- Advertisement -

Орындалмаған жоспар жетерлік

8

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды», деп атап көрсеткен еді. Президенттің бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш көшеттерін отырғызу тапсырмасы өңірде кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Елімізде орман қоры небәрі төрт-ақ пайызды құраса, орман алқабы алты миллион гектардан аспайды. Ал оның дені Жамбыл облысында орналасқан.

Соңғы кездері тал егу дәстүрі еліміздің түкпір-түкпірінде қолға алынып, тиянақты мән берілуде. Мұның өзі қоғамға пайдасы зор игі бастама.

Осы қағиданы ұстанған облыс жұртшылығы осы игі бастаманы жалғастырып, өз үлесін қосып келеді. Дана халқымыздың «Бір тал кессең, он тал ек», «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын» деген қағидалары тал егудің адамзат тіршілігі үшін аса бір маңызды, қажетті іс екендігінің дәлелі.

Президент тапсырмасына сәйкес, облысымызда 814,6 гектар алқапқа 970 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Өткен жылы Тараз қаласы мен аудандарда 151,2 гектарға 179 мың ағаш көшеті отырғызу көзделген еді. Жыл қорытындысымен 166 гектар алқапқа 232,2 мың түп ағаш көшеті отырғызылып, жоспар 53,2 мың түпке артығымен орындалған болатын. Атап өтерлігі, бұл істе Тараз қаласы, Байзақ, Қордай мен Жуалы аудандары белсенділік танытқан еді.

Дегенмен аудандар арасында тиісті жоспарды Меркі, Талас және Шу аудандары толығымен орындай алмады. Жыл қорытындысымен облыс бойынша ағаштардың өсімталдығы 57,6 пайызды құраса, ең төменгі шығымдылық Шу ауданында тіркелді. Отырғызылған ағаштар тек Сарысу ауданында ғана қоршалған.

Ағаштарды суару аудандардың басым бөлігінде арық жүйесі арқылы жүргізілген. Ал биыл Тараз қаласы мен аудандарда барлығы жоспарға сәйкес, 161,2 гектар алқапқа 191 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған еді. Көктем айларында отырғызылған ағаштардың жағдайы бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, жоспар аясында 78,5 гектар алқапқа 83,7 мың түп ағаш көшеті орналастырылған. Оның ішінде, Жуалы, Талас және Сарысу аудандары тиісті жоспарды толық орындаса, отырғызылған ағаштардың жалпы шығымдылығы 77 пайызды құраған.

Бұл жұмыстарды атқару үшін жоғарыдағы аудандарға 32 миллион теңге қаржы қарастырылған. Ал Қордай, Байзақ, Меркі аудандарында ол демеушілер тарапынан орындалған. Қазіргі таңда жоспарды толық орындамай отырған Байзақ, Қордай, Меркі, Жамбыл аудандары және Тараз қаласы бойынша ағаш отырғызу жұмыстары күз айында жалғасуда.

Т.Рысқұлов, Шу мен Мойынқұм аудандарында тал-дарақ отырғызу аудандық бюджеттен қаржының бөлінбеуі себебінен жоспар орындалмаған. Оны аудандар осы күзде орындауға күш салуда.

Өңірлік жоспарға сәйкес, алдағы жылы Тараз қаласы мен аудандардың барлық елді мекендерінде 169,3 гектар алқапқа 205 мың түп ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз.

 

 Айбар ӘДІЛБАҚОВ,

облыс әкімдігі табиғи ресурстар

және табиғат пайдалануды реттеу

басқармасы басшысының орынбасары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support