- Advertisement -

Студенттер «Анажар» романын талқылады

244

- Advertisement -

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Ұстаз» институты «Жасын» әдеби ұйымының ұйымдастыруымен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, белгілі жазушы Елен Әлімжанның «Ән сырынан» «Анажарға» дейін» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Кеш басталар сәтте Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншісі Гүлшат Тінәсілова қаламгердің жарына арнаған әнін орындады. Мұнан соң аталған институттың 4-курс студенттері Е.Әлімжанның «Тақталас» драмасынан үзінді қойды. Студенттер көпшіліктің алдында өте шебер, сенімді ойнап шықты.

Мұнан соң кеш иесі сахнаға құрметпен шақырылып, жазушымен жеке сұхбат басталды. Осы сұхбат барысында оның қаламы мен толғанысынан туған «Анажар» романы талқыға түсті. Жазушының досы Дулат Исабеков бұл шығарманы: «Отыз жылдық дәуірдің көркем көрінісі» деп бағалапты. Ал студенттердің де осы роман жайлы өздерін мазалап жүрген сауалдары аз болмады. Мысалы, Перизат Әскербай мен Сымбат Атымтай: «Бас кейіпкерді неге сонша аямағансыз?» деп сұраса, келесісі «Анажарға» алдағы уақытта өзгеріс енуі мүмкін бе?» деген сауалдарды қойды. Жазушы бұл сауалдарға жан-жақты жауап беріп: «Бас кейіпкердің тағдырына сіздердей оқырман алаңдаса, бұл шығарманың оқылғаны. Бір әріптесім «Анажарды бұдан да әрі қинай түсуіңіз керек еді» деді. Мұның бәрі шығарманың әсер бергенінің нәтижесі. Мен осы үшін қуанып отырмын», – деді. Ал студент Сезім Берікбай романнан үлкен әсер алғанын айтып, осы шығраманың ішінде кездесетін «Ақ періште атты өлеңді жатқа оқып берді. Сондай-ақ Ерлан Нұрлан «Анажар» романынан үзінді оқып, көпшіліктің құрметіне бөленді.

Әсерлі кеште жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көсемәлі Сәттібайұлы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Оңласын Есіркепов, медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқарбек Сейілхан, журналист Гүлнар Есмаханова, ақын Ғайни Әлімбекқызы сөйлеп, жазушыға және оның шығармашылығына жылы пікірлерін айтты. Жас әнші Балауса Оралбаева шырқаған «Боз орамал» әні де көңілден шыққаны анық. «Ұстаз» институтының директоры Орынқыз Жолдасова және ғалым Тұрсынай Әбдіқадірова сөз сөйлеп, жазушыға құрмет көрсетті.

Ал кештің негізгі ұйымдастырушысы, «Жасын» әдеби ұйымының жетекшісі, ғалым Сейсекүл Исматова «Жазушының бұл кешіне студенттер өте ұзақ дайындалды. Олар әр корпустан жиналып, уақыт тапты. Бізде оқуды озат оқитын, сахнада шыңдалған әртістердей ойнап шыға алатын дарынды студенттер тобы оқып жатыр. Осы кештің әсерлі өтуіне олардың ықпалы мол болды» дей келе жазушыға шығармашылық табыс тілеп, көпшілікке алғысын білдірді.

Кеш соңында жазушы Елен Әлімжан жақында ғана Алматыдағы «Дәуір» баспасынан 3 мың таралыммен жарық көрген «Алтын жүлге жыры» атты романын бірнеше зиялы қауымға және студенттерге авторлық қолтаңбасымен таратты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support