- Advertisement -

Әлеуметтік қызметкер – алғыс арқалайтын мамандық

31

- Advertisement -

Азаттықтың ақ таңы атқан 30 жылда елімізде талай толайым тірлік жасалды. Осынау жылдар аралығында қарапайым халықты қолдауда көптеген бастама қолға алынып, баянды іске асырылып келеді. Әсіресе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүмкіндігі шектеулі, күтімді қажет ететін балаларға деген қамқорлық ерекше.

Мен оны облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығын 11 жылдан аса басқарғалы бері тереңірек түсініп келемін.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы №164 Жарлығы негізінде қазан айының соңғы жексенбісі әлеуметтік қызметкерлер күні ретінде белгіленді. Бұл біз үшін аса маңызды мереке. Себебі, әлеуметтік қызметкерлердің жағдайын сол мекеменің жұмысын білетін адам ғана түсінеді.

Әлеуметтік жұмыс – ізгілік пен қайырымдылыққа, сыйластық пен өзара сенімге негізделген кәсіп. Бұл жұмыспен шұғылдану үлкен ерік-жігерді талап етеді. Әлеуметтік қызметкердің бойында жауапкершілікпен қатар адамзатқа деген махаббат, балаларға деген жанашырлық, үлкен жүрек болуы тиіс. Сонда ғана мамандыққа деген адалдық туындайды.

Ал біз бүгінде күндіз-түні зор махаббатпен жұмыс істейтін орталықта осындай ізгі жандар еңбек ететінін атап өткім келеді. Бұл мекеме 1964 жылы құрылған. Мұнда 3 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауытқулары бар балалар тәрбиеленіп жатыр. Әке-шешесі бар балалармен қатар бұл мекемеде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәулік бойы қызмет көрсетіледі.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің «Халықты әлеуметтік қорғау саласында стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарты» бойынша бүгінгі таңда 62 балаға 8 бағыт бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынып отырмыз.

Әлеуметтік-медициналық қызметтерді жоғары категориялы дәрігерлер, медбикелер көрсетеді. Осы мекеменің медицина бөлімінің меңгерушісі, невропатолог дәрігері Кенжекүл Құдайбергенова мұнда 25 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Әр баланы кішкентайынан танып, ата-анасындай бүкіл мінез-құлқына қанық маман.

Әлеуметтік-тұрмыстық қызметтерді бала күтуші санитарлар, кір жуушы, көлік жүргізушілер көрсетеді. Олар өзіне-өзі толық қызмет жасай алмайтын, бөгде адамның көмегін қажет ететін тәрбиеленушілерді күнделікті тамақтандырады, киіндіреді, шомылдырады, серуенге шығарады, басқа да тұрмыстық қажеттіліктерін орындауға көмектеседі.

Ауыр жұмысқа мойымай, ұзақ жылдар осы балалармен жұмыс істеп, ата-анасындай болып кеткен күтушілер Салтанат Ерубаева, Салтанат Көбеева, Зағипа Керімбаеваның еңбектерін атап айтуға болады. Бала күтушіміз Салтанат Ерубаева ҚР Президентінің «Құрмет грамотасымен» марапатталғанын да айта кетейін. Жүргізуші Юлдаш Есентаев, бала шомылдырушы Эльмира Тойлыбаева 20 жылдан аса осында еңбек етіп, балалар үшін көп тер төккен жандар.

Әлеуметтік педагогикалық қызметтерді заманауи жабдықталған кабинеттерде психолог, дефектолог, логопед мамандары мүмкіндігі шектеулі балаларға бағыт-бағдар беру мақсатында түзету-дамыту бағдарламасы бойынша жұмыстар жүргізеді. Тәрбиешілер Ұмсынай Дөненбаева, Толқын Ахметова, мамандар Нурия Хузиахметова да көп жылдан бері балалармен жұмыс жасап келе жатқан білікті мамандар.

Мамандарымызбен тәрбиешілеріміз аянбай еңбек етіп, күнделікті балалармен жеке-жеке жұмыс істеп, үйретудің арқасында Азат Ибрай, Дәулет Байбулатов «Планета дауысы» ән байқауына қатысып жүлделі орынға ие болды. Сондай-ақ Ақмарал Сүйерқұлова, Алина Деева, Арайлым Арыстанова, Алия Маджинхей, Айдана Әубәкір биге қатысып, Алғыс хатпен марапатталды.

Әлеуметтік еңбек қызметтерінде балалардың ұсақ қол моторикасын дамыту, икемділігін арттыру мақсатында еңбек нұсқаушылары қолөнер бұйымдарