- Advertisement -

Ұстаздардың еңбегі «Ақберен» байқауында айшықталды

93

- Advertisement -

Ұстаз мәртебесі – қашанда жоғары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел болашағын дайындап, үлкен жүкті көтеріп жүрген ұстаздар қауымына құрмет пен қолдаудың ұдайы жасала беретінін атап көрсетті. Мектептің жүрегі атанған жандардың еңбегі қашанда ерен. Олар күнделікті сабағын жан-жақты өтуімен қатар, шәкірттерін түрлі деңгейдегі байқауларға баптап қосуда да үздіксіз тер төгіп келеді.

Сондай аса маңызды байқаудың бірі – республикалық «Ақберен» байқауы. Алты аталымнан тұратын сайыс тоғыз жылдан бері өтіп, талай таланттың бағын ашып келеді. Біз аталған байқаудың биылғы нәтижесіне тоқталсақ.

Әуелі облыстық кезеңнен топ жарған 6 жүйріктің ұстаздарына, өздеріне тоқталып өткен артық болмас. Олардың жоғары таланты «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми- практикалық орталығы өткізген облыстық іріктеуде байқалған болатын.

Атап айтқанда, Т.Рысқұлов ауданы, Ә.Бөкейхан атындағы орта мектептің мұғалімі Гүлмира Райымбаева оқушыларды шешендік өнерге баулуда шыңына жеткізіп баптайды. Ал аталған мектептің тағы бір ұстазы Мәулен Тобуговтың шәкірттері көркемсөз оқуда аудан мен облыста көш бастап тұр. Сондықтан «Ақбереннің» облыстық іріктеуінде осы мектептің оқушылары Назым Жақсылық шешендік өнер аталымы бойынша, Азамат Серік «Көркемсөз» аталымы бойынша топ жарды. Назым мен Серіктің бір сыныпта оқитыны туралы қызық дерек те бар.

Жамбыл ауданының ұстаздары да шәкірттерін жан-жақты баптап, биік межеден көрініп келеді. Мәселен, Б.Бесбаев атындағы мектеп гимназияның шәкірттері эссе жазудан алдына жан салмайды. Бұл – білікті ұстаз Зухра Үсенбаеваның еңбегінің жемісі. Оны ерекше атап өтуіміз керек. Аталған аудандағы Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейдің мұғалімі Рабиға Қасымбекованың да еңбегі елеуге тұрады. Оның шәкірті Бақдәулет Жанатбек «Ұлттық аспапта ойнау» аталымы бойынша жақсы нәтижеге жетіп жүр.

Талас ауданы, Барбол Тоқтықожаұлы атындағы орта мектепте де жақсы нәтижелі жұмыстар мол. Әсіресе мектеп директоры Руслан Батаев ұлттық өнер мен ұлттық спортқа ерекше көңіл бөледі. Ал мұғалім Назым Тойманбетова да бастауыш сынып жұмысымен қатар, айтыс өнеріне шәкірт тәрбиелегенді, айтыстың үлкен өкілдерінен сабақ ала отырып, оқушыларына ұлттық құндылықтарды сіңіруді жанына серік еткен. Нәтижесінде аталған орта мектеп оқушысы Айсұлу Жүнісбек оқушылар арасындағы айтыста үлкен жетістіктерге жетіп келеді. Айсұлу «Ақбереннің» облыстық кезеңінде барлық қарсыласынан басым болды. Сөйтіп, республикаға жолдама алған еді.

Меркі ауданында Тілеміс батыр атындағы орта мектепте Жарқынай Талдыбаева деген білікті ұстаз бар. Жарқынай ұстаз да ақындар мүшәйрасына шәкірт дайындауда тынымсыз тер төгіп жүр. Нәтижесінде шәкірті Нұрым Нұртай «Ақбереннің» облыстық кезеңінен үздік шыққан болатын.

Жақында Астана қаласында әл-Фараби атындағы республикалық оқушылар сарайында оқушылар арасындағы республикалық «Ақберен» байқауы өтті.

Байқауды белгілі айтыскер, Парламент Мәжілісінің депутаты, қазылар алқасының төрағасы Аманжол Әлтаев пен республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталық директоры Әнуар Ерболұлы ашып, барша қатысушыға сәттілік тіледі. Бұл байқауға еліміздің 20 аймағынан 130 талантты оқушы қатысты.

Нәтижесінде жерлестеріміз сәтті өнер көрсетті. «Айтыс» аталымы бойынша Талас ауданы Б.Тоқтықожаұлы орта мектебінің оқушысы Айсұлу Жүнісбек бас жүлдені иеленді. Ол әуелі ақмолалық Кәусар Сейітманнан басым түссе, финалда маңғыстаулық Ерсұлтан Аушановты ұтты. Ал «Ұлттық аспапта ойнау» аталымы бойынша Жамбыл ауданы Ю.Гагарин атындағы мектеп лицейдің 9-сынып оқушысы Бақдәулет Жанатбек бас жүлдені иеленді. Ал меркілік Нұрым Нұртайға «Ақындар мүшәйрасы» аталымы бойынша үшінші жүлде бұйырды. Ал екі бас жүлде, бір үшінші орынмен Жамбыл облысы құрамасы командалық есепте жүлделі екінші орынды олжалады.

«Ақберен» республикалық байқауының жабылу салтанатында Оқу ағарту вице- министрі Шолпан Таңатқызы мен Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев сөз сөйлеп, барлық ұстаздар мен оқушыларға алғыс білдірді.

Жеңімпаз және жүлдегер оқушылар Оқу ағарту министрі Асхат Аймағанбетовтің қолы қойылған дипломдарға және бағалы сыйлықтарға ие болды.

Осылайша, жамбылдық ұстаздар өз біліктілігі жоғары екенін көрсетті.

«Ақбереннен» жеңімпаз болып оралған үздік команданы жамбылдықтар үлкен құрметпен қарсы алды.

Талас ауданы, Аққұм ауылдық клубында бас жүлдегер Айсұлу Жүнісбекті қарсы алу іс-шарасы өтті. Аққұм ауылдық округінің әкімі Болат Ошақбаев, аталған мектеп директоры Руслан Батаев, өнерпаз әнші Бегалы Абашов, әжесі Тілеукүл апа, сөз сөйлеп, Айсұлудың болашағына сәттілік тіледі. Өз кезегінде Айсұлу Жүнісбек жерлестеріне рақмет айтып, алғысын өлең шумақтарымен жеткізді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support