- Advertisement -

Тиімді саяси реформалар – қоғам жаңғыруының негізгі өзегі

64

- Advertisement -

Қазақстанда 2019 жылдан бастап саяси реформалардың жаңа кезеңі басталғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы төрт жылға жуық уақытта тұрақты түрде саяси үдерістің бәсекелестігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған түрлі бастамалар ұсынып келеді. Оның басым бөлігі елімізде, соның ішінде Жамбыл облысында да табысты жүзеге асырылуда. Бастамалардың басты мақсаты – қоғамдық-саяси тұрақтылық пен ұлттық бірлікті нығайту. Сол арқылы мемлекеттік бағыттың сабақтастығын қамтамасыз етіп, мемлекет пен азаматтар үшін қажетті реформаларды жүргізуге мүмкіндік беру. 2019 жылдан бері Мемлекет басшысы ұсынған реформалардың қай-қайсысы болмасын халық игілігіне бағытталғаны айдан анық. Былтырғы жолдаулар, саяси саладағы өзгерістер, Үкіметке жүктелген тапсырмалар – бәрі де халық үніне құлақ асатын, елге қызмет көрсетуші мемлекет орнықтыру міндетінен туындады. Қаңтар қасіреті кезіндегі тәртіпсіздіктер де елге түбегейлі реформа қажет екенін аңғартты. Содан да болар, өткен жылы Қазақстанның саяси аренасы үлкен сілкіністі бастан өткерді десек, артық айтқандық емес. Мұның бәрі халықтың мемлекетке деген сенімін арттыру мақсатында жасалып жатқан қадам екені сөзсіз.

Жалпы елдегі саяси болсын, экономикалық болсын реформалардың барлығы мемлекеттің дамуына, азаматтардың конституциялық құқықтарын күшейтуге, қоғамдағы азаматтық белсенділіктің қалыптасуына, адами капиталды арттыруға, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, түптеп келгенде қазақстандықтардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатыр. Мәселен, өткен жылы ел азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен Ата заңға бірқатар өзгерту енгізілді. Жай енгізіліп қана қоймай, Конституцияға енгізілетін өзгерістер халықтың талқысына ұсынылып, кейіннен референдум арқылы қабылданды.

Бұл – Қазақстанның саяси аренасындағы айтулы оқиғалардың бірі болғаны сөзсіз. Елімізде референдум соңғы рет 1995 жылы өтіп, сол кезде қолданыстағы Конституция бекітілген болатын.

Сонымен былтырғы референдумның нәтижесінде Конституциямызға енген негізгі өзгерістерді санамалап көрейік. Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті. Мемлекет басшысы 16 наурыздағы Жолдауында бұған дейін елімізде суперпрезиденттік басқару формасы қалыптасқанын атап өтіп, бұдан былай Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгертіп, Парламенттің рөлін күшейту қажеттігін айтқан еді. Осылайша, еліміз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алды.

Сонымен қатар Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынған болатын. Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес бүгінде Мемлекет басшысы ешқандай партияға мүше емес. Мұндай норманың енгізілуі саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайтыны анық.

Тағы бір тоқталатын мәселе, енді қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында елімізде Конституциялық сот құруды ұсынған еді. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болғаны сөзсіз. Сондай- ақ бұл институционалдық тұрғыдан тепе- теңдікті сақтауға ықпал етіп, азаматтардың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түспек. Конституциялық сот биыл 1 қаңтардан бастап өз қызметін бастады.

Қоғам жаңғыруының негізгі өзегі – тиімді жүргізілген саяси реформалар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын көпшілік назарына ұсынған болатын. Қоғамның қажеттілігі мен сұранысына негізделген құжат мемлекеттік маңызды міндеттерді қамтыды. Оның ауқымы кең, жан-жақты әрі нақты болды. Бағдарламада Президент сайлау жүйесін өзгерту, саяси партияларды тіркеу рәсімін жеңілдету секілді басым бағыттар көзделді. Сарапшылардың пайымдауынша, соңғы жылдары Қазақстанда азаматтық қоғамның белсенділігі айтарлықтай төмендеген.

Көпшілік қауым мемлекеттік мәселелерден, саяси шешімдер қабылдаудан тысқары қалған. Бұл өз кезегінде көптеген мәселелердің туындауына себепкер болуда. Осы ретте Президенттің бағдарламасы қоғамды дәйекті түрде демократияландыруға септігін тигізбек.

