- Advertisement -

Шәмші Қалдаяқов және дүнген азаматы

56

- Advertisement -

Ел ішінде атақты композиторға қатысты айтылып-жазылған әңгіме, естеліктер баршылық. Қазақ вальсінің королі, ән патшасы туралы О.Бодықов, Е.Әкімқұлов сияқты көрнекті жазушылардың қалам тербеуінің өзі көп нәрсені аңғартса керек-ті. Әйгілі талант иесі табаны тиген жердің бәріне адамгершілігін, ақ жарқын көңілін, кең пейілін, қазақы мейірімін, жомарт мінезін сыйлағаны белгілі. Сондай бір белесте – Жамбыл жерінде біліскен, жақын араласқан досы, Жалпақтөбе ауылының тұрғыны, ұлты дүнген ел ағасы Абдухалил Маюфимен танысудың реті келді. Ол – Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, билер, ардагерлер және қоғамдастық кеңестерінің мүшесі, әлі күнге дейін шаруа қожалығының төрағасы. Өсіп-өнген әулеттің үлкені, алты ұл-қыз, жиырма алты немере, жеті шөбере тәрбиелеп отырған ол кісі бүгінде сексенге толыпты. Шәмші ағамызбен кеше ғана көріскендей мына естелікті айтты:

– Ол кезде «Октябрь» колхозы төрағасының орынбасары едім, кейіннен халық депутаттары Полатқосшы селолық кеңесінің төрағасы болып сайландым. Шәкең қарапайым болғанымен, шығармашыл адам екендігін бірден байқатты. Он соттық жерге архитектурасы өзгеше үй салғысы келді. Жертөлесінен бастап ерекшелеу етіп өзі сызды, гаражы болды. Қолына дәу балға алып қазықтарын да қақты. Бірнеше рет асар ұйымдастырдық. Бірақ, қаражат жетіспегендіктен бірінші қабатын ғана аяқтады. Тағы бір күзде, күн суығанда «Жигули» көлігімен келіп, Түлкібастағы (Ванновка) санаторийге емделуге бара жатқанын айтты. Сырқатын да сөз етіп, енді үйді бітіре алмайтынын, орайы келсе лайықты бағасына сатуға көмектесуімді сұрады. Алайда қимады да, арзанға да бергісі келмеді. Бұйырмаған екен, өзі қайтыс болғаннан кейін, үйді оның отбасына өткізіп бергенбіз. Қазір есімі жазылған табличка тұр, көше де соның атымен аталады…

Иә, «әркім пешенесіне жазылғанды көреді» деген. Шәмші Қалдаяқовтың тағдыры қайталанбайтыны белгілі. Күрделі кезеңде ол көп қиындықты басынан кешті. Сондай тағдыры бұралаң композиторға қазір Тараз қаласына қарайтын Жалпақтөбеде Шәмші Қалдаяқов музей-үйін салса, өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуде, этностар достығы мен бірлігін дәріптеу ісінде таптырмас мәдениет ошағы болар еді-ау.

Қазақстанның Халық әртісі, Әнұранымыздың авторы, Қазақстанның Еңбек Ері Шәмші Қалдаяқовты тану, ол туралы тереңірек білу – еліміздің ең көне қаласына келетін туристер үшін де қызық әрі тағылымды.

Осы ұсынысты жергілікті билік өкілдері қаперіне алар деген үмітпен жаздық. Сәтін салса, ниет болса, бұл музей де тұрғызылар.

 

Дархан МЫҢБАЙ,

ҚР Парламенті

Мәжілісінің депутаты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support