- Advertisement -

Халық фосфогипс үйіндісін жоюды талап етуде

207

- Advertisement -

Тараз металлургия зауытының қасындағы алып үйінділер туралы аз айтылып, аз жазылған жоқ. Бұл мәселені экологтар да, табиғат жанашырлары да талай мәрте республика деңгейінде көтерді. Өкінішке қарай, әлі нәтиже жоқ. Ал бұдан бүгінде Жамбыл ауданының, Жамбыл ауылдық округіндегі 6 елді мекен тұрғындары зардап шегіп келеді. Олар «Осы жасанды таудан құтылар күн бар ма екен?» деп армандайды. Мұның өзіндік себебі де бар. Қатты дауыл болған күндері жоғарыда аталған елді мекен үстіне қыста қар жауғандай болады. Ауылдар ақ түтектен көрінбей қалады.

Желмен ұшқан минералды тыңайтқыштың қалдығы – фосфогипс атшаптырым аумаққа тарайды. Ол көктемде және күзде жауған жаңбыр, қар суымен бірге жерге сіңіп, жерасты суына қосылады. Тараз сияқты қаланың және елді мекендердің қасында осындай орасан мөлшерде жиналған өндірістік қалдық – фосфогипстің таудай болып үйіліп жатуы басқа еш жерде кездеспейді.

Тыңайтқыштан тұрғызылған таудың төменгі жағындағы Жамбыл ауылдық округі аумағында Шайқорық, Танты, Ш.Ниязбеков, Қапал, Қоңыртөбе және Шайқорық стансасы елді мекендері орналасқан. Бүгінде округ аумағында 7229 тұрғын тұрады. Аталған елді мекендер жарты ғасырдан астам уақыттан бері өндіріс қалдығынан айтарлықтай зардап шегіп келеді. Тұрғындар осынау өзекті мәселені алқалы жиындарда жиі көтереді. Бүгінде екі тауға айналған фосфогипсті мүлде жоюды талап етуде. Әйтсе де тұрғындардың өтініші әлі күнге аяқсыз қалып келеді.

– Қатты жел соққан кезде ауылдың үстіне қар жауғандай болады. Осыдан он жыл бұрын мұнда 8 миллион тоннадан астам қалдық жиналса, қазір оның көлемі 14 миллион тоннадан асып кетті. Оны жою үшін қолға алынып жатқан шаралардан ешқандай нәтиже жоқ. Демек, елді мекендерді шаң-топалаңнан құтқару үшін оның үстіне топырақ тастап, шөп өсіру керек. Тұрғындарды осындай жолмен қиындықтан құтқаруға болатын сияқты, – дейді жамбылдық Медет Нұрмаханов.

Жеке кәсіпкер Ерғали Асақұловтың айтуынша, үздіксіз жел ұшыратын қалдықтардан тұрғындар тыныс жолдары, өкпе және асқазан, ішек ауруларына жиі шалдығатынын айтып шағымданады екен.

– Бұл – білгенге үлкен байлық. Фосфогипстің бір тоннасының құрамында 18 пайыз фосфор бар. Оны егістікке енгізсек, өнімділікті едәуір арттыруға және өндірістің басқа да салаларына пайдалануға болады. Өркениетті елдерде өндіріс қалдығын тиімді пайдалану нәтижесінде үлкен игіліктерге қол жеткізуде. Егер билік көлік логистикасын шешіп берсе, шаруалар қос тауды тыңайтқыш ретінде талап әкетер еді, – дейді Шайқорық ауылдық ардагерлер кеңесінің хатшысы Жанболат Оразбаев.

 

Диас МАРАТҰЛЫ,

журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support