Мемлекет басшысы саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру екендігін атап өтті. Бұл бастама сайлау арқылы жүзеге асырылмақ. Жалпы, Президенттің осы бағыттағы дәйекті әрі кешенді саясатының бастауы ауыл әкімдерін сайлау тәртібімен тағайындаудан басталды. 2021 жылғы 25 шілдеде еліміздегі 700-ден астам ауылдық округте сайлау өтті. Тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл саяси науқан жүзеге асырылып жатқан саяси реформаларға тың серпін беріп, тұрғындарды ел басқару және шешім қабылдау үдерісіне тартуға жол ашты. Бұл мемлекеттік басқару ісіне көпшілік қауымның араласуын арттырып, халықтың билікке деген сенімін нығайтуда. Сонымен қатар ел халқының 40 пайыздан астамы тұратын ауылды жерлердің мәселелерін билік пен халықтың бірлесе шешуіне жол ашылды.

Саяси реформалардың тыңғылықты түрде жүргізіліп жатқанының тағы бір мысалы ретінде сайлау тізіміне әйелдер мен жастар үшін квота енгізу жөніндегі бастаманы атап өтуге болады. 2019 жылы желтоқсанда Президент партиялардың сайлау тізімінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота қарастыруды ұсынған болатын. Осыған орай заңнамаға тиісті түзетулер енгізілді. 2020 жылы күзде саяси партиялар Парламенттің кезекті сайлауына қатысу үшін өздерінің тізімдерін әйелдер мен жастарға арналған квотаны ескере отырып жасады.

Екіншіден, мемлекеттің институционалдық тұтастығын бекемдеп, саяси үдерістің ашықтығын барынша қамтамасыз ету үшін ендігі жерде Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталады. Сонымен қатар аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізілді. Бұл қадамдар халықтың сайлау науқанына деген қызығушылығын арттыруға септеспек.

Сенаттағы президенттік квота қысқарды, Мәжілісте Қазақстан халқы ассамблеясының депутаттары болмайды. Мемлекет басшысы Сенатты жасақтау тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қарады. Бұған дейін жоғарғы палата 49 депутаттан, яғни әр өңірден екі сенатор сайланып, 15 сенаторды Президент тағайындайтын. Тоқаев мұндай құрылым аймақтардың ерекшелігін ескеруге, заң шығару үдерісіне Мемлекет басшысының тікелей ықпал етуіне мүмкіндік бергенін, алайда қазір оны өзгерту керегін айтты.

Оның сөзінше, Президенттің Сенаттағы квотасын бақылаудың құралы емес, керісінше, Парламентте өкілдері аз әлеуметтік топтардың ой-пікірін ескеретін тетік ретінде қарастыру керек. Осыған байланысты, Президенттің Сенаттағы квотасы 15-тен 10 депутатқа дейін азайтылды, оның бесеуін Қазақстан халқы ассамблеясы ұсынады. Сонымен бірге Қазақстан халқы ассамблеясының Мәжілістегі квотасы жойылды. Бұл квота Сенатқа ауысты және ол 9-дан 5 депутатқа дейін кеміді. Бұл түрлі этностық топтарға мандат беріп, олардың үні жоғарғы палатада естілуіне жол ашады.

Мемлекет басшысының өткен жылғы басты реформаларының бірі ретінде үш жаңа облыстың құрылуын айтуға болады. Жалпы ел экономикасының қарқынды дамуы үшін барлық аймақ бірдей дамуы тиіс. Сондықтан да Мемлекет басшысы өз Жолдауында үш жаңа облыс құруды ұсынды. Жаңа облыстардың құрылуы – көптің көкейінде жүрген мәселелердің бірі еді. Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында үш жаңа облыс, атап айтқанда Семей өңірінде – Абай облысы, Жезқазған өңірінде – Ұлытау облысы, Алматы облысы өңірінде – Жетісу облысы құрылды. Бұрынғы Алматы облысында халық санының көбеюіне байланысты өңір екіге бөлінді. Осылайша, Алматы облысының орталығы – Қонаев, Жетісу облысының орталығы – Талдырқорған болды.

Елді елең еткізген тағы бір жағымды жаңалық – Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының іске қосылғаны болды. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2022 жыл – Балалар жылы болып бекітілген еді. Балалар жылы аясында Президент қыркүйектегі Жолдауында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғарыда аталған бастамалары еліміздің саяси жүйесін ғана емес, әр саласына, әсіресе халықтың әлеуметтік жағдайына, тұрмыс салтына, азаматтық қоғамның қалыптасуына оң әсер етері сөзсіз.

Президент ұсынған сайлау арқылы саяси бәсекелестікті дамыту, көп партиялы жүйені қалыптастыру, сайлау үдерісін жандандыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру – саяси жаңғырудың басты тетігі әрі өзегі. Бұл бастамалардың барлығы Президенттің саяси жаңашылдықтарды енгізуге және өзгерістерді жалғастыруға, саяси жүйенің ашықтығын қамтамасыз етуге және пікір алуандығын дамытуға бағытталған стратегиялық бағдарының мығым екендігін айғақтайды.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support