- Advertisement -

Мемлекеттің бірден-бір бастауы – халық

101

- Advertisement -

Еліміз құқықтық және әділ мемлекет құру жолымен ілгерілеп келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекетіміздің стратегиялық бағдарының басым міндетінің бірі – саяси жаңғыруды біртіндеп жүзеге асыру» деген болатын. Жалпы, елімізде адам құқықтарын қорғау мәселесі егемендік алған алғашқы жылдан ерекше назарда тұр. Осыдан 27 жыл бұрын қабылданған Ата Заңымызда да, кешегі өткен референдумнан соң Конституциямызға енгізілген өзгерістерден соң да еліміз өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық жəне əлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырып, ең қымбат қазынасын – адам жəне адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп бекітті. Отыз жылдан бері қастерлеп келе жатқан тәуелсіздігіміздің басты ұстанымының бірі де осы – адам құқықтарының сақталуы. Шындап келгенде, бұл біздің ең жанды жеріміз. Өйткені «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» болса, басты заңға сәйкес «Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс» дейді Президент.

Жүргізушіге жетіспейтініжүргізуші мәдениеті

Бүгінгі таңда Жуалы ауданы полиция бөлімі аудан аумағында құқықбұзушылықтардың алдын алу, ескерту, қоғамдық қауіпсіздік пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жоспарлы жұмыстар атқарып келеді. Аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Дәурен Сапиевтің айтуынша, бүгінге дейін орын алған қылмыстар мен жол-көлік оқиғаларына талдау да жасалған. Қылмыстың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған іс-шараларға жеке құрам мүшелері толық жұмылдырылған. Іс-шара барысында жеке құрамның қызметі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу, орын алған қылмыстарды ашуға бағытталыпты.

Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда автомобиль жолдарындағы жол- көлік оқиғаларының орын алуына жүргізушілердің қателіктері себеп болып жатады. Бұдан кейін оған көліктердегі түрлі техникалық ақаулар, жолдың нашарлығы, ауа райының қолайсыздығы және тағы басқадай жанама факторлардың да әсер ететіні белгілі. Бірақ бәрібір, жол-көлік апаттарының дені жүргізушілердің жол ережесін сақтамауынан, жауапкершіліктің аздығынан, жүргізуші тәжірибесінің жоқтығынан туындауда.

Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының бағдаршамы жоқ жол қиылыстарында жүргізушілердің ережені білмеуінен де орын алып жататыны белгілі. Яғни, бұл жерде кейбір жүргізушінің дайындығының төмендігін де аңғару қиынға соқпайды. Көп адам жол ережесінен бөлек, жолда жүргізуші мәдениетінің де бар екендігін ұмытпауы керек. Яғни, ол жол ережесін қатаң сақтау арқылы да өзге көлік иелеріне құрмет көрсеткен болады. Бір-біріне жүргізушілер көлік жүргізу мәдениетін таныту арқылы да талай жол-көлік оқиғасының алдын алуға болатынын ескерсе.

– Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің жеке құрамымен жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып отырады. Жол-көлік оқиғалары орын алған тұстар жолдың қауіпті аймақтары саналып, мұндай аймақтарға тәулік бойы автопатрульдеу қойылуда. Жеке құрамның қызметі өрескел жол ережесін бұзған деректерді анықтау, оның ішінде ішімдік ішіп автокөлік құралын басқару, қарама-қарсы бағытқа шығып кету, авариялық ахуал туғызу, бағдаршамның тыйым салынған белгісінен өтіп кету және тағы басқа деректерді анықтауға бағытталған. Ауданда адамдардың жарақаттануына және қаза болуларына әкелген 28 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Осы жол-көлік оқиғаларының, яғни жүргізушілердің жол ережесін сақтамауынан 20 азамат оқиға орнында және жедел жәрдем қызметімен ауруханаға жеткізілгеннен кейін алған жарақатынан қайтыс болған. Жеңіл және ауыр жарақатты 46 азамат алған. Былтыр бұл кезеңде 29 жол-көлік оқиғасы орын алып, 6 азамат қайтыс болып, 45 адам жарақат алған еді.

