- Advertisement -

Тіршілік тынысы

56

- Advertisement -

Қазақылықтың да, шешендік пен тапқырлықтың да тұнық қайнары ауылда. Біз оқырмандарды «Ауылдың айтқыштары» айдарымен қайта қауыштырғанды жөн санап отырмыз. Себебі айтқыштардың барлығы ауылда, сөздің құнары да алыс елді мекендерде жатыр. Бүгінгі әзілдерді Талас ауданы, Ойық ауылында өмір сүрген, кезінде озат жылқышы болған марқұм Оралхан Бейбітовтен бастағанды жөн көрдік.

Өлейін деп тұрғаны да бәле

Кеңшардағы қой қырқынның кезі екен. Бүкіл малшылар сол жерге жиналады. Оралхан Бейбітовтің елі – қызылғұрт, қайынжұрты – сәтек екен. Сондықтан да сәтектермен әзілдеседі. Сәтек Балтабай деген малшы ұзын бойлы, арық кісі болыпты. Табиғатынан көп сөйлемейтін жуас жігіт. Басқа қайнылары Оралханды ортаға алып, әр нәрсені айтып әзілдей берсе керек. Сонда момын малшы Балтабай да «Оралхан, осы ойыныңды қашан қоясың? Тыныш жүрсең болмай ма?» деп бірдеңені айтып, сөйлеп қалыпты. Сонда Оралхан атамыз: «Сәтектің өлейін деп тұрғанына дейін бәле», – деп жуас Балтабайды сөйлетпей тастаған екен.

Мені сақтап қалған «столба»

Сәтек ауылынан да шыққан шопыр жігіттер көп. Олардың бәрі Орекеңді жездесініп, машинамен қуалап, қалжыңдасуға шебер екен. Оралхан қария «столбаға» (электр бағанасы) сүйеніп, әрең құтылады екен ондайда. Сондай сәттерде Орекең: «Үкіметтен айналайын, осы электр бағаналарын соққан. «Столбаларды» мен өлмесін деп соққан екен», деп әзілдейтін көрінеді.

Ділдәбайдан құтылар күн бар ма?

Орекеңнің бір қайнысы – Ділдәбай. Ділдекең ұзақ жыл малшы болған, аңшылығы бар саятшы адам. Қай кезде де астынан аты, иығынан мылтығы түспейтін мерген. Бір жолы Оралхан жездесі алдынан кездесе кетеді ғой. Содан ауылдың орталығы Ойықтан үш шақырым жердегі Көктөбеге дейін Орекеңді жаяу діңкелетіп алдына салып айдап келеді. Өзі аттың үстінде. Қит етсе екі аяғының арасынан бытыра салынған оқты атып, зәресін ұшырады екен. Оралхан қария бұған да шыдап жүреді. Осындай жағдай екі-үш рет қайталанса керек. Сонда ығыры шыққан Оралхан қария: «Осы жындыға мылтық ұстатып жүрген кім? Ділдәбай бәледен құтылар күн бар ма екен?» деген екен.

Қай келінімнің жоқтауы жақсы?

Оралхан қария зейнетке шыққаннан кейін, орталықтағы үйіне келіп қоныстанады. Қолы бос, іші пысады. Өзі әзілге жақын адам. Үш келіні бар екен. Содан үш келінін де шақырып, қатар отырғызып қойып: «Осы мен қай келінімнің қолында болғаным дұрыс? Ол үшін сендерге бір шартым бар. Сол шартты қай келін жақсы орындаса, сол келіннің қолына барып тұрамын. Зейнетақымның қызығын да сол келін көреді. Шартым былай. Мен өлгенде қай келін қалай жылап мені жоқтайды, соны тірі кезімде естігім келеді», дейді. Үш келін әуелі сәл абдырап қалғанмен, естерін тез жинап, жоқтау айтуға кіріседі. Оралхан атаға Жамал деген баласының үйіндегі Сұлу деген келіннің жоқтауы ұнап, сол келіннің қолында бақилық болғанша қалған екен. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деп бекер айтылмаса керек. Ойынпаз Оралхан атамыз да: «Ойпырм-ай, қалай-қалай жоқтайды, ә. Мұндай жоқтауды естігенде ана жаққа алаңсыз кете салғың келеді екен», деп көршілерін күлдіріп отырады екен.

 

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы.

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support