- Advertisement -

Алыс ауылға білім шамын жаққандар

275

- Advertisement -

Қай ұстазды алсақ та еңбегі ерен. Дегенмен шалғай аудандардың алыс ауылдарында тұратын мұғалімдердің көтеріп жүрген жүгі екі есе ауыр десек қателеспейміз. Ондай озаттардың қатарына Талас аудандық Бөлтірік Әлменұлы атындағы орта мектебінің бірнеше мұғалімдерін қосуға болады. Мәселен, педагог-психолог Нұргүл Әмірованың білім мекемесіндегі еңбек өтілі – 26 жыл. Табан аудармай ширек ғасырдан астам бір саланың салмақты жүгін көтеру кім-кімге де жеңіл емес. Осы кезге дейін жүздеген шәкіртке білімнің даңғыл жолын көрсеткен Нұргүлден қазір тәлім алып жүрген оқушыларының жетістігі де жаман емес. Әсіресе Бекнұр Қарашайдың облыстық ғылыми жобалар байқауынан үшінші жүлдемен оралуы – ұстаз мерейін өсіргені анық.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, білікті маман Жазира Әлімханованың да ұстаз деген аяулы атты иеленіп жүргеніне ширек ғасырдан асты. Өзінің де, шәкірттерінің де жетістіктерін атап өтуге тұрарлық. Оқушының түрлі сынақтардан сүрінбеуі ұстаздан алған терең біліміне байланысты десек, Жазираның бұл ретте мәртебесі биік. Бір шәкірті Ұлданай Бердібек облыстық «Зерде» олимпиадалық ойындарынан жүлдегер атанса, Арайлым Болат облыстық ғылыми жобалар жарысында көзге түсіп, қуантып отыр.

Мектеп директоры, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлфайруз Орманованың басшылық жұмыстармен қатар шәкірт дайындауда да үлесі зор. Мәселен, өзінің алдынан дәріс алып жүрген оқушысы Арайлым Болат облыстық «Абай оқулары» байқауынан жүлделі екінші орынмен оралды. Тағы бір шәкірті Назира Нұрман аудандық, облыстық газеттерге мақала жазумен тұрақты шұғылданып, жас тілші ретінде ауылға аты жайылып отыр.

Мұндай жетістіктер әрине ешқашан оңай жолмен келген емес. Аталған ауылда КСРО білім беру ісінің үздігі Аманкүл Құрманалиева, ардагер ұстаздар Гүлсара Жантайбекова, Барбосын Адырбеков, Жамал Байболова, Жамал Алдатаева тұрады. Ол кісілер де аталған мектепте жиі болып, өмірлік тәжірибесін жас ұстаздармен бөлісіп келеді. Нәтижесінде шалғай мектептің оқушылары да қатардан қалмай, түрлі байқаулар мен ғылыми жобалардың жүлдегері болып үлгерді.

«Мектебіміз шағын жинақты. Сынып бөлмелері де тығыз орналасқан. Ескі ғимаратымызға жақын жерден 2024 жылы жаңа мектеп ғимараты бой көтереді деген уәде бар. Сол жаңа мектептің салынуын ауыл халқы асыға күтіп жүр. Қазір жүзден аса оқушымыз бар. Биыл аудандық «Орта білім беретін үздік ұйым» аудандық байқауында үшінші жүлдені иелендік. Ал бірнеше жылдардағы белсенді ісіміз бен толағай еңбегіміз үшін биыл аудандық «Шағын жинақталған үздік мектеп» аталымын иелендік.

Осы жетістіктің барлығы мектебіміздің барша мұғалімдері, қызметкерлері және оқушыларының белсенділігінің нәтижесінде мүмкін болып отыр. Алдағы уақытта да биік межеден көріне беретініміз анық», – дейді аталған мектеп директоры Гүлфайруз Орманова.

 

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support