- Advertisement -

Париж төрінде жұлдызымыз жана ма?

102

- Advertisement -

Барша спортшылар қатысуды армандайтын ең маңызды жарыс – жазғы Олимпиада ойындары. Бұл әлем назарын өзіне аударатын сайыс төрт жыл сайын өтуімен де ерекше. Төртжылдықтың келесі басты додасына да бір жылдан астам уақыт қана қалды. Біздің өңірде де Париж – 2024 XXXІІІ жазғы Олимпиада және XVIІ жазғы Паралимпиада ойындарына лицензия алуға үміткер бірқатар спортшылардың тізімі белгілі болды. Осы үміткерлікті анық қатысатындар санатына айналдыру да – үлкен күш.

Сонымен, Олимпиадада облысымыздың намысын қорғауға лайықты деген спортшылардың тізімі боксшы Асланбек Шымбергеновтен басталыпты. Дұрыс-ақ. Жамбылдық жанкүйерлердің Асланбектен үміт күтіп жүргеніне талай жылдың жүзі болды. Бірақ елімізде бұл салмақта бірінші нөмірлі боксшы Абылайхан Жүсіпов болып, алдын орап келді. Десек те Асланбек Әскерилер арасында екі дүркін Әлем чемпионы (2015-2017),«Астана-Арланс» сапында бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) екі дүркін Әлем чемпионы (2015-2017), жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері (Джакарта, Паленбанг-2018), Азия чемпионы (Амман-2022). Былтырғы ересектер арасындағы Әлем чемпионатында ширек финалда сүрінгені бар. Сол жолы украиналық жас боксшыдан жеңіле де қоймаған еді. Тең дәрежеде өткен ойында жеңіс қарсыласына берілген. Сол украиндық боксшы Әлем чемпионы болып, шаршы алаңға бекерге шықпағанын дәлелдеп берген болатын. Асланбек те бабында екенін танытып, былтыр ғана Азия чемпионы атанды. Бокстан ересектер арасында сары құрлықта алтыннан алқа тағу да – жоғары жетістік. Мұндай атаққа соңғы рет біздің облыстан 2015 жылы Олжас Сәттібаев қол жеткізген болатын. Арада жеті жыл өткенде Асланбек алтын тұғырды бағындырды. Алдағы мамыр айында Ташкент қаласында бокстан ересектер арасында Әлем чемпионаты өтеді. Біз Асланбектен осы жаһандық жарыста бір медаль күтеміз. Алтыннан алқа тағынып жатса, қуанышымыз мол болар еді. Олимпиада өтетін жылы Асланбек 31 жаста болады. Бұл жаста дайындығы жоғары болса, біраз жетістікке жетуге мүмкіндік бар. Біз былтырғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов те осы Әлем чемпионатында жасындай жарқылдаса дейміз.

Париж Олимпиадасында өнер көрсетуге үміткер спортшылардың бірі – дзюдошы Елдос Сметов. Елдос – 2015 жылғы Әлем чемпионы. Жалпы, жанкүйерлер жақсы білетіндей, 2016 жылғы Рио де Жанейро Олимпиадасының күміс жүлдегері, 2021 жылғы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері. Елдос Бақтыбайұлы егер сәтін салса, Париж Олимпиадасына 32 жасында қатысқалы отыр. Бабы келіссе, мұндай жаста да жеңіске жетіп жүргендер аз емес. Елдос Париждегі төртжылдық бәсекеден жүлдемен оралса, қатарынан үш Олимпиадаға қатысып, жүлдегер атанған еліміздегі сирек спортшылардың қатарына кіреді. Елдоста Олимпиаданың күмісі мен қоласы бар. Париж төрінде сол жүлделер алтынға айналып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Ол енді уақыттың еншісінде.

Париж Олимпиадасына қатысуы ықтимал спортшылар арасында дзюдодан Азия чемпионы Данияр Шамшаев, еркін күрестен Азия чемпионатының күміс жүлдегері Рахат Қалжан, грек-рим күресінен Азия чемпионы Сұлтан Әсетұлы, грек-рим күресінен Әлем чемпионатының қола жүлдегері Дінмұхамед Оралұлы Қошқар бар. Қазіргі бессайыстан Азия чемпионы Темірлан Әбдірайымовты, таэквандодан Бүкіләлемдік гимназияданың жеңімпазы Азиза Қаражанованы да төртжылдықтың басты бәсекесінде көргіміз келеді.

Биыл күзде өтетін Азия ойындары аталған спортшылардың бабы мен бағын сараптауда басты сайыстың бірі болатыны анық.

Паралимпиада жолдамасынан да біраз жерлестеріміз үміткер. Олардың көшін таэквандодан екі дүркін Әлем чемпионы Нышан Өмірәлі бастап тұр. Пауэрлифтингтен жастар арасында екі дүркін Әлем Кубогының иегері, Панамерика ойындарының жеңімпазы, Ашық Еуропа чемпионатының қола жүлдегері Ерболат Кәрібайдың, жүзуден үш дүркін еліміздің чемпионы Ғалымжан Балабектің де мүмкіндігі бар. Жеңіл атлетикадан Әлемдік Гран-При сериясының жеңімпазы, Әлемдік Гран-При сериясының қола жүлдегері Салтанат Әбілқасымқызынан да үлкен үміт күтеміз. Жүзуден XV жазғы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы, XVI жазғы Паралимпиада ойындарының қатысушысы, IWAS Дүниежүзілік ойындарының күміс жүлдегері Зульфия Габидуллинаға да әлі жақсы мүмкіндік бар.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов былтырғы жылдың қорытынды жиынында Париж Олимпиадасынан жамбылдық спортшылар жүлде алуы керектігін, оған барлық қолдаулар көрсететінін айтты. Егер тұрақты қолдау болса біздің бірқатар спортшыларымыз намысты қолдан бермейтіні анық. Сонымен, Париж төрінде жұлдызымыз жанса дейміз. Ол үшін дайындық қазірден басталуы тиіс.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support