- Advertisement -

Қарттарға қамқорлық жасайтындар көп

131

- Advertisement -

Облыс әкімдігі еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты No2 арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының қараусыз қалған қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық жасаудағы еңбегі орасан.

Аталған орталықта 124 қызмет алушы бар. Оның отыз пайызына жуығы жасы келген, өздігінен жүріп тұра алмайтын жасы ұлғайған қарттар. Мұнда мүмкіндігі шектеулі, арбаға таңылған кісілер де қызмет алады.

Орталыққа қол ұшын созатын қайырымды жандар аз емес екен. Мәселен, Оразкүл Тастемірова басқаратын «Қызыл ай» қайырымдылық қоғамы бірнеше шаштараз бен маникюр жасайтын мамандарды апарып, орталықтағы қариялардың шашын тегін алдыртып, әжелердіңшашынсәндепберіпті. Мұның үлкен қайырымдылық іс екені анық.

Ал Алмаз Әлібеков есімді жеке кәсіпкер қарттардың қажеттілігінен қаражатын аяған емес. Қызмет алушылардың бөлмесіне үлкен теледидарды тегін орнатып беріпті. Тәуірбек Қарауылов есімді тағы бір кәсіпкер бұл орталыққа үнемі қаржылай көмегін беруден еш тартынған емес.

Мұндағы қарттардың да оларға алғыстан басқа айтарлары жоқ. «Осындай қолы ашық азаматтар көп болсын», деп үнемі баталарын беріп, тілеулес болып отырады. Елдің алдында жүрген кәсіпкер азаматтар үшін батадан артық не бар?

Қайырымдылық жасауда түрлі саяси партиялар мен қозғалыстардың да жұмысы белсенді. Олар да қайырымдылық іс-шарасын алғашқы орынға қояды. Мәселен, «Ақ жол» қоғамдық-саяси партиясы да игі істерден қалыс қалған емес.

Олар аталған орталыққа 250 дана кітап тарту етіпті. Оның ішінде әдеби-көркем туындылар да жеткілікті. Бұл асыл қазына кітап қарттардың рухани серігіне айналып, ардагерлерге үлкен қуаныш сыйлайтыны рас. «Ақ жол» партиясының қайырымдылық көмегі әрине мұнымен шектеліп қалмайтыны анық. Алдағы уақытта жалғасын таба береді.

Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншілері Бақыт Шағырбаев, Гүлшат Тінәсілова, Оңал Азаматова, Мадина Сағымбекова, Айгүл Мақашева да орталыққа үнемі тегін концерт қойып, қарттардың көңілін көтеруден жалыққан емес. Ал Мәлік Ақүрпеков басқаратын Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының ұжымы да түрлі қойылымдарымен қарттарға тегін өнер ұсынып, үлкендердің батасын алып жүр.

Міне, осындай қайырымдылық істер әрбір жүректерге ізгілік сыйлап, жанды жадырататыны анық. Қайырымдылықтың жалғасқаны, ізгілік мұраттың бойымыздан да, ойымыздан да кетпегені қандай жақсы.

– Біздің орталық – үлкен мекемелердің бірі. Мұнда 120 адам еңбек етеді. Жоғарыда айтылғандай, 124 қызмет алушы бар. Оның ішінде жағдайы өте ауырлары, орташалары және жақсы мүмкіндікке ие азаматтар да бар. Оның барлығын күнделікті назарға алып, бақылап
отырамыз. Демеушілердің көмегі бізге ауадай қажет. Қарттарға мемлекет тарапынан да жасалып жатқан қамқорлық аз емес. Күніне 4 мезгіл ас береміз. Басқа да барлық қажеттіліктерімен қамтамасыз етеміз. Ал қайырымды азаматтар жасаған қолдаудың барлығы қарттарға тиесілі. Тағдырдың қатал сынағында қалған қарттардың қабағы ашылып, көңілденіп, жадыраған сәтін көру – бір қуаныш. Сондықтан қайырымдылық жасаған барлық азаматтарға ұжымның атынан шынайы алғысымызды айтамыз. Елімізде қайырымды, жомарт, кең пейілді азаматтар көбейе берсін.Қарт кісілер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға мейірімін төгетін балалар мен келіндер, ата-аналар көбейсе екен. Қамкөңіл жандардың жүрегіне үңілу – әр жүректі жібітетіні анық. Басшы ретінде қызметкерлерден жылылық пен сыпайылықты талап етіп отырамын. Оның өзі қарттарға құрмет пен қайырымдылықтың нышаны екені рас, – дейді орталық директоры Балабек Нарбаев.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support