- Advertisement -

Бидің жазбалары

105

- Advertisement -

Жәмбай қариямен жол үстінде таныстым. Адам жатырқамайтын ақкөңіл екендігі ә дегеннен білінді. Қазақтың баласы екен. Атамекеніне көшіп келгеніне 10 шақты жылдың жүзі болыпты. Кішкентай қалада тұрған соң ба, жиі кездесіп жүрдік. Күндердің күнінде бар сырын ақтарды. Құлағымды түрдім. Айтуына қарағанда бұрынғы келіні мен оның азаматтық некеде тұратын күйеуі қарттың әбден мазасын алған. Әңгіме төркіні 5-6 жыл бұрын басталған көрінеді. Кішкентай қалада жұмыс жоқ. Ал келіні болса Талдықорғандағы әпкесіне «сол жердегі үлкен базарда сауда жасаймын» деп кетіпті.

Шайқалған шаңырақ

Алғашқы кезде күйеуімен және үйде қалған үш баласымен ұялы телефон арқылы сөйлесіп тұрған. Күндердің күнінде хабар-ошарсыз байланыс үзілген. Адам жоғалған малын да іздемей ме?! «Келінім бірдеңеге ұшырап қалмады ма екен, әйтпесе бұлай хабарсыз кетуі мүмкін емес. Талдықорғанға барып мән-жайды біліп қайт» деп ұлымды жұмсадым. Бір апта өткен соң ұлым салы суға кетіп үйге оралды. Үн жоқ, тілін жұтып алған сияқты. Адамның іші шиша ғой келініміздің мінезі жеңілдеу екендігін білеміз, ішіміз қып ете қалды. Шешесі екеуіміз жайлап отырып сұрастырдық. Баламыз әрең дегенде ашылды.

Айтуына қарағанда, қайын бикесінің үйіне барған. Барған бетте ол: «Ей, неғып жүрсің?» деп бажылдай жөнеліпті. «Бір қатынды баға алмасаң несіне еркекпін деп жүрсің! Сүмеңдемей қараңды батыр, Бағила енді саған жоқ» деп күйеу баласының кеудесінен итеріп үйден шығарып жіберіпті. Бетпақпен бетпақ бола ма, баламыз «қой, ақыры келдім, базарда болса кездесіп қалармын» деген оймен көк базарға барады. Іздестіріп, сұрастырып бір дүңгіршектен тауып алады. Сөйтсе келініміз орталарында бір еркек, дастарқанды жайып тастап әндетіп, ішімдік ішіп отыр екен. Ұят та жоқ, аят да жоқ: «Сен сүмелекті кім шақырды, сені танымаймын» деп айқай-шу шығарыпты. Қан базардың ішінде мұндай сұмдықты кездестірем деп ойламаған ол бір ауыз тіл қатпастан бұрылып, жолдан такси ұстап, вокзалға барып, ауылға қайттым дейді.

Баламызға не дейміз, ішіміз қан жылайды, аяймыз. Бәрінен бұрын үш ұл-қызы әкесін құшақтап: «Анамызды неге алып келмедің?» деген сөзін естіп көзімізге жас келеді. Ұлым Еркінбек оларға аналарын жамандасын ба: «келеді, келеді» дей береді. Ағайындарымыз да үйге келіп бірдеңелерін жоғалтқандай: «келін келмеген бе?» деп сыр суыртпақтайды. «Базарда сауда жасап жүр, жақында келеді» деп өзімізше сыр бермейміз. Сөйтіп жүргенімізде баламыз ішкілікке салына бастады. Бір жағынан тұрақты жұмысы жоқ, екінші жағынан әйелінің түрі анау, жүйкесінің сыр бергені анық. Тозып бара жатқан балама: «Қарағым, арақ ішіп әйеліңді жеңе алмайсың. Одан да мына үш балаңа дұрыс әке бол!» деп білген ақылымызды айтамыз. Баламның ішетіндейі де бар екен, келініміз Бағила ұялы телефон арқылы жаңадан тауып алған «күйеуі» екеуінің суреттерін жіберіп: «Ей, байғұс, көрдің бе бізді, біз бақытты отбасымыз» деп жазатын көрінеді. Мына сөзге жүрегі тас болмаса, сезімі бар адам шыдамайды, әрине.

Сонымен жыл өтті, келін жоқ. Немерелеріміз анда-санда «анамыз қайда?» деп жылайды. Ұлыма бар десем беттемейді. Сонан соң тәуекелге бел буып, келінді өзім іздеп жолға шықтым. Әуелде сонау қиянарқасы Талдықорғанға бардым. Құдашамыз мені салқын қарсы алды, келініңіз Таразға кетті деді. Салпаңдап қайта Таразға келдім. Келініміздің ағайын- туыстарын аралап, ақыры бір үйден тауып алдым. Ой, Алла-ай сізге өтірік маған шын, бір бөлменің ішінде 3-4 әйел жатады екен. Бөлменің іші лас. Келінім де қызара бөртіп отыр. «Ей, шал, қай бетіңмен келдің?» дейді маған. Баяғыда бір шешен: «Сексен бес көрейін деген жасым ба еді, быламық ішейін деген асым ба еді?» деп қатты налыпты. «Астафиралла» дедім. Үй ішінде мосқалдау әйел: «Бұл шалың кім?» деді, маған оқшая қарап. Өзі алқам-салқам киініп алған. Бетпақ екендігі түрінен көрініп тұр. Келініммен әңгімем жараспайтынын біліп, әлгі әйелге:«Сыртқа шығып сөйлесейік, қарағым» дедім. Оңашаланған соң, Бағиланың келінім екенін, оның үш ұл-қызын барын айтып едім әлгі келіншек: «Ойбай, не дейді, күйеуім жоқ. Бойдақ әйелмін» деп менің балама тиіп алған жоқ па?» деп бармағын тістеді. «Болар іс болды, келін енді бізге адам болмайды, ұлым екеуін ажырастырамын» деп мен кеттім.

Сонымен не керек, ұлым әйелі екеуі арасындағы некені бұзу туралы Тараз қаласындағы қалалық сотқа арызын берді. Олар да иманжүзді кісілер екен, әйелді шақырып, тұрып жатқан үйін көріп, шошыды ма:«Сіздің үш баланы асырауға еш мүмкіндігіңіз жоқ, үш баланы атасы мен әжесінің қамқорлығында қалдырамыз» деген үкім шығарды.

Міне, бәле содан басталды. Алты айдың жүзі болды, келініміз оның жаңадан тауып алған күйеуі бізге телефон шалып:«Сен қақпас шалды өлтіреміз, үш баланы қайырасың, әйтпесе көресіні көрсетеміз» деп аузына келгендерін оттап, үрейге салып қойды. «Құрысын қойшы, ит те болса анасы ғой» деп үш ұл-қызын қаладағы үйіне апарып тастап та кеттім. Қанша дегенмен әлгі екеуінің бұзылған кейпін көріп, жанымды қоярға жер таппай барсам үшеуі: «Ата, бізді алып кет, біз бұл үйде тұрмаймыз» деп мені құшақтап, жамырай жыласты. Мұндайда сен де қосыла жылайды екенсің. Келінім болса, ұялатын түрі жоқ: «Сен қақпас, мыналарды маған қарсы қойып тастапсың» дейді сазарып. Немерелерімді алып қайттым. 2-3 күн болды, келініміздің жолдан қосылған күйеуі телефон шалып: «Сенің ажалың бізден. Жаның барда балаларды қайыр» дейді. Ең болмағанда жасы он үшке келіп қалған үлкен немеремді жіберейін десем, өзіңіз көріп, біліп жүрсіз, өгей әкелер небір сұмдық жасап жатыр, сондай бәле бола ма деп қауіптенемін» деп Жәмбай ақсақал кемсеңдеп, әңгімесін аяқтады. «Ағайындардың айтуымен билер кеңесіне жүгінейін деп келдім. Қандай көмектеріңіз бар?» деді. Тыңдап отырып: «Біздің халық не болып кеткен өзі? Адамдарда иман қалмаған ба?» Осыдан 150 жыл бұрын Ұлы хакім Абай: «Қазақ баласы екі жақсы нәрседен ар және намыстан ажырап қалды» деп қынжылғанындай біз осы тағылыққа бет алған жоқпыз ба деп іштей күйзелдім. Олай кіжінетінім, қазақтың қай баласы атасының сақалына жармасып еді?! Бәлкім, Мөңке би айтқан ақырзаманның басы осы ма деп ой қорыттым. Әбден ойланып барып Жәмбай ақсақалға арызын жаздыртып, бұл дау-дамайды Рахметбек Алдабергенов биге тапсырдым.

Қош, сонымен Рахметбек би екеуміз ең алдымен Жәмбай ақсақалдың келіні Бағилаға телефон шалдық. Дау-дамайды шешуде дөрекілікке, артық сөйлеуге болмайтынын, ең алдымен мәмлегерліктің жүретінін Рахметбек би де біледі ғой. Сол әдісімен Бағилаға мән-жайды түсіндірді. Ал ол болса: «Аға, мен баламмен ауруханада жатырмын, шыққан соң сөйлесейін» депті. Баласы несі? Сөйтіп сұрастырсақ, оның кейінгі «күйеуінен» некесіз туып алған тағы бір баласы бар болып шықты. Төрт жыл бала-шағасынан безінгенде қарап жүрмеген көрінеді. Ол баласы дімкәс деп естідік. Көп уақыт өтпей Рахметбекке Бағиланың күйеуі телефон шалып: «Онда сендердің не жұмыстарың бар? Мен оны қорғаймын» деп дөң айбат көрсетпей ме. Рекең болса: «Қарағым, айналайын, сенде ешқандай шаруамыз жоқ, бірге бақытты ғұмыр кеше беріңдер. Бірақ шалдың мазасын алғанды қойыңдар» дейді. Бір сағаттан соң Жәмбай ақсақал бізге телефон шалып: «Ойбай қарақтарым, ана бәлелер билер кеңесіне неге айтасыңдар? Қазір барып талқандарыңды шығарамын» деп қорқытты деді. Ұрыста тұрыс жоқ. Шайқалған шаңырақтың қайта қалпына келуі де мүмкін емес қой. Сол жағын ескеріп, екі жақты да сабырға, бітімге шақырдық. Айлап түсіндірдік, жайлап түсіндірдік, ақыры екі жақ бітімге келді. Бағиланың барған жерінің бір естиярлау әйелі: «Кінә бізден екен, енді шалдың мазасын алмаймыз» деп бәтуәға келді.

Содан бері де 3 жыл уақыт өтті. Жәмбай ақсақал бүгінде немерелерімен жаймашуақ күн кешіп жатыр. Әрине, немерелерінің анасын аңсайтыны заңдылық. Бірақ ондай көкек ананың қадірі қайтып орнына келмейтіні өкінішті…

 Намысы жоқ еркек

«Самарқандта бір апайым бар, ол менен де өткен сорақы» депті бір әйел. Сол айтқандай, өмірімізде болып жатқан небір сұмдықтарды естуден гөрі көзбен көру бір бөлек әңгіме. Талас аудандық соты тағы бір отбасының неке бұзу туралы өтінішін қарауды ұсынып, ұйғарымын жіберді. Әділ шешу үшін екі тарапты да шақырдық. Бір таңғаларлығы арыз беруші әйелдің күйеуі шешесімен бірге келді.

Шамасы ол жазған шешесін қалқан қылып келген сыңайлы. Әдеттегіше екі тарапты да тыңдадық. Әйел күйеуінің тұрақты жұмысы жоқ екендігі, әркімнің жұмысын істеп тапқан-таянған 5-10 теңгесін жолай достарымен бірігіп арақ ішіп үйге келген соң, «нан алайын, ақша бер» десе соққыға жығатынын айтып зар илейді. Оның әңгімесін тыңдап болған соң күйеуіне: «Әйелінің айтып отырғаны шын ба?» деп сауал қойдым. Әңгімеге оның шешесі араласты: «Оның айтып тұрғаны шылғи өтірік. Менің балам анда-санда болмаса ішімдікті аузына татып алмайды» деп салды. Ал мен болсам оның баласына қарап: «Шынымен сен ішпейсің бе?» деп сұрадым. Ол: «Ішемін ғой, бірақ күнде емес анда- санда» деді. Әңгіме ауаны осылай өрбіген соң әйелі ашылды. «Ей, неге өтірік айтасың? Мені ішіп келген күні анаумен жүресің» деп талай мәрте соққыға жыққаныңды неге айтпайсың» деді ашынып.

Әңгімеге қайтадан баланың шешесі араласты. «Жалаңды жаппай отыр» деді айқайлап. Мен оларды сабырға шақырдым, жайлап отырып енесінен «бірге тұрасындар ма?» деп сұрадым. Қой бағады екен. Бір мерекелерде болмаса баласының үйіне соқпайтынын да айтып қалды. Осынау сөзді аңдығандай баласы: «Әйеліме ауылға барып қайтайық десем көнбейді. Әке-шешемді сыйламайды» деді. Әңгіме өрби түсіп мен баланың шешесіне: «Кінәнің бір ұшығы сізде жатыр, балаңыз келін әкелген соң біраз уақыт қолда ұстауыңыз керек еді» дедім. Ал ол болса: «қайдан білейін, өздерімен өздері өмір сүріп кеткендері дұрыс шығар деп шештік» деді. Оның үстіне баласының осы келінге үйленгеніне қарсы болғанын да айтып өкінеді. Сөйтсек баласы одан бұрын да некелі болған сияқты. Ал бұл келін болса күйеуден қайтып келген. «Балам тілімді алмады, сүйемін де күйемін деп отырып алды» деп ағынан жарылды кейуана. Қай ана баласын жаман болсын дейді.

Адам болып кете ме деп ақ батасын берген ғой. Ал келіні болса: «Балаң соңымнан өзі қалмай қойды. Сендім, бас құрастық. Екі бала туып бердім. Бірақ ол оларды асырап оңдырмады. Ол ол ма, ұят та болса айтайын, достарымен ішіп келіп, мені солармен «төсектес бол» деп қорлаған жоқ па. Досы да келісіп алғандай мені төсекке сүйреді. Сонда бұл намыссыз сорлы темекісін шегіп есіктің алдында тұрды. Зорға құтылып шықтым. Қазақтың қай еркегі әйелін біреудің қойнына салып беріп еді! Бұл еркек емес – ез!» деді әйел жылап.

Келіні мынандай әңгіме айтады деп енесі күткен жоқ, әрине. Жердің тесігі болса кіріп кетейін деп отыр. Ал күйеусымағы: «Құрдасым болған соң ойнап едік» дейді мізбақпай.

Еркегі мынадай болса, біздің жеткен жеріміз осы деп мен іштей ашындым. Енді әрі қарай әңгіме ететін не қалды?! Ессіз ез еркек өз отбасының түбіне өзі жетті деп ұйғарып аудандық сотқа жібердік.

 

 Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,

аудандық Билер кеңесінің төрағасы.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support