- Advertisement -

Саяси көшбасшы әйелдерді дайындау жобасы басталды

252

- Advertisement -

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Әйелдердің саяси көшбасшылық мектебі» жобасының іске қосылуы туралы өткен баспасөз конференциясында облыстағы әйелдер күштері альянсының төрайымы Әмина Қайназарова әйелдер көшбасшылығын ілгерілетумен айналысатын ұйымның жобалары туралы қысқаша хабардар етіп, «Әйелдер саяси көшбасшылығы мектебі» бағдарламасының басталуына Қазақстан әйелдер күштерінің альянсы бастамашы болғанын айтты.

Әмина Рысбекқызының айтуынша, әйелдер күштерінің альянсы – бұл әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауда, гендерлік теңсіздікке байланысты мәселелерді шешуде, сондай-ақ адамзаттың әдемі жартысының өкілдерін саясатта, экономикада және қоғамдық жұмыстарда ілгерілетуге мүмкіндік туғызуға арналған үкіметтік емес ұйым.

– Бүгінгі күні әйелдердің өзін-өзі дамытуына барлық жағдай жасалған. Олардың қоғамдық және саяси өмірге қатысуы артып келеді. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде партиялық тізімдерде әйелдер мен жастарға 30 пайыз квота беру туралы талап енгізілді. Бұл біздің елімізді саяси және мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі жоғары мемлекеттерге жақындататын алғашқы қадам болды. Облыста әйелдердің 47 пайызы мемлекеттік қызметшілер болып табылады, олардың 30 пайызы басшылық лауазымдарда. Алайда барлық деңгейдегі мәслихаттарда әйелдердің үлесі тек 28 пайызды құрайды. Осы орайда облыс қыздарының «Әйелдер саяси көшбасшылық мектебінде» оқуда өз күштерін сынап көруіне тамаша мүмкіндік туып отыр. Мектептің жұмысы әйелдерді қоғамдық-саяси, заңнамалық жұмыстарға, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдар мен атқарушы билік органдарына ұсыну үшін кадрлық резервін қалыптастыруға бағытталған. Мектеп, жетекші әйел саясаткерлермен менторинг бағдарламасына қатысуға мүмкіндік береді, – деді облыстың саясаткер әйелдер клубының төрайымы Гүлсін Орынбаева.

– Біз «Әйелдер саяси көшбасшылығы мектебіне» қатысуға өтінімдерді қабылдаудың басталғанын қуана хабарлаймыз. Курс 30 сағатқа есептелген және осы жылдың қараша-желтоқсан айларында Тараз қаласында өтеді. Жобаның мақсаты – Қазақстанның жетекші әйел-саясаткерлерінің тәжірибесіне сүйене отырып, әйелдерді басқару дағдылары мен бәсекеге қабілеттілікке оқыту арқылы әйелдердің саяси көшбасшылығын дамытуға елеулі үлес қосу болып табылады. Мектепке қатысушылар мемлекеттік құрылымдарда және атқарушы органдарда жұмыс істегісі келетін, саясаткерлердің кадрлық резервіне кіргісі келетін әйелдер болуы мүмкін. Біз депутаттардың сайлауалды бағдарламасын құру, сенімді сөйлеуді меңгеру, өз ұстанымын сенімді түрде дәлелдей білу, қарсылықтармен жұмыс істеу тәсілдері, арандатушылық сұрақтарға жауап беру мәселелерін қарастырамыз, яғни саяси қызметте қажетті маңызды дағдыларды қалыптастыруға көмектесеміз. «Әйелдер саяси көшбасшылық мектебіне» республика мен Тараз қаласының үздік спикерлері тартылды. Спикерлер сөйлеу өнері, әйел көшбасшылығы феномені, жеке іскерлік стиль мен имиджді құру тақырыптарында сөз сөйлеп, «Жеке бренд» мәселелерін де қарастырады, – деді облыс әйелдерінің саяси көшбасшылық мектебінің директоры Айнұр Жексембинова.

Мектеп туралы барлық ақпарат womenpolitic.taraz Instagram аккаунтында көрсетіледі. Тренинг соңында Қазақстан әйелдер күштері альянсы жанындағы «Әйелдердің саяси көшбасшылық мектебінен» өткені туралы сертификат беріледі.

Мектепке қатысуға өтінімдер 2022 жылдың 21 қарашасына дейін қабылданады. Қатысушылар түйіндемені klub-zho@mail.ru электронды поштасына, сондай-ақ 8 705 555 2131, 8 707 499 3960 whatsapp нөміріне жібере алады.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support