- Advertisement -

Елдіктің көрінісі, ерліктің нышаны

116

- Advertisement -

Барлық саналы ғұмырын туған елінің өркендеуіне, дамуына арнайтын, сол жолда аянбай еңбек ететін азаматтар болады. Олардың мәртебесі мен мерейі елдіктің көрінісі, ерліктің нышаны. Туған жеріне ту тігіп, өзінің өмірлік өнегесімен өзгелерге үлгі болған тұлғалар қандай құрметке болса да лайықты. Асыл мұратты азаматтардың ұрпақтары үшін де бұл теңдессіз үлгі болары анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығының қарсаңында «Шын мәнінде, Ахаңның өмір жолы – ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі», деген болатын. Президенттің бұл тұжырымы тарихи тұлғаларымызды ардақтаумен қатар, бүгінде арамызда жүрген мемлекеттік жоғары марапатқа ие болған азаматтарды да үлгі тұтып, қоғамда кең таныту қажеттілігіне меңзеу деп білеміз.

Кез келген жоғары жетістік тынымсыз еңбекпен ғана келеді. Халқымызда «Еңбек – ер атандырады» деген сөз бар. Еліміз Тәуелсіздік алған уақыттан бері бүгінгі күнге дейін 34 тұлға «Халық қаһарманы», ал 48 тұлға «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары атағын алыпты. Бүгінде елімізде көзі тірі 9 Халық қаһарманы, 35 Қазақстанның Еңбек Ері бар. Бұл азаматтардың бәрі де еліміздің дамуына үлес қосқан, қосып келе жатқан тұлғалар екенінде дау жоқ. Алайда осы уақытқа дейін «Халық қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары мәртебелі атағын алған азаматтарды насихаттау жұмысын жүйелі жүргізудің тетіктері жасалмаған екен. Енді биыл сол олқылықтың орны толып, маусым айында «Tayelsiz Qazaqstannyn Halyq Batyrlary» қоғамдық бірлестігі құрылған болатын. Бірлестік 20 маусым күні Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде арнайы тіркеуден өтті. Айта кетейік, бірлестіктің алға қойған мақсаттарының бірі – еліміздің жастарына рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру, ұрпақтар сабақтастығының дәстүрін жалғастыру, жалпыұлттық іс-әрекетті және бар күш-жігерді біріктіріп, мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне негізделген саяси мәдениетті қалыптастыруға қолдау көрсету. Сонымен қатар «Tayelsiz Qazaqstannyn Halyq Batyrlary» қоғамдық ұйымының құрылуы Президентіміздің нұсқауын жүзеге асыру жолындағы қадамдардың бірі деуіміз де әділ болмақ. Бұл ретте жоғары марапат иегерлерін насихаттау ісін де бір орталыққа біріктіру көзделген.

Жуырда, яғни 11 қараша күні Астана қаласында мемлекеттік мекемелер өкілдерінің, Парламент депутаттарының және үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен «Халық қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ері» мемлекеттік ең жоғары марапат иелерінің бірлестігі болып табылатын «Tayelsiz Qazaqstannyn Halyq Batyrlary» Республикалық қоғамдық ұйымының бірінші республикалық конференциясы өтті. Аталған конференцияда бірлестіктің тұжырымдамасы бекітілді. Сондай-ақ еліміздің аймақтарында филиалдар ашу және тағы да басқа өзекті мәселелер қаралды. Нәтижесінде еліміздің он қаласында бірлестіктің филиалдары ашылатын болды. Конференцияға аталған бірлестіктің төрағасы, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев төрағалық етті. «Еліміздің жүрегі Отанымыздың Астанасында бірінші рет батырлар жиыны өтіп жатыр. Еліміздің жастарының патриоттық сезімдерін, мемлекеттің беріктігін нығайтуда оның ықпалы зор», – деді Бақытжан Ертаев. Жиынға қатысқан Оралбай Әбдікәрімұлы, Қуаныш Сұлтанұлы, Ахметжан Смағұлұлы, Қайырбек Шошанұлы, Ұзақбай Сүлейменұлы, Иван Адамович, Мұқаш Зұлқарнайұлы бүгінгі күннің батырлары ретінде бар күш-жігерін Отан игілігіне, оның дамуына және жас ұрпақтың жақсылығына жұмсайтынын айтты. Сонымен қатар бірлестік жұмысы мен жоспарына қолдау білдірді. Жаңа бірлестіктің Айдын Айымбетов, Серік Ақшолақов, Мұхтар Алтынбаев, Абзал Ералиев, Бақытжан Ертаев, Мұқаш Ескендіров, Айман Мұсақоджаева, Иван Сауэр, Қайрат Үмбетов және Аягүл Төреқызы сияқты танымал тұлғалардан құралған 10 құрылтайшысы бар.

