- Advertisement -

Сылтау айтқан әкімдер сынға қалды

218

- Advertisement -

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров Байзақ және Жамбыл аудандарының активімен кездесіп, қос ауданның даму жоспарын жеке-жеке талқылады.

Нұржан Календеров алдымен Байзақ ауданының активімен кездесу өткізді. Аудан әкімі Бақыт Қазанбасов аймақта өткен жылы атқарылған жұмыс барысымен таныстырып, ағымдағы жылдың даму жоспары туралы баяндады.

Оның айтуынша, ауданда былтыр өнеркәсіп кәсіпорындарымен 7 миллиард 233,5 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 64 миллиард 724,9 миллион, ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар 8 миллиард 350,2 миллион теңгені құраған. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында ауданда жалпы құны 2621,4 миллион теңгені құрайтын 243 жоба қаржыландырылған.

Қазақстан Республикасының «2020- 2025 жылдарға арналған индустриалды- инновациялық даму» бағдарламасы аясында ауданда 58,4 миллиард теңгені құрайтын 9 жоба индустриалды картаға енгізіліп, 2021 жылы 6,3 миллиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба іске асқан. Олар – «Алель Агро» АҚ Көктал құс фабрикасы, «Kazstonebox» ЖШС, «GrandFoods Premium» АӨК, «Жабатаева Л.К» мен «Мухиев Е» жеке кәсіпкерлігі.

Өткен жылы ауданда негізгі капиталға салынған инвестициялар 30 миллиард 503,6 миллион, есепті кезеңде бөлшек сауда айналымы 18 миллиард 927 миллион теңгені құраған. Былтыр аудандық маңызы бар жолдардың қанағаттанарлық жағдайы – 96, елді мекен көшелерінің жағдайы 92,3 пайызға жеткізілген. Аудандағы 43 елді мекен толықтай көгілдір отынға қосылған. Ал 30-ы таза ауыз сумен қамтылған. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жалпы құны 2 миллиард 113,7 миллион теңгені құрайтын 20 жоба жүзеге асырылған.

Баяндамашы сонымен қатар ауданда атқарылатын басқа да жобалар мен бағдарламаларға тоқталып өтті.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров баяндамада айтылған мәселелерді талдай келіп, «Өткен жылы атқарылған біраз жұмыс айтылды. Бірақ өкінішке қарай, орындалмаған біраз мәселе бар. Мәселен, бюджет қаржысы 99,2 пайызға игерілген. Игерілмей қалған қаржы 189 миллион теңгені құрайды. «Мердігер келмеді» деген сияқты сылтау айттыңыздар. Дегенмен өкінішке қарай, бұл қаржы игерілмей отыр», деп атап өтті.

Бұдан кейін өңір басшысының бірінші орынбасары аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің жұмысына тоқталды. «Бұл бөлімде де атқарылмаған жұмыстар бар екен. Мәселен, ауданда 1207 кәсіпкерлік субъектісі өз жұмысын тоқтатқан. «Неге?» деген сұрақ туады. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында өткен жылы бірде-бір жоба іске асырылмаған. Осыдан-ақ бұл жерде ешқандай жұмыстың атқарылмағанын, жұмыстың жоқтығын көріп отырмыз, – деді Нұржан Календеров.

Аталған бөлім басшысы қойылған сұрақтарға жауап беруге тырысты. Дегенмен облыс әкімінің бірінші орынбасары бөлім жұмысын жандандыруды тапсырды.

– Біздің тарапымыздан облыс бойынша ауылдық округ әкімдерінің жұмысына жүргізген талдау барысында олардың бірқатарының облыстың 2025 жылға дейінгі даму жоспарының қанша бағыттан тұратынын білмейтіні белгілі болды. Мұны айтып отырғандағы себебім, яғни облыстың даму жоспарында көзделген жобалар Байзақ ауданындағы кейбір ауылдық округтерде орындалмаған. Атап айтсам, аудандағы 18 ауылдық округтің 10-ында бірде-бір жоба іске асырылмаған. Қайталап айтамын, мемлекет тарапынан қабылданып жатқан, біздің даму жоспарымызда көзделген барлық бағдарламалар мен жобалардың мақсаты – халықты жұмыспен қамту, – деді Нұржан Календеров.

Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Сарыкемер және Ботамойнақ ауылдық округтері әкімдерінің атқарып жатқан жұмысымен де танысты. Олар өз округтерінде атқарылған жұмысын рет-ретімен баян етті. Дегенмен бұл елді мекендерде де бірқатар жобалардың жүзеге аспағаны белгілі болды. «Жоспарды өздеріңіз жасайсыздар да орындамайсыздар. Соны жасайтын, жоспарлайтын, мерзімін көрсететін де өздеріңізсіздер. Жоспар жайдан-жай жасалмайды. Оны жасарда мүмкіндіктеріңізді қарау керек еді. Қалай десек те, біз алға қойған межені орындауға тиіспіз», деді Нұржан Сәбитұлы.

Сонымен бірге жиында Байзақ ауданы әкімінің орынбасарлары Дәуір Дәулетов, Болат Сағынбеков өз салалары бойынша баяндады. Ауданда жайылым, каналдар бойынша да мәселе бар екен. Нұржан Календеров аудан әкімінің орынбасарларына бұл жұмысты бақылауға алуды тапсырды.

Жиын қорытындысында Нұржан Календеров жүйелі жұмыс, қойылған тапсырмаларды орындау мемлекеттік қызметкерлердің міндеті екенін айта отырып, актив отырысын қорытындылады.

***

Бұдан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров Жамбыл ауданының активімен кездесті. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы ауданда өткен жылы атқарылған жұмыс пен биылғы даму жоспары аясында атқарылатын жұмыстарды баяндады.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында 2025 жылға дейін құны 30,8 миллиард теңгені құрайтын 115 жобаны іске асыру жоспарланған. Осы жобаларды іске асыру барысында 793 жұмыс орнын құру көзделген, яғни оның 267-сі ауыл шаруашылығы, 526-сы өнеркәсіп саласына тиесілі болмақ.

Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін дамыту аясында 8 бағытта 58 жоба жүзеге асқан. Оның 6-ауы өткен жылы іске асырылған. Бұдан бөлек, 46 жылыжай кешені салынбақ. Осы бағыттарды жүзеге асырудың нәтижесінде еңбек өнімділігі 2,7 пайызға, 1,6 миллион теңгеден 4,3 миллион теңгеге дейін, ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 10 пайызға артпақ.

Өнеркәсіп саласын дамыту 6 бағытта 57 жоба бойынша жүзеге асады деп межеленген. Оның 24-і өткен жылы іске асырылған. Өңдеу өнеркәсібімен 19 кәсіпорын айналысса, оның 8-і былтыр іске асқан. Ендігі кезекте 29 шағын жобаны іске асыру жоспарланған. Жоспар аясында бюджет қаражаты есебінен 2025 жылға дейін 767 жұмыс орнын құруды көздейтін, құны 34 миллиард теңгені құрайтын 151 жоба іске асырылатын болады.

Нұржан Календеров жұмыс барысында орын алған кемшіліктердің барын айта келіп, «Ауданда қаржының игерілуі 98,8 пайызды құрап, 307 миллион теңге игерілмей қалған. Неге бұл қаржы игерілмей қалды?» деп сұрады. Сондай-ақ ауданға тартылған инвестиция да 34,3 пайызға төмендеп кеткен. Мұны аудан басшылығы өткен жылы инвесторлардың ауданға аз тартылуымен байланысты екенін айтып ақталды. Бұдан бөлек, ауданда кәсіпкерлігін тоқтатқан субъектілер де аз болмай шықты.

Бірнеше ауылдық округтің әкімін тұрғызып, қандай жобаларды жүзеге асырғалы отырғанын сұрады. Өкінішке қарай, кейбір ауыл әкімдері мандыртып жауап бере алмады. Олардың бірі «Ойда бар, биыл болады» деп құтылмақ болса, Қаратөбе ауылдық округінің әкімі жоспарда жоқ жобаларды айтып, мүдіріп қалды. Өз жұмысы бойынша нақты жауап берген округ әкімдері де болды.

Нұржан Календеров жастарды жұмыспен қамту мәселесіне басымдық бере отырып, ол сауалды тұрғызған әрбір округ әкіміне қойған еді. Бұл сұраққа Болатқосшы ауылдық округінің әкімі Ержан Данаев қана толыққанды жауап бере алды. Ол өз кезегінде өзге де сұрақтарға тұшымды жауап беріп, аймақ басшысының бірінші орынбасарынан мақтау сөз естіді. Ал «Жұмыссыздыққа байланысты не мәселе бар?» деген сұраққа аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Асқар Жанқоразов «Ауданда жұмыс орындары көптеп ашылып, жастар жұмысқа көбірек тартылса» деген ұсынысын айтты.

Сонымен қатар жиында өнеркәсіп, «Асар», «Мейірім» және «Жомарт түлек» жобалары аясында атқарылған жұмыстар да сөз болды. Жайылым, ағын су сынды басқа да мәселелер қаралып, оларды бақылауда ұстау аудан басшылығына тапсырылды.

Жиын қорытындысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров аудан активіне тиісті тапсырмалар мен міндеттерді талапқа сай орындауды тапсырды.

 

 Марат ҚҰЛИБАЕВ

Байзақ, Жамбыл аудандары

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support