- Advertisement -

Дауды шешудің төте жолы – бітімгерлік

75

- Advertisement -

Еңбек, отбасы, адам құқықтарының сақталмауы секілді мәселелерді шешудің заманауи тәсілі – медиация. 2011 жылы 5 тамызда қабылданған заңға сәйкес, медиаторлардың негізгі мақсаты – қос тарапқа мәселені өздері шешуіне мүмкіндік беру. Соңғы жылдары елімізде медиаторлардың көмегіне жүгінушілердің саны күн санап арта түскен. Мәселен, облыс бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ағымдағы жылдың 11 айында 573 азаматтық іс қаралып, оның ішінде 77-сі бойынша тараптар бітімгершілікке келген. Сот отырысының хатшысы Самат Әбілдаевтың сөзінше, мұндағы бітімгерлер көбінесе азаматтар арасындағы түсініспеушілікті, кикілжіңдерді шешуге күш салады.

– Медиация бір жағынан сот жұмысын жеңілдетеді. Осы уақытқа дейін медиация дау-дамайды шешудегі тиімді құрал екенін көрсетіп үлгерді. Өйткені медиация тәртібімен шешілген азаматтық істер оң нәтиже берді. Шынтуайтында, медиация қазаққа жат ұғым емес. Себебі, ертеректе халық арасындағы жанжалдарды би, ақсақалдардың реттеп отырғаны белгілі. Бұл дауласушы тараптарды бір тоқтамға әкеліп, оларды татуластырудың жолы.

Қазіргі таңда медиаторлар бағытын айқындап, бір салаға негізделген. Бітімгерлер көбінесе азаматтар арасындағы түсініспеушілікті, кикілжіңдерді шешуге қатысады. Айта кетейік, құқық қорғау органдарына шағымданғандарға да сот процесі кезінде медиаторға жүгіну кеңесі берілуде, – деді Самат Қалмаханұлы.

Қос тараптың бітімге келуі – уақыт үнемдеудің де тәсілі. Оның үстіне, бұл зайырлы қоғамға тән іс-әрекеттердің көрінісі. Облыс бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған балалардың тұрғылықты жерлерін анықтау туралы талап-арызға сай азаматтық іс қаралыпты. Соттың көмегіне жүгінген талап қоюшы жақ балалардың тұрғылықты жерлерін анықтау туралы уәжін жеткізіп, келесі тараппен ерікті түрде келісімге келмегенін айтады. Алайда сот отырысының барысында қос тараптың бұл дауды медиация тәртібімен реттеу туралы ұсынысы ескерілген.

Ал шетелдік тәжірибеге көз жүгіртсек, мәселені сотқа дейін шешу АҚШ-та ХХ ғасырда қолға алынса, Швейцария, Норвегия, Швеция, Бельгия елдерінде 90 жылдары қолданысқа енгізілген. Бүгінге дейін орташа есеппен Еуропа халқының 74 пайызы тұтынушы құқығы мәселесі бойынша істі сотқа жеткізбей аяқтаған. Иә, бітімге келу экономика үшін ғана тиімді емес, адам құндылықтары мен көзқарасының жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетері анық.

 

 Есен ӨТЕУЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support