Қауіпсіздік жол жүру ережесін жатқа білумен ерекшеленбей, оны өзіңе, өзгеге деген құрмет арқылы да қолданған жөн. Өз бетінше оқып, жүргізуші куәлігін алған соң олар да өз білімдеріне, көлік жүргізу даярлығына сенімді. Біз бұл арада адамның өз бетінше ізденіп, оқып, қажетті білім аларына күмән келтіріп отырған жоқпыз. Статистикаға қарасақ, жол-көлік оқиғаларының дені жүргізушілік өтілі бір жыл болмаған көлік тізгіндеген азаматтардың кінәсінен орын алады, – дейді Дәурен Сапиев.

Адам құқығыең биік құндылық

Ең алдымен айтатынымыз – еліміз тəуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ əлемдік деңгейдегі құқықтық қалыптың барлығына, соның ішінде адам, азаматтардың құқықтары мен мүдделеріне ерекше мән берді. Ата Заңның алғашқы бабында да «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам жəне адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», деп тайға таңба басқандай жазылды. Яғни, еліміз ең бірінші орынға адамды қойды. Алдымен оның өмірін жоғары бағалады. Сол себепті де айналамыздағы жұрттың барлығы Қазақ елін жай ғана мемлекет деп емес, адам құқығын қамтамасыз ететін егемен ел деп біледі.

Сабырмен сансыз қиындықтарды жеңген еліміз ең бірінші мемлекет деген ұғымның емес, адам деген асыл құндылықтың бағасы биік тұратынын айшықтап берді. Кеңес заманында бұл ұғым керісінше еді. Бірінші орынға мемлекетті қойған одақ одан кейін қоғамды, ал адамның құқын үшінші кезекке ысырып тастаған болатын.

Ел дамуының ең маңызды құжатына айналған Конституцияның алғашқы екі бөлімі халықаралық құқықтық шарттарға сай адам құқықтарын қорғауға негізделген. Жалпы әлеуметтік жəне экономикалық, азаматтық пен саяси құқықтың барлығын бір жерге біріктірсек те, нормалардың ішінде адам құқының қорғалуы басымырақ түседі.

Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің жеке құрамымен аудан аумағында көшелер мен қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету мақсатында жеке құраммен алдын алу жұмыстары ұйымдастырылып отыр. Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторлары, ювеналдық полиция тобының инспекторлары көшелерде патруль бағыттарында күндізгі және түнгі уақытта автопатрульдеу және жаяу патрульдеу жұмыстарын атқаруда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында ел өмірінің саяси, әлеуметтік, экономикалық, әскери және басқа да қырлары толыққанды қамтылды. Соның ішінде қоғам тыныштығын сақтауда тәртіп сақшыларының атқарар міндеті көп. Қоғам дамуында елдің ішкі саясаты нық, ішкі тәртібі бекем болуы аса маңызды. Полиция қызметкерлері сол тәртіпті қамтамасыз етіп келеді. Жолдаудағы тың өзгерістер мен ел дамуының басым бағыттары тәртіп сақшыларының да жұмысын қамтыған.

Тағы бір ерекше атап өтерлік мәселе, құқық қорғау органдарын реформалау туралы. Бұл сала әрдайым қоғамның жіті назарында болатындығы белгілі.

 Мұндай жағдай енді қайталанбасын !

«Қасіретті қаңтар» оқиғасы тәртіп сақшылары үшін нағыз сынақ болды. Ол кезде арандатушылардың кесірінен шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Оның ақыры мемлекетке қарсы бүлік шығаруға әкеп соқтырды», дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Дәурен Сапиев.

Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қанатты сөзін осы кезде ел азаматтары естен шығарып алғандай болды. Арандатушылардың айтағына еріп, қоғам тыныштығы бұзылды. Осы оқиғаға байланысты Президентіміз талдау жасай келіп, Қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетіп, рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдады.

«Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан мен Қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым. Рақымшылық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға қолданылмайтыны түсінікті. Сондай-ақ лаңкестік және экстремистік қылмыс жасағандарға, рецидивистерге, жұртты азаптағандарға рақымшылық болмайды. Біз адамгершілік таныта отырып, осы қайғылы оқиғадан тиісті қорытынды жасаймыз. Мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбайды. Бұған жол бермейміз», деп түйінін қойған еді Президент.

Шындығына келгенде Қаңтар оқиғасы мемлекетіміз үшін зор сынақ болды. Онда орын алған оқиғалар расымен де бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді. Сол күндері ел халқы Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінгендей болды.

Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасына қатысушыларға байланысты «Рақымшылық жасау» туралы заңға қол қойды. Иә, бұл жолғы рақымшылықтың жөні бөлек.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған адамдардың отбасына материалдық қолдау көрсету жөніндегі бастамасы да әділ шешім болды. Бұл қоғамдағы түйткілді мәселелердің өз уақытында шешілетінін көрсетті.

Қырағылықты арттырса, ұрлық та тыйылады

Бүгінгі таңда өзекті болып тұрған мәселенің бірі – мал ұрлығы. Халқымыз үшін де төрт түліктің орны ерекше. Амандасқанда да «мал-жан аман ба?» деп хал сұрасамыз. Себебі, ел малмен күн көреді. Ауыл халқы әлі де малмен жан бағып отырғаны белгілі. Өкініштісі, ел ішінде мал ұрлығына тыйым болмай тұр. Осы ұры-қарлыққа қатысты жазаны ауырлату туралы алдыңғы жылы Мемлекет басшысы бірнеше заңға қол қойып еді. Атап айтсақ, мал ұрлағандар мен мас күйінде көлік жүргізгендерге қатысты заңды қатайтқанын жақсы білеміз. Ал мал ұрлығын ауыр қылмыс санатына қосқан болатын. Сондай-ақ заңда ол қылмыстық топтың құрамы мен көлеміне қарай барымташыларды 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру да қарастырылған.

Қазіргі таңда еліміздегі халықтың 42 пайызы, ал өңірімізде 63 пайызы ауылды жерде тұрады. Олардың көпшілігінің негізгі табыс көзі – қорасындағы малы. Сол себепті, егер қылмыскер қора-жайға, фермаға ұрлыққа түсіп, үлкен мөлшерде шығын әкелсе, ұрылар ұрлықты топтасып істеген болса, бұл ауыр қылмыс санатына өтеді. Заңға енген өзгерістерге сәйкес мұндай жағдайда екі жақтың ымыраға келуі арқылы да қылмыстық іс тоқтатылмайтын болды.

– Биыл ауданда бөтеннің мүлкін ұрлау мен мал ұрлығы бойынша қылмыс өткен жылмен салыстырғанда төмендегені байқалады. Атап айтсақ, осы жылы бір ашықтан-ашық тонау оқиғасы орын алып, қылмыскер құрықталды. Есірткі бойынша 15 қылмыс тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға төмендеген. 12 қылмыстық теріс қылықтар орын алып, ол 33,3 пайызға төмендеген. Бір өкініштісі, бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстары 15 қылмысқа жоғарылап, 7,1 пайызға өскен, ашылуы 65,2 пайыз. Оның ішінде, пәтер ұрлығы 7, ұялы телефон ұрлығы 3 қылмысқа артқан. Ал мал ұрлығы бойынша екі қылмыс тіркеліп, 66,7 пайызға төмендеп отыр, – дейді аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Есім Ордабаев.

