалдым. Әкеме менің сотталып кеткенімді бір жарым жылдан кейін бір-ақ естірттік… Енді менің бар арманым Өзбекстанға ауысу ғана. Туған-туыстың барлығы сонда, – дейді Фархад.

Виктор болса әңгімені әріден бастады. Әңгіме айтқанда көңілденіп кетеді екен. Балалық шағын айтып, сол жаққа дәл қазір сапар шеккендей мәз. Үйінде 8 ағайынды екен. Әкесі – қытай, анасы – украин қызы. Өзі үйдің жетінші перзенті. Ауылда өскендіктен, қазақшаға жетік. Ата- анасы жұмыста болған соң, соңынан ілескен қарындасын өзі қарап өсіріпті. Бала күнінде үлкен ағасын үлгі тұтып, қатты жақсы көргенін есіне алды. Кейін ағасы өмірден озғанын айтқанда, жүрегін сағыныш кернеген Виктор көз жасын тыя алмады. Анасы мен әкесі де өмірден озған. Қоштаса алмағанына, жерлеуіне қатыспағанына өксіді…

Жаза басқан сәтімен бөлісті. Көшеде келе жатқанда бір топ жігіт көлігіне мінгізіп алып, тепкінің астына алып, қан жоса етеді. Әлдекіммен шатастырды ма, не болғанын өзі де ұқпапты. Себебін білмек болғанда, басына балға тиеді. Есін жиғанда, басынан балғамен ұрған жігітті өлтіріп қойғанын бір-ақ білген. Бірақ қалай, қайтіп өлтіргенін әлі күнге есіне түсіре алмайды.

Сәлден соң жүзі қайта жадырап, өмірінің бақытты кезеңі жайлы айта бастады.

– Осында жүріп ислам дінін қабылдап, Құдайдан адал жар тіледім. Бірде қарындасым құрбысының номерін берді. Таксофон арқылы сөйлестік. Бір айдан соң «Маған тұрмысқа шық» деп ұсыныс білдірдім. Ол қыз бірден келісе кетті. «Менде саған беретін түк жоқ. Тек ауыр жазаға кесілген 25 жылым ғана бар. Расымен, келісіп тұрсың ба?» деп өзіме-өзім сенбедім. Ол қайтпайтынын айтты. Біз солай отау құрдық. Екі қызым бар. Бүгінде немерелі болдым. Арманым сол немеремді иіскеп, құшып сүйсем ғой. Ешкімнің ала жібін аттамайтын адал азамат етіп тәрбиелесем ғой, – дейді азапты жылдардың азабын тартқан Виктор көздері қайтадан жасқа шыланып. Ол темір есіктен жас жігіт болып кіріп, енді міне қырма сақал жігіт ағасы болып ел қатарына қосылатын күннің туатынына аз қалғанын айтып, шүкір етті.

Мұнда жеке кәсібін дөңгелетіп отырғандар да баршылық. Мекемеде қатаң ұстау жағдайында отырған мыңнан астам азаматтың 49 пайызы жұмыспен қамтылған. Соның 12-сі жеке кәсіпкер. «Еңбек Тараз» кәсіпорнында 50 сотталған азамат қосымша жұмыспен айналысуда. Аяқ киім, тігін цехтары да жұмыс істеп тұр. Жазасын өтеушілер қайырымдылықпен айналысып, бірде балалар үйіне сый-сияпат жіберсе, енді бірде жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетіп тұрады.

Дүние бір қисық жол бұраңдаған.

Бақ тайса ерге дəулет құралмаған.

Күніне тоқсан тоғыз бəле көрсең,

Сонда да күдер үзбе бір Алладан! – деген өлең жолдары осындайда айтылса керек-ті.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support