- Advertisement -

Цифрландыру қарқынды дамуға себеп болуда

226

- Advertisement -

Қазір әлем бойынша цифрландырудың өзектілігі күн санап артып келеді. Тіпті уақыт талабына сай күн тәртібіндегі ең маңызды мәселелердің санатына қосылды десек, артық айтқанымыз емес.

Цифрландыру саласына серпін беру мақсатында елімізде де бүгінге дейін қол жеткізілген табыс аз емес. Әсіресе «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданғалы жұмыс жүйеге түсіп, айналып болмас аядай уақыт ішінде қыруар іс тындырылды. Дейтұрғанмен саланың кем-кетігі, жоқ-жітігі әлі де аз емес. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр жылдардағы Жолдауларында мәнді мәселеге назар аударып, айрықша басымдық беруде.

Мәселен, «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында: «Қазіргі заманда бәсекеге қабілеттіліктің басты факторының бірі – барынша цифрландыру.

Қазақстан үшін заманауи цифрлық технологиялар трансферті, Индустрия 4.0 элементтерін енгізу айрықша маңызды. Біз шетелдегі стратегиялық серіктестерімізбен белсенді жұмыс істеуге тиіспіз.

Сонымен бірге отандық ІТ-секторды дамытып, күшейте түсу де маңызды. Елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-маман даярлау қажет.

Цифрлық саладағы қызметтер мен тауарлардың экспорты 2025 жылға қарай кемінде 500 миллион долларға жетуге тиіс.

Осы және басқа да міндеттер мемлекеттік секторды толығымен «цифрлық қайта жүктеуді» талап етеді. Мұндағы бұрыннан келе жатқан басты түйткіл – мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің өзара тиімді кіріктірілмеуі. Бұл мәселе түбегейлі әрі тезірек шешімін табуы керек», деп, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар мен міндеттер жүктеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында да цифрландыру мәселесін ұмыт қалдырмай, жұмысты одан әрі ширатуды тапсырды.

Осылайша мемлекет тарапынан цифрландыру саласына үлкен қолдау көрсетілуде. Президент жаңа міндеттер мен талаптар жүктеуде. Ал нәтиже қандай? Жолдау жүктеген міндеттер облысымызда қалай жүзеге асуда? Осы орайда өңірімізде жыл басынан бері цифрландыру саласында атқарылған жұмыстармен танысып, бүгінгі аяқ алысын бағамдап, алдағы жоспарларға қанығып қайтқан едік.

…Облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабековтің айтуынша, Жолдау жүктеген міндеттерге сәйкес облысымызда да жүйелі жұмыстар жүзеге асуда. Атап өтер болсақ, ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету мақсатында аудандармен келісіліп, нақтыланған 74 елді мекен бойынша Жол картасы әзірленіпті. Жол картасы шеңберінде 183 мемлекеттік мекеме талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз етіледі. Нақтырақ айтқанда, 2023 жылы – 14, 2024 жылы – 28, 2025 жылы 32 елді мекеннің тұрғындары Жол картасының шарапатын сезінеді.

– Елді мекендерді мобильді байланыспен қамтамасыз ету бойынша жоспардың орындалуы да басты назарда. Бүгінгі таңда 367 ауылдық елді мекеннің 62-сі – 2G, 170-і 3G төмен жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген. Қалған 135 елді мекен жоғары жылдамдықты (4G) мобильді интернет желісіне қосылған.

2022 жылғы жоспар бойынша жоғары жылдамдықты (4G) мобильді интернетімен 163 елді мекен қамтамасыз етілетін болады.

Қазіргі таңда «Кар-Тел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалпы жоспарланған 60 елді мекеннің 38-ін 4G-мен қамту жұмыстарын аяқтады.

Жоспардан тыс Байзақ ауданындағы Ақжар, Жуалы ауданындағы Кәріқорған ауылдарын және Қаратау қаласының бір бөлігін 4G мобильді байланысымен қамтамасыз етті. 22 елді мекеннің 11-інде 3G-мен қамту жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар «Кcell» акционерлік қоғамы тарапынан 27 елді мекенді қамту жоспарланған болатын. Оның ішінде 4G мобильді байланысымен қамтамасыз етуге жоспарланған 16 елді мекеннің барлығында тиісті жұмыстар аяқталды.

Ал 3G мобильді байланысымен қамтамасыз етуге жалпы жоспарланған 11 елді мекеннің жетеуінде межелі міндеттер толық орындалды, – деген Руслан Мосқауұлы облысымызда 444 мектеп болса, оның ішінде 34 мектепте интернет жылдамдығы 8 мбиттен төмен екенін жеткізді.

Қазіргі таңда байланыс операторлары тарапынан 20 мектепте, атап айтқанда, Мойынқұм ауданында – 5, Қордай ауданында 15 білім ошағында интернет жылдамдықтары 4-8 секундына мбит-тен 20 мбит-ке дейін көтеріліпті. Қалған 14 мектеп (Қордай – 7, Мойынқұм – 4, Талас – 2, Меркі – 1) бойынша интернет жылдамдығын жоғарылатуға байланыс операторларының техникалық мүмкіндігі қарастырылуда.

Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 11 (халық саны 3 009) елді мекен, яғни Шу ауданындағы Алайғыр, Құлақшын, Сарысу ауданындағы Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл, Үлкен Көкдала, Кіші Көкдала, Шағалалы, Ақтам, Меркі ауданындағы Құмарық, Мойынқұм ауданындағы Ұланбел ауылдары заманауи игіліктен тыс қалып келіпті. Бүгінде Алайғыр және Құлақшын ауылдарына «Транстелеком» акционерлік қоғамы талшықты-оптикалық байланыс желісін орнатыпты.

«Транстелеком» акционерлік қоғамы Үлкен Көкдала ауылында 10 үйді және Кіші Көкдала ауылында 3 үйді және Шағалалы ауылында 30 үйді жалпы 43 үйді 10 мбит/сек жылдамдықты интернетпен қамтыған. Сондай-ақ Құмарық ауылын «Билайн» ЖШС мобильді интернет желісімен қамтыды.

Нәтижесінде 11 елді мекеннің алтауы интернет және мобильді байланысқа қол жеткізген. Қалған 5 елді мекен бойынша да тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді.

– ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жауабына сүйенсек, Шығанақ, Қамқалы және Жайлаукөл елді мекендерінде 2023 жылы антенна-діңгек құрылысын салу міндеттемелері жергілікті атқарушы органдардан алынып, мобильді операторларға жүктелмек. Ақтам ауылын «Кcell» акционерлік қоғамы жыл соңына дейін интернетпен қамтамасыз етеді.

Ұланбел ауылына «ИнтергазЦА» компаниясының талшықты-оптикалық байланысының бос арнасын бөлу үшін корпоративті-ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ «NewTelCom» серіктестігінің радио-релелік байланыс желісімен облыстың 97 елді мекенінде 5 415 үйдің қамтылғанын айта кеткен жөн.

Жоғарыда баяндалғандай, Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес республика бойынша 2025 жылға дейін 100 мыңнан астам IT-мамандарын құру қажет.

«Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасына сәйкес 2021 жылы облыста 10 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды. Оның ішінде «2ГИС-Тараз» компаниясында – 8, «Жаңа технологиялар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 2 маман еңбек етуде. Ал биыл цифрландыру саласында 35 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Қазіргі уақытта облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасы Ұлттық жоба аясында enbek.kz порталы арқылы 22 адамды тұрақты жұмысқа орналастырды.

Аталған жобаны іске асыру шеңберінде облыста 2023 жылдың соңына дейін 1 бағдарламалау мектебі ашылуы тиіс болатын. Жоспар бойынша Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының базасында IT академиясы іске кірісті. Осылайша алдағы уақытқа белгіленген меже мерзімінен бұрын орындалды.

Жалпы ағымдағы жылы 10 Ұлттық жоба, Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасы, Республикадағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-шаралар жоспары және Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиясыздандыру жөніндегі шаралар туралы» іс-шаралар жоспары шеңберінде тиісті жұмыстар басталды, – дейді Руслан Мосқауұлы.

Бұлан бөлек электронды билеттеу жүйесі бойынша қолға алынған жұмыста да ілгерілеу байқалады. «TulparCard» Е-билеттендіру жүйесі бойынша 2022 жылдың басынан 24 қарашаға дейін 2 721 300 605 теңгеге 34 645 514 сапар жасалыпты. Сонымен қатар «Сергек» жүйесін іске асыру мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы шеңберінде 48 аппараттық-бағдарламалық кешенін және жедел басқару орталығы интеграциясымен Тараз қаласында 1 250 жалпы бейнебақылау камерасын енгізу жұмыстары толығымен аяқталған.

Әрине, басқарманың жыл басынан бергі жұмысын толық, егжей-тегжейлі баяндау мүмкін емес. Негізгілеріне ғана тоқталдық. Бір анығы, салада ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып, нәтижесінде цифрландыру сан саланың серпінді дамуына себеп болуда.

 

Талғат НҰРХАНОВ,

журналист.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support