- Advertisement -

Қатерден қорғануда қырағылық қажет

196

- Advertisement -

Қылышын сүйретіп қыс келгенде, табиғат тосын мінез көрсетуі бек мүмкін. Боратып жауған қар қатып, жол біткенді мұз құрсаулайтыны тағы бар. Мұндайда қатердің алдын алатын аса сақтық қажет-ақ. Суықтан қорғанып, от жаққанда немесе көгілдір газбен үйді жылытқанда да өрт пен газдан уланудан барынша сақтанған абзал. Мұндайда оқыс оқиға орын алса, құтқаруға алғашқы болып жетуге тиіс төтенше жағдайлар қызметінің қатаң қадағалауда болғаны маңызды. Осы тұста тоғыз жолдың торабындағы Т.Рысқұлов ауданында төтенше жағдайлар қызметінің қысқы мезгілге қаншалықты дайын болғанын, дер кезінде қандай жұмыстарды жүзеге асыра алғанын жауаптылардан сұраған едік.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Нұрболат Қадырхановтың айтуынша, 2022- 2023 жылғы жылыту маусымы кезінде түрлі қауіптің алдын алу шаралары тиісінше жүргізіліп жатыр.

– Ауданда өрттің және табиғи газбен уланудың алдын алу, адам шығынын азайту мақсатында төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері аудандық өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамын тарта отырып, аудандық электр жүйесі, газ бөлімшесі, полиция бөлімінің қызметкерлерімен және еріктілермен бірлескен жұмыстарды атқарып отыр. Нәтижесінде 12700-ден астам тұрғын үйді аралап, отыз бес мыңға жуық тұрғынды қауіпсіздік шараларымен құлақтандырдық. Сонымен қатар 11 мыңнан аса жадынама тараттық. Сондай-ақ ауданның 8 мектебінде 5-11 сынып аралығында оқитын 2 мыңға жуық оқушыға «Өрт қауіпсіздігінің шаралары» атты 5 интерактивті сабақ жүргізілді. Аудандық өрт сөндіру бөлімінде ашық есік күндері ұйымдастырылып, оған 296 оқушы қамтылды. Аудан көлемінде өрттің алдын алу мақсатында бекітілген жоспарға сәйкес газбен улану оқиғаларына жол бермеу, төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары туралы аудандық «Құлан таңы» газеті және әлеуметтік желі парақшалары арқылы 135 мақала жарыққа шықты. Құлан орталық базарында және Түрксіб теміржолы вокзалында дауыс зорайтқыш құралдары арқылы 662 ақпараттық хабарлама оқылды. Аудан орталығындағы «лэд-экранда» және азаматтарға арналған үкімет мекемесінің күту залында уланудың алдын алу шаралары мен өрт қауіпсіздігі туралы бейнеролик үздіксіз көрсетілуде. Тиісті шаралар жылыту маусымының соңына дейін тұрақты атқарылып отырады.
Осы атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, ауданда жыл басынан бері 53 өрт фактісі тіркелді. Оның 9-ы автокөліктегі өрт, 13-і тұрғын үйлерде, 23-і жеке тұрғын үйлердің шөпханаларында орын алса, 8-і басқа да әртүрлі жағдайдағы жану фактілері. Қуанарлығы, ешбірінде адам шығыны болған жоқ. Аудандық орталық ауруханаға 15 адам газдан улану дерегімен түскен. Дәрігер көмегіне жүгінген азаматтар 1-2 сағат дәрігер бақылауында болып, үйлеріне қайтарылған.
Өрт талдауы бойынша өрттің басым көпшілігі тұрғын үй секторларында орын алуда. Өрттің шығуы негізінен тұрғындардың от қолданудағы абайсыздықтары, электр құралдары мен қондырғыларының ақаулығы және қолдану кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережесінің бұзылуы, пеш мұржасы мен пештің ақаулығы, балалардың отпен ойыны, қасақана өртеу секілді себептерден орын алған. Тағы атап айтқым келетіні, мас күйінде темекі шегу өрттің шығуына көп жағдайда себепші, тіпті мұндай өрттердің соңы адам өліміне әкеледі. Сонымен қатар күнделікті өмірдегі қолданылып жүрген тұрмыстық техникаларды пайдалану кезінде мұқият болыңыздар дегім келеді, – дейді Нұрболат Маратұлы.