«Өз басым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мал ұрлығына қатысты заңды қатайтқанын құптаймын. Оны дер кезінде қабылданған дұрыс шешім болды деп есептеймін. Бұдан бұлай ұрыға, әсіресе елдің қорасына түсіп, жайылымынан айдап кеткен маңдай терімен тапқан малын ұрлағандарға аяушылық болмауы керек. Ендігі жерде, ұры заңнан ғана емес, ауыл халқының қаһарынан қорқуы керек. Әрбірден кейін мал ұрлығы болған ауылдың да учаскелік полиция инспекторын жауапкершілікке тарту керек сияқты. Өйткені ол ондағы барлық адамды таниды, кімнің ұрлық жасауға бейім екенін біледі. Өмірлік тәжірибенің өзі қай ауылдың заң қызметкері жұмыс істемейді, сол ауылда мал ұрлығының көп болатындығын көрсетіп отыр. Қалай десек те таяқтың екі ұшы бар. Бір ғана айтарым, ауылдық округтердегі құқық қорғау қызметкерлерінің қырағылығын арттырса, ұрлық та тыйылады, – деді аудандық мәслихаттың депутаты Зайырбек Сұлтанмұратов.

Отбасылық зорлық-зомбылыққа жол берілмейді

Мемлекет басшысы Жолдауында отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүргенін айтты. «Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шараларды қолдануы керек» дейді.

Президент айтпақшы, мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бірақ қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды.

Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Есім Ордабаевтың айтуынша, бүгінгі таңда отбасы аясындағы құқықбұзушылықтар бойынша түскен шағым-арыздар, хабарламалар бойынша учаскелік полиция инспекторлары оқиға орындарына жедел шығып, тиісті шара қабылдап отырады екен.

– Ағымдағы жылдың тоғыз айында отбасы шырқын бұзған 20 азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалып, соттың қарауына жолданды. Бұдан бөлек, басқа да осыған ұқсас хабарламалармен қоса жалпы 124 азаматқа қатысты қорғау нұсқамалары шығарылып, есепке қойылды. Есепке қойылған бұл азаматтар тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексеріліп, алдын алу жұмыстары жүргізіліп келеді. Отбасының шырқын бұзған 16 азаматқа сотпен ерекше талап қойылды. Есепке қойылған бұл азаматтар тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексеріліп, алдын алу жұмыстары жүргізіліп отырады, – дейді ол.

Сондай-ақ Президент Жолдауда нашақорлықпен күрес, синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керектігін тапсырды. Негізінен отбасы шырқын бұзатын факторлардың бірі – үй егесінің ішімдікке немесе нашақорлыққа салынуы болуы да бек мүмкін. Жалпы бұл биліктің де назарында тұрған мәселе. Аудандық полиция бөлімі есепте тұратын тұлғалар тарапынан қылмыс пен басқа да құқықбұзушылықтарға жол бермеу мақсатында олармен алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда ауданда профилактикалық есепте ішімдікке салынған – 79, есірткіге әуес – 41, бұрын сотты болған – 22, жүйке ауруымен ауыратын – 127, мерзімінен бұрын шартты түрде босанған – 12, қорғау нұсқамасы шығарылған – 17, сотпен ерекше талап қойылған – 5, шартты түрде сотталған – 63, әкімшілік қадағалауға жататын – 9 азамат пен 33 жасөспірім есепте тұр.

— Жоғарыда есепте тұрған азаматтардың ішінде отбасы шырқын жиі бұзатындар да бар. Тұрғындардан түскен арыздарды саралай келіп, есепте тұратын маскүнемдер мен нашақорлар тарапынан құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, Тараз қаласындағы еріксіз емдеу орталығына маскүнемдікке салынған бір азаматты соттың шешімімен орналастырдық, – дейді Есім Ордабаев.

Ата Заңымыз айқындап берген, ал Президенттің Жолдауында «мықты, әділ әрі озық мемлекет құрудың бірден-бір дұрыс жолы» деп басымдық берілген адам құқығы әрбір қазақстандықтың сана-сезімінде, іс-әрекетінде әрқашан бірінші орында тұруы қажет. Себебі, адам құқығы қашаннан ең биік құндылық болып қала береді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support