- Advertisement -

Сот жүйесін реформалау мәселесі – басты назарда

31

- Advertisement -

Парламент Сенатында еліміздің сот жүйесін реформалау мәселесі бойынша дөңгелек үстел өтті. Басқосуда арнайы құрылған жұмыс тобы саладағы ұлттық заңнамаға енгізілетін түзетулер мен сот жүйесін реформалау бойынша атқарылған жұмыстың қорытындысын талқылады. Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков жүргізген жиынға Парламент депутаттарымен бірге Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның, Ішкі істер, Әділет, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің, басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың, сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНИСЕФ сияқты халықаралық ұйымдардың, қоғамдық ұйымдардың, адвокаттар алқасының өкілдері және құқықтанушы ғалымдар қатысты. Жиынды ашқан Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев әділетті мемлекеттік басқару жүйесін құрудың негізі – сот жүйесін реформалаудан басталатынын айрықша атап өтті. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесін реформалауды заңнамалық қамтамасыз етуге баса мән беріп отырғанын жеткізді.

– Президент наурыз айындағы Жолдауында барлық деңгейдегі соттар, шын мәнінде, тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін емес екенін ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында да объективті және тәуелсіз сот әділетті мемлекеттің негізі екеніне айрықша тоқталды. Соңғы уақытта бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылуда. Дегенмен шешімін таппаған мәселелер де аз емес, – деді Мәулен Сағатханұлы.

Сондай-ақ Палата Спикері Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Сенат жанынан құрылған жұмыс тобы сот жүйесін реформалауға қатысты ұсыныстар әзірлегенін айтып, олардың негізгі бағыттарына тоқталды. Оның сөзінше, судьяларға күштік органдардың қысымын төмендету және қылмыстық процесте бәсекелестікті дамыту және қамауда ұстауға балама бұлтартпау шараларын қолдану аясын кеңейтуге арналған тетіктер ұсынылған. Ал адамгершілік бағыттағы балама ретінде зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ қылмыс жасағандар үшін электронды білезік тағу мәселесі көтерілген.

Бастамалардың тағы бірі – сот процесінде «іс бойынша объективті шындық» пен әділ шешімге кепілдік беру. Жұмыс тобы азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттарының тізбесіне «әділдік қағидатын» енгізуді ұсынды. Судья шешім шығарған кезде соған сүйенуге тиіс. Бастысы, бұл шешім заңға негізделуі және оның шегінен шықпауы қажет.

Жиында халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтары үшін медиативтік қызметтерге мемлекеттік кепілдік беруді енгізуге де ерекше назар аударылды. Сондай-ақ жоғары тұрған мемлекеттік орган басшылары және жоғары тұрған лауазымды адам жетекшілік ететін салаларда сот талқылауы болған жағдайда олардың міндетін белгілеу ұсынылды. Мұндай қадам жоғары тұрған органдардың үйлестіруші рөлін арттыруға әрі мемлекеттік органдардың күмәнді шешімдерін азайтуға мүмкіндік береді.

Пікірталас барысында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері арасындағы дауларды ішкі әкімшілік рәсімдер тетігі арқылы шешу қажеттігі де атап өтілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Сенат жанындағы жұмыс тобы әзірлеген ауқымды ұсыныстар топтамасына негіз болды. Осылайша, бірқатар тиісті заң жобалары дайындалды. Олардың қатарында «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» конституциялық заңға және іс жүргізу заңнамасын жетілдіру, адвокаттық қызмет және заң көмегін көрсету, дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі шешу мәселелері жөніндегі заңдарға енгізілген түзетулер бар.

Басқосу соңында Сенат Төрағасы жұмыс тобы әзірлеген бастамаларды іске асыру үшін тиісті заңдарды жедел қабылдау қажет екенін айтып, бүгінгі талқылау сот жүйесін реформалау, сот төрелігінің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға үлкен үлес қосатынына сенім білдірді.

– Сот жүйесін жетілдіру жұмысы үнемі Мемлекет басшысының назарында. Бұл бағытта алдымызда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Біз осы салада сарапшылармен, ғалымдармен, судьялармен, заңгерлермен және халықаралық ұйымдардағы әріптестермен бірлесіп, белсенді жұмыс істеуге дайынбыз. Бұл жұмыстың бәрі Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадамдар. Алдымызда тұрған басты мақсат та, азаматтардың бізден күтетіні де – осы. Бұл – Мемлекет басшысы айқындап берген маңызды міндет. Аталған жұмыстардың аясында заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтарымыздың құқықтарын қорғау – біздің ең басты міндетіміз. Сондықтан біздің жұмысымыз Әділетті Қазақстан құруға қажетті заңдарды қабылдауға бағытталуы керек. Сот жүйесін реформалап, жаңа сапалы деңгейге көтеру арқылы тиімді экономика мен дамыған қоғам құрудың негізін қалыптастырамыз. Осы бағытта бәріміз бірге табысты жұмыс істейміз деп сенемін. Бізде Мемлекет басшылығымен талқылайтын, Мәжіліске беретін және қоғамға ұсынатын ұсыныстар аз емес, – деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, Сенат жанындағы жұмыс тобы әзірлеген қылмыстық-процестік заңнаманы одан әрі реформалауға арналған ұсыныстар мен тәсілдер тиісті заң жобаларын дайындау үшін уәкілетті органға жіберілетін болады.

 

Есен ӨТЕУЛІ.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support