Айта кетейік, осы орын алған өрт жағдайы 3 миллион 930 мың теңге материалдық шығын келтірген.

Елді мекендердің ішінде өрт болуының алдын алумен қатар, дала аумақтарында тілсіз жауды құрықтау да азаматтық қорғаныстың аудандық құрылымы қызметінің басты міндеттерінің бірі. Аудан аумағына қарасты No10 өрт сөндіру бөлімі, Ақыртөбе, Луговой орман шаруашылықтары және ауылдық округтердің ерікті жасақшыларының қатысуымен Ақбұлақ ауылдық округінде өрт сөндірудің оқу-тәжірибелік жаттығуы өткізілген.
Аудандағы 15 ауылдық округте 149 адам топтастырылған 15 ерікті өрт сөндіру жасағы құрылған. Ерікті жасақ 35 техникамен жабдықталған. Олардың 30-ы трактор соқасы болса, бесеуі өзге техникалар. Бұдан бөлек, 160 дана өрт сөндіру шартылдақтары (хлопушка) және 15 аспалы өрт сөндіру құралдары дайындалған.

Биыл өртке қауіпті кезеңде аудан аумағында 80 гектар жерде дала және таулы алқапта 25 жану оқиғасы тіркелген. No10 өрт сөндіру бөлімінде 25 өрт сөндіруші, Ақыртөбе ауылдық округінде 1 өрт бекеті, 3 өрт сөндіруші болса, бұған қоса осы Ақыртөбе ауылында 10 еріктіден тұратын өртке қарсы және авариялық құтқару құрылымы қоғамдық бірлестігі құрылған. Мұның бәрі де адам өміріне қатер төндіретін жалынға тосқауыл қою, ал орын алған жағдайда лезде ауыздықтау мақсатына жұмылдырылған.

Орманды және далалық жерлердегі өрттердің алдын алу мақсатында ауданда орналасқан 2 орман шаруашылығында (Ақыртөбе, Луговой) өрт қауіпсіздігіне қарсы жоспар жасалған. Өрт қауіпсіздігіне арналған 20 аншлаг орнатылған. Орман шаруашылықтарында ерікті өрт жасақшылары құрылып, оларға қажетті құралдар (хлопушка) қоры, арнайы өрт сөндіру техникалары да бар.

– Аудандағы жанар-жағармай құю стансаларын аралап, онда қызмет атқаратын жұмысшыларға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және құрғақ шөптен тазарту туралы 15 нұсқаулық берілді. Егін науқаны кезінде астықты сақтауға арналған ауыл шаруашылығы нысандарында және шаруа қожалығы төрағаларымен өрт қауіпсіздігі тақырыптарында үгіт-насихат жұмысы ұйымдастырылып тұрады. Осындай жұмыстардың барысында егін орағына қатысатын техникалардың алғашқы өрт сөндіру құралдарымен және ұшқын жабдығымен қамтылуына басты назар аударылады. Аудан аумағындағы автожол бойларына жүргізілген өртке қарсы жолақтарды аралау жұмыстары да назардан тыс қалған емес.

Табиғи өрттердің алдын алу мақсатында
төтенше жағдайлар бөлімі, жергілікті полиция қызметі және жергілікті атқарушы органдардың жеке құрамының күшімен жалпы саны 5 адамнан тұратын бірлескен мобильді топ құрылды. Олармен далалық алқаптарда өрт қауіпсіздігін сақтау және бақыланбайтын ауыл шаруашылығы алқаптарын өртеудің алдын алу жөнінде 128 рейд ұйымдастырылды.

Бөлім қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жұмыс атқарып келеді. Аудан әкімшілігі қызметкерлері тарапынан кезекші жауапты қызметкер күнделікті аудан аумағында төтенше жағдай орын алса, ақпараттардың жиналуын ұйымдастырып, жұмыстарын жүргізіп, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің кезекшілігіне баяндап отырады, – деген бөлім басшысы Нұрболат Қадырханов бұл жұмыстардың үздіксіз атқарылатынын жеткізді.

Жауапты қызметкерлер өз міндеттерін орындағанымен қоса, әрбір адам өз әрекетіне берік болғаны жөн. Сапалы да қауіпсіз өмір барша адамзатқа ортақ. Ол үшін тек үйдегі жағдай ғана емес, қоршаған ортаның қатерден аулақ болғаны да маңызды рөлге ие.

Т.Рысқұлов ауданы.
Қамар ҚАРАСАЕВА.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support