- Advertisement -

Қазақ даласына ислам діні қалай келді?

79

- Advertisement -

Қазақ даласына ислам дінінің келуі шамамен 1250 жыл бұрын басталды. VIII ғасырдың басында Орта Азияны өзіне қаратқан арабтар бірте-бірте қазақ даласына қарай жылжи бастайды. 751 жылғы Талас өзені бойындағы арабтар мен Қытай əскері арасында болған Талас шайқасы, қазақ халқының тарихындағы үлкен маңызды оқиға еді. Талас шайқасында түркі тілдес тайпалардан құралған түргештердің араб əскері жағына шығуы қытайлықтардың жеңіліске ұшырауына себеп болды.

Көк тəңіріне сыйынатын түркі тайпаларына исламдағы бір ғана Жаратушыға сыйыну, көшпелілердің дүниетанымдық көзқарасына жақын болуымен қатар салт-дəстүріне де кереғар болған жоқ. Көшпелі тұрмыстағы түркі тайпаларының исламды қабылдауы мұсылмандық түркі мəдениетінің қалыптасуына əсер етті. Ислам дінінің сүниттік тармағының ханафиттік бағытының ерекшелігі де сол, жергілікті халықтың салт-дəстүрімен үйлесімділігінде. Қарахан əулеті (Х-ХIғ) билігі тұсында Мұса қаған (960 ж) ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялағаннан соң бұл аймақта ислам мəдениетінің таралуына жол ашылды.

Ғылым, білім, қолөнер, сəулет өнері, əдебиет жылдам қарқынмен дами бастады. Мешіт, медресе, кітапханалар бой көтеріп, жаңа қалалар салынды. Сайрам, Тараз, Құлан, Меркі, Баласағұн, Сауран, Ясы, Өзгент қалалары тек сауда орталықтары ғана емес, ғылым мен өнердің, əдебиеттің орталығына айналды.

Ислам дінінің қазақ жеріне енуінің тағы бір кезеңі бұл Алтын Орда дəуірі еді. Өзбек ханның тұсында (1313-1341ж.ж) ислам діні мемлекеттік дін дəрежесіне көтеріліп, Алтын Орданың қуатты елге айналуына ықпалын тигізді. Көшпелі тайпалардың арасында сопылық ілімнің таралуына еңбегі сіңген Қожа Ахмет Ясауи өз шығармаларын түркі тілінде жазып, ислам құндылықтарын таратса, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқаридың еңбектері адамзатты ізеттілікке, мейірімділікке, адалдыққа шақырды.

Шариғат заңдары Қазақ хандығы тұсында қоғамдық қатынастарға дендеп еніп, халықтың əдеп-ғұрпы мен дəстүрімен сабақтасып жатты. Қасым хан билік құрған 1511-1523 жылдары Қазақ хандығы нығайып, ірі мемлекетке айналады. Қазақ хандығы тұсында ислам діні мемлекеттік дін дəрежесіне көтеріледі.

Сол заманның тарихшысы Фазлаллах Ибн Рузбеханның қазақтардың билеуші топтары жөнінде: «Олар Құран оқиды, намазға жығылады, өз балаларын мектепке береді» деген жазбаларының өзі-ақ бұған дəлел бола алады. Қазақ хандығының ең қуатты елге айналуына үлес қосқан Қасым хан енгізген «Қасым ханның қасқа жолы» заңдар жинағынан да ислам дінінің қазақ қоғамындағы орнын байқауға болады. Тəуке ханның «Жеті Жарғы» деп аталатын заңдар жинағы да шариғат пен көшпелі тұрмыстағы дала заңдары негізінде жасалғандығын тарихтан білеміз.

 

Жанна ҚАДЫРҚҰЛОВА,

облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығының Мойынқұм ауданы бойынша инспекторы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support