- Advertisement -

Қараңғыдағы жарық өмір

152

- Advertisement -

«Өзімді алсаң да, көзімді алма» дейді үлкендер. Осы сөзден маңдайдағы қос жанардың маңайыңды көрудегі үлесі мен адам өміріндегі алар орнының қандай биік екенін аңғаруға болады. Ұл-қызыңның бет бейнесін танымай, өз Отаныңның келбетін көз алдыңа елестете де алмай ғұмыр кешіру – қасірет. Алайда тағдырдан қағажу көрген, бір тамшы сәулеге мұқтаж жандарға қызмет көрсетіп жүрген жандар үшін облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы бұл олқылықтың орнын толтыру үшін барын салып келеді. Арнайы кітапхананың жаңа жоба, жаңа көзқарас пен тың идеяларды қолдану барысындағы жұмысы зағип оқырмандардың көңілінен шығып, оң септігін тигізуде.

– Заманауи өзгерісті қамтыған қызметтің бір түрі – кітапхана ісі бүгінгі күндегі әмбебап мамандықтардың біріне айналып отыр. Тек қана оқырмандардың кітапханаға деген сұранысын қанағаттандырумен шектелмейтін кітапхана қызметі қоғамның ақпараттық қана емес, басты рухани ордасы. Бүгінде кітапханадағы оқу залы қазіргі заман талабына сай жабдықталған. Кітапхана заманауи оқырмандардың қалауы мен талабын орындауда. Мұнда ұйымдастырылатын шаралар мұқият зерделеніп, асқан шеберлік пен көп ізденісті талап етеді. Жанарынан айырылған жандар естіп отырып, көргендей әсер алуы қажеттігі ескеріледі, – деді аталмыш кітапхана директоры Жанна Алшинбаева.

Кітапхана қызметін жандандыру мақсатында түрлі бағытта 2020 жылдан бастап, 9 жоба мен арнайы үйірмелер оқырман назарына ұсынылған. Соның бірі «Зағип және компьютер» үйірмесі. Бұл үйірмеге көзі көрмейтін және әлсіз көретін балалар мен оқырмандар қатысады.

Үйрену барысы қарапайым пернетақтамен танысудан басталады. Зағип жандар, пернетақта арқылы дыбысты нұсқаулықты қолданады. Әрі қарай, компьютерді қалай қосып, сөндіру, негізгі бөліктерімен танысу, операциялық жүйелерді орындау, офистік пакеттен пайдалану, жазу, сызу, жаңа папка ашып, қайта қалпына келтіру секілді қарапайым іс-әрекеттерді үйретуден бастау алған. Оқыту әдістемесін одан әрі жетілдіріп, кез келген зағип жанға ақпараттық технологиялардың қыр-сырын үйретуге мамандар қашанда сақадай-сай дайын. Мұндағы қызмет түрі тегін.

Одан өзге «Брайлист» үйірмесі де жұмыс жасауда. Бұл үйірме Брайль қарпін үйретіп, еркін кітап оқуға мүмкіндік ашады. Брайль қарпі – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы жазу жүйесі. Бұл әліпби көзі көрмейтін адамдарға жазу мен оқуға мүмкіндік береді.

Көру қабілеті нашар жандар үшін бұл қаріп тек байланыс құралы ғана емес, тілдік сауатты дамытудың да бір жолы болып табылады. Қаріпті тифлопедагогтың көмегімен үйренеді. Символдар мен қаріпті есте сақтаудың жүйелерін біліп, тактильді әріптерді қолданады. Ол паластикалық әріптер түрінде жасалған. Әр әріптің ортасында Брайль қарпі бейнеленеді. Мұндай жинақтың арқасында оқырман әріптің сұлбасын сезініп, бірден жаттай алады.

Ал Балалар жылы аясында жүзеге асырылған «Балалардан балаларға» жобасында мерейтой иелері мен жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын зағип балаларға насихаттау және қазақ әдебиетін сүйіп оқуға баулу мақсатында қала мектептерінің білім алушылары ақын- жазушылардың шығармаларын дыбыстап оқып, балаларға тарту етуде. Биыл Мұхтар Шаханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Төлеген Айбергенов, Ескен Елубаевтың өлеңдері дыбысталды. Сонымен қатар арнайы кітапхана ұжымы өз күшімен нүктелі-бедерлі және дыбыстандырылған кітаптарды шығарып, қорды арнайы әдебиеттермен толықтырып отыр.

Сондай-ақ «Изи травел» жобасымен зағип жандар аудиожазбасы арқылы серуендеу кезінде қала тарихымен терең танысуға мүмкіндік алады. Мұнда облыстың тарихи-мәдени ескерткіштері туралы мәліметтер қамтылған. Соның ішінде Айша бибі, Қарахан баба, Тектұрмас кесенелері және басқа да тарихи мәліметтер аудиоформатта ұсынылады.

«Тифло Асхана» атты жоба көз жанарында мүкістігі бар жандарға аспаздық дағдыларды үйрету арқылы бейімдеп, дыбыс бойынша түрлі тұрмыстық аспаптарды анықтап, ас үйде жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтауға баулып қана қоймай, түрлі тағам түрлерін жасауды да үйретеді.

«Шексіз кино әлемі» жобасына тоқталсақ, мүмкіндігі шектеулі оқырмандарға арналған тифлопікірі бар фильмдер мен мультфильмдерді көрсету арқылы жүзеге асады екен. Оқырмандар кино немесе видео сюжеттердегі болып жатқан әрбір іс-қимыл, адамдардың қас-қабағындағы эмоцияларын дыбыстандырылған тифлопікір арқылы біліп, толықтай елестете алады.

Ал «ТифлоМузей» жобасы арнайы кітапхананың «Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейімен» біріккен жобасы. Көру мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғамға бейімдеп, облыстық тарихи-өлкетану музейіне экскурсия жасату барысында бейнелеу өнері мұражайының көрмелерін, тұрақты экспозицияларын және тарихи жәдігерлерін қолымен ұстап, сипап сезіну мен ой-өрісін дамытып, мәдени құндылықтарға, халқымыздың тарихын, салт-дәстүрін танытып, тарихи жәдігерлердің түрлері мен тарихын танып, әрбір құнды заттарды қолмен ұстап, сипап сезінуге мүмкіндік береді.

«Қауіпсіздікті сақтайық» жобасы да зағип оқырмандар үшін өте қажетті жоба. Бұл жобада арнайы мамандардың көмегімен мүмкіндігі шектеулі жандар табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғанып қана қоймай, сонымен қатар төңіректегілерге жәрдем көрсетуге жаттығады.

Күн сәулесінің жарығын көре алмаса да, сезіндіру арқылы зағип жандардың жүрегіне нұр ұялатқан сәулелі кітапхана өз оқырмандары үшін осылай аянбай еңбек етуде.

 

 Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support