- Advertisement -

Талантқа толы маңайы – оқушылар сарайы

56

- Advertisement -

Бар жақсылықтың балаларға жасалғаны жақсы. Баланың қабілетін жан-жақты ашуға жасалған қамқорлық – болашаққа салынған инвестиция. Оны, әсіресе шулықтар жақсы түсініп отыр. Бұған Балалар жылына орай аудан әкімі Сәкен Арубаевтың қатысуымен ашылған «Оқушылар сарайы» дәлел. Бұл мекеме облыстағы қосымша білім беретін санаулы ірі ұйымдардың бірі.

Оқушылар сарайын білікті ұстаз Нағима Райқұлова басқарады. Ол осы кезге дейін білім саласында еңбек етіп, мол тәжірибе жинаған. Бұл жерде бірнеше біліктілігі жоғары, майталман мамандар еңбек етеді. «Көркем сурет» үйірмесінің жетекшісі Бауыржан Шілдебайұлы, «Шахмат» үйірмесінің бапкері Нариман Бегалиев – жұмысының нағыз мамандары. «ІТ-технология» үйірмесінің жетекшісі Қанат Майшекеев пен «Хореография» үйірмесінің жетекшісі Айгүл Алмахашеваның да балаларға үйретері өте көп. Олардың және өзге де мамандардың еңбектері бағалауға тұрарлық. Осындай жанашырлық пен қолдау болған жерде жақсы нәтиженің де болуы заңдылық. Ондай жетістік аталған мекеме шәкірттерінде де жоқ емес.

Мәселен, «Айжұлдыз» бишілер тобы оқушылар арасында өткен облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегерлері. «Бокс» үйірмесіне қатысушы Бекнұр Тоқтар облыс, республика көлемінде жақсы табыстарға қол жеткізіп жүр. «Жас тілші» үйірмесінің үйренушісі Лаура Рахымбай қабілетімен көрініп, ерекше көзге түсіп отыр. Аталған мектептен жүздеген балалар шыңдалып, болашақ үшін тер төгуде. Алдағы жылы қол жеткізетін табыстар мұнан да мол болуы тиіс.

Қазір мұнда 1500 оқушы қосымша білім, өнер және спорттағы мүмкіндіктерін дамытумен шұғылданып отыр. Оларға қабілеттеріне қарай 73 үйірме қызмет етеді. Атап айтқанда, олар көркем-эстетикалық, ұлттық қолтаңбалы, экологиялық-туристік, ІТ-технология, әскери -спорттық бағыттармен қамтылған.

Сондай-ақ 250 көрерменге арналған мәжіліс залы бар. Мұнда баланың бойындағы бар өнерін дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Аталған өнер, спорт, шығармашылық бағыттар бойынша түрлі байқаулар өткізіліп, балалардың мүмкіндігіне жол ашылуда.

Мұнда еңбек етіп жатқан білікті мамандардың бірқатарын атап өткеніміз артық болмас. Мәселен, «Тағылым» сұхбат студиясы және «Жас тілші» үйірмесін журналист Балнұр Жексенбекқызы басқарады. «Тағылым» студиясында талантты балалар түрлі танымал, Шу өңіріне қадірлі кісілермен 17 сұхбат өткізіп, Facebook, You Tube желілері арқылы көпшілікке таратып отыр. «Жас тілші» үйірмесінен жазу-сызуға икемі бар жатқан талапты оқушылар да аз емес.

«Оқушылар сарайын» ашып берген, қолдаған азаматтарға алғысымыз шексіз. Мұнда келген барлық баланың бағы жанып, өзінің армандаған мақсат, жетістіктеріне жетуіне мүмкіндік бар. Біздің білікті мамандарымыз және ұстаздарымыз осынау ізгі мақсат жолында уақытпен санаспай тер төгіп келеді, – дейді мекеме директоры Нағима Райқұлова.

 

Есет ДОСАЛЫ

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support