- Advertisement -

Мүмкіндігі шектеусіз жандар

78

- Advertisement -

Тараз қаласында орналасқан №1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығына бас сұқтық. Бұл орталықты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар мекен етеді. Бірі туа бітті аяқ-қолы қимыл-қозғалыссыз дүниеге келіп тағдырдың тауқыметін тартса, енді бірі әлдебір келеңсіз жағдайдың кесірінен кесапатқа ұшырап, аяқ асты кем болып қалған.

Балалар үйінде өскен Талғат Аманбеков те доп теуіп, арман қуып шауып жүрген бала еді. Бірде алма ағашының түбінде жылап отырған қыз, алма алып беруін өтінеді. Талдың төбесіне шығып, алмаға қол созғаны сол, аяғы тайып кетіп, жерге құлап түседі. Бел омыртқасына зақым келген Талғат ұзақ емделді. Алайда оған ем қонбай, аяқтары жүруден бас тартты. Ол солай мүгедектер арбасына отырды…

Кәмелеттік жасқа жеткен соң балалар үйінен арнайы орталыққа ауыстырылды. Тағдыры қоларбаға таңылған жігіттің арманы, өзін сәби күнінде балалар үйіне өткізіп кеткен анасын бір көру еді. 18 жасқа толған жылы Талғаттың арманы орындалып, анасының мекенжайын алып, асығыс жол тартты. Алайда Талғатты дүниеге алып келген жан оған бұрылып та қарамастан кете барды…

Ана мейіріміне қанбай қалған ұл, далаға шығып, көз жасын тыя алмай солқ-солқ жылады. Жолай тоқтаған таксист, мән-жайды ұққан соң: «Сен мықты екеніңді дәлелде! Жетістікке жет, талпын. Сонда анаң ғана емес, дүйім жұрт құрмет тұтатын болады әлі» деп жұбатыпты. Сол сәттен бейтаныс таксистің сөзін жүрегіне түйіп алған Талғат алдағы уақытта өкінбестей ғұмыр кешуді алдына мақсат тұтып, іштей өз-өзіне жеңілмеуге, сынбауға серт етеді. Сөйтіп спорттық биге көңілі ауып, Толғанай Төребек есімді кәсіби бишімен жұптасып, бимен шұғылдана бастайды.

«Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы» дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубына 2016 жылдан бастап қабылданған. Қазіргі уақытта Талғат қоларбадағы биді халықаралық турнирлердің жеңімпазы, спорт шебері Наргиза Ахметовамен жұптасып билейді.

2017 жылы Ақтау қаласында өткен «Спорттық арбадағы билер чемпионатына қатысып, бұл додада Наргизамен бірге «Дуо пары 2 класс латина», фристайл номинациялары бойынша 1-орынды иеленіп, ҚР чемпионы атанды. Голландия елінің Кейк қаласында өткен халықаралық лицензиялық турнирге барып қайтты. «Қойылым көрсету биі» номинациясы бойынша жүлделі 3-орынды иеленген. Бұл Талғаттың өміріндегі би әлеміне саяхатының бастамасы ғана еді. Бүгінгі таңда көптеген қоларбадағы би жарысының барлығынан жүлделі орын тұғырынан көрініп үлгерді.

– 2-4 желтоқсан аралығында Қызылорда облысында Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өтетін арбадағы биден Қазақстан чемпионатына қатысамын. Анам менімен мақтанатындай жетістікке жетіп, биіктен көрінгім келеді, – дейді Талғат, әлі де анасының «Ұлым» деп қайта оралатынына сеніп…

Арнайы орталық осындағы тағдыры сан қилы жандардың жүрегіне жол салып, түрлі жарысқа қатыстырып, қиындыққа мойымаудың жолдарын қарастырады. Әсіресе мұнда еңбек бөлмесі ерекше. Көздің жауын алғандай жарқырап тұр. Бұл бөлмеде Гүлмира Нұржанова, Разия Муталиева, Береке Жұмабеков әлеуметтік қызмет алушыларды еңбекке баулып, қолөнерге үйретеді.

– Бұл кісілер әлдене жасаса балаша қуанады. Олардың қуанышын көріп, біз де мәз боламыз. Көзі көрмейтін екі жігіт тіпті сезімтал. Бірі жіптен шашақ жасайды. Жіптерді саусағымен сезінеді. Ол шашақтарды біз ойыншықтарға кекіл етіп жапсырамыз. Ал жанарынан айырылған тағы бір азамат газетті орап, саусағымен сезіп отырып құмыра жасайды. Мұндағы адамдар өмірді шын сүйеді және өмірге қосқан әр үлесі үшін өздерін бақытты сезінеді, – дейді Разия Муталиева.

Қағаздан жасалған түрлі көйлектер, матадан ойып тігілген сан алуан гүлдер, әсем ойыншықтар мен қатты қағаздан жасалған зәулім сарайлар – мұндағы жандардың қолынан шыққан дүниелер. Олар өздеріне ұнаған іспен айналысу мақсатында қолына ине-жіп, желім мен қайшыны алғанда бір сәт бар қиындықтары мен уайымдарын ұмытып кетеді. Қолына алған дүниесі ойындағыдай болып шыққанда, расында, көңілдері көкке көтеріліп қалады.

Александр Попов 2014 жылы өмірлік қиын жағдайға тап болып, содан бері осы орталықтың көмегіне жүгінген. Негізі 2000-2014 жылдар аралығында өз мамандығы бойынша, яғни аспаз-технолог болып жұмыс істеген. Бүгінде осы орталықтың белсенді һәм еңбекқор тұрғыны. Орталықтағы үлкен-кіші Александрдың ерекше ілтипатына разы. Александр қол еңбегімен айналысқанды ұнатады.

– Анам қайтыс болған соң, өмірдің мәні кетіп қалғандай еді. Осы орталыққа орналасқан соң, өмірімді қайта басынан бастадым десем де болады. Орта таптым, түрлі қолөнер бұйымдарын жасап үйрендім. Мойымауды, қайсар болуды, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуді мақсат тұттым – дейді Александр.

Ал Мария Мухамеджанованың өмірі тіпті қызық. Ол неміс қызы. 88 жастағы Маша әжей жан-жағына күлімсірей қарайды. Жанары сондай нұрлы, жүзі жып-жылы. Анасы 1943 жылы аштықтан көз жұмыпты. Анасыз қалған бір үйдің бес баласы бірдей балалар үйіне өтіп кетеді. Кейін Маша әжей Қазақстанға қоныс аударады. Жиырмасыншы көктеміне аяқ басқан жылы өзбек ұлтының жігіті Полатпен танысады. Сөйтіп, бір-біріне ғашық болып қалады.

– Мен Полатты бір көргеннен құлай сүйдім. Ол да маған бірден ғашық болып, отбасын құруға бел байладық. Алғашында оның ата-анасы қарсы болғанымен, ол мені сүйетінін, менсіз өмір сүре алмайтынын айтып, ақыры үйлендік. Мені бәрі сәнқой келін дейтін. Себебі жас кезімде өз киімімді сәнге үйлестіріп тігіп киетінмін. Күйеуіме де бұл ұнайтын. Біз 50 жыл бірге тұрдық. Түрлі жағдайлар болғанымен, бір-бірімізге деген шынайы махаббат біздің тіккен отауымызды құлатпай ұстап қалды. Сол елу жыл ішінде бір рет ұрысып, қабақ шытып көрмеппіз. Енді міне, Полат менің сағынышыма айналды, – деп көзіне жас алған әжей қамығып қалды.

Бар ғұмырында тігін цехы, ательелерде жұмыс жасап, еңбегі еленген әжейдің бөлмесі Алғыс хат пен Мақтау қағазына толы екен. Ұзақ жыл бойы еңбегінің жемісі саналған сол қымбат қағаздар бүгінде әжейдің жүрегін нұрландырып тұрады. Енді бүгінде балаларға арнап ойыншықтар мен түрлі жастықшалар тігіп отыр. Сөмке сәндеп, оған гүл де жапсырады. Он саусағынан бал тамған әжей өзінің бір күнін де ине-жіпсіз елестете алмайтынын айтты.

Меркі ауданында дүниеге келген Аман Андагулов атай сал ауруымен дүниеге келген. Аяқ-қолы дамылсыз қалт-құлт етіп, икемге келе бермейді. Алайда қария бұл дертіне мойымайды. Ол осы орталықта өз бақытын тауып, тойын да осы мекемеде өткізгенін мақтан тұтады. Өзі тағдырлас Салтанат есімді келіншекпен бас қосқанына биыл 20 жылға жуықтапты.

Еңбек терапиясы бөлмесіне таңмен таласа тұрып, бірінші болып асыға жететін қария күнұзақ жұмыс үстелінен тұрмайды. Үй жасап, оны бояп, әрлеу – оның ең басты мақсаты. Ол өз арманындағы үйді осылай жасап алғанына қуанышты.

– Мен үй саламын. Үй болғанда да ең әсем үлгідегі зәулім сарайларды қағаздан жасап, соларды бояп, әрлегенді жаным сүйеді. Картондарды бір-біріне жапсырып, оларға қызыл-жасыл реңк беріп, жылтыр сеуіп, көздің жауын алардай дүние жасап шығарғанда, өзім де демалып қаламын. Бұл менің ойымды жинақтап, тұрақты бір жұмыспен айналысып, нәтижеге жетуіме ықпал етеді. Зәулім үйлерімнің дайын болған сәтінде бойымды қуаныш кернейді, – дейді Аман ата.

Етікші ата атанып кеткен Сергей Висимбаевты мұндағылар танып қана қоймайды, ең қажетті адам деп санайды. Себебі ол бәріне аяқ киім тігіп береді. Ол 15 жасында есту және сөйлеу қабілетінен айырылған жандардың аяқ киім шеберханасына барып, олардың еңбегіне тәнті болады. Олар қолына алған қайысты үлгіге салып, күзеп, қырқып, соңында табан жапсырып, әп-сәтте аяқ киім тігіп шығаратындарын көргенде, өзі де сондай болуды мақсат тұтады.

– Мен аяқ киім тігуді құлағы естімейтін, сөйлей алмайтын жандардан үйрендім. «Ерінбеген етікші болады» демекші, аяқ киім тігу мұқият әрі сабырлы болуды талап етеді. Олардың көз майын тауысып отырып жасаған аяқ киімдері мен үшін ең қымбат бұйым көрінетін. Олар маған ескі аяқ киімді өңдеуді, өкшесін қадап, жыртылған жерін жамап беруді үйретті. Алдағы уақытта басынан аяғына дейін жаңа аяқ киім тігіп үйретпек болып жүргенде, мені әскерге алып кетті. Сөйтіп, әскерден келгенде, ол шеберхана ауысып кеткенін білдім. Қазір мені Қарттар үйінде бәрі жақын тұтады. Бірі тозған аяқ киімін алып келсе, енді бірі сынған өкшесін салып беруімді өтінеді. Аяқ киімдерін бізбен айналдыра тігіп беремін. Бұл менің сүйікті ісім болғандықтан, ешкімнен ақы сұрамадым. Бірақ олар әрдайым дастарқан жайып, шайға шақырып, түрлі сый-сияпат жасап тұрады. Осы сәтте қазақтың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөзі есіме түседі. Осы еңбегімнің арқасында мені де мұнда бәрі сыйлап, төрге шығарады. Көңілден асқан не бар, шіркін?! Олар маған риза болған сайын өз тірлігімді дұрыс жасап жүргенімді сезінемін, – дейді Сергей.

Бұл мекемеде төрт құбыласы тең, төрт түлігі сай ешкім жоқ. Есесіне олар бір-бірінің арқасын сүйеп, біріне-бірі қамқор, бір-біріне ерекше мейірімді. Олар өз мүмкіндіктерінің шектеулілігіне қарамай еңбек етіп жүр. Еңбек бәрін жеңетінін біледі. Сондықтан сыйлы, сондықтан құрметті!

 

 Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support