Бұрын өз дәуіріміздегі батырларды жатқа білетін едік. Алдымызда идеал тұтатын тұлғалар болды. Алайда түрлі жағдайларға байланысты қазіргі заман жастарының өз еліндегі мықты тұлғаларды тануы, өнеге тұтуы азайып бара жатқандай көрінеді. Сондықтан да тұлғатануда, олардың еңбек жолы мен жетістіктерін танып-білуде бұл бірлестіктің маңызы өте зор. Осы ретте конференция қатысушыларына белгілі азаматтардан бірнеше құттықтау хат келгенін де айта кеткен жөн. «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов, «Қарулы Күштерінің ардагерлері» Республикалық Қоғамдық Бірлестігі Орталық Кеңесінің төрағасы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев және Ресей Батырлар қауымдастығының президенті, Ресей Федерациясының батыры, генерал-полковник Владимир Шамановтың құттықтау хаттары да жиынның маңыздылығын арттыра түсті. Ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруды мақсат еткен бірлестік отырысында аталған ұйымды құруға атсалысқан, ұйымның жұмысына қолдау көрсеткен мемлекеттік құрылымдар мен бірқатар тұлғаларға ұйым атынан Алғыс хаттар табысталды. Аталған конференцияның мақсаты – батырлармен бірге алдағы жоспарларды талқылап, келешекте атқарылатын іс-шараларды айқындау. Сонымен қатар еліміз әрбір жоғары марапат иелерін жақын танып, олардың осы атақ-дәрежеге қалай қол жеткізгені жайлы еңбек жолындағы жетістіктерін көрсетіп, жас ұрпаққа үлгі ретінде жеткізу. Бұл ретте мектеп жасындағы баладан бастап, оң-солын таныған азаматтарға дейін бүгінгі күннің батырларын жоғары деңгейде құрметтеуге, олардың еңбегін насихаттауға бәріміз де бір кісідей атсалысуымыз керек. Жоғары марапатқа ие болған әрбір азаматтың мемлекет пен қоғамға сіңірген еңбегін бағалау жұмысы мұнымен тоқтап қалмай, одан ары қарай да насихаттау жалғасатын болады.

«Жақсының даңқы алдында жүреді» деген халық даналығы бар. Осы бірлестікке тіркелген әрбір азаматтың мемлекет пен қоғам алдындағы беделі, атқарған жұмысы да жастардың азаматтық белсенділігінің артуына, патриоттық сезімінің қалыптасуына әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан да аталған қоғамдық бірлестіктің әрбір мүшесінің еңбек жолын, азаматтық бейнесін, ізгілікті өмір салтын халық арасында кең насихаттайтын арнайы бағдарламалар құруды көздеп отырғаны да құптарлық дүние. Олардың жүзеге асуына бұқаралық ақпарат құралдарын, интернет-сайттарын және қоғамдық ұйымдарды кеңінен тартып, түрлі кітаптар, альбомдар, аудио-видео құралдарын дайындап, тарату жұмыстарын қолға алып отырғаны да патриоттық бастама деп білемін.

Атақ-дәреже адамға өздігінен келе салмайды. Ол үшін табанды еңбек керек. Аталған бірлестік де жастарды сол биікке ұмтылуға, жоғары марапатқа ие болған азаматтарды кеңінен насихаттауға үлес қосады деген сенім мол. Осы орайда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай, түзу істеңдер! Сендер адассаңдар – арттарыңнан Алаш адасады, арттарыңнан ергендердің обал-сауаптарына сендер қаласыңдар», деген сөзі ойға оралады. Бұл сөз қазіргі ел ағалары мен ел аналарының жастарға ұлттық, рухани-адамгершілік, патриоттық тәлім-тәрбие беру ісіне асқан жауапкершілікпен қарау керектігін еске салады. Қорыта айтқанда, жоғары марапат – бұл жай ғана нәрсе емес. Оның иегерлері қайда жүрсе де сол атына сай болуға міндетті! Бұл олардың мемлекет алдындағы жауапкершілігін, адалдығын көрсетеді. Енді осы рухани-патриоттық қазынаны ары қарай да жүйелі пайдалану тетіктерін мұқият ойластырған жөн деп санаймын.

 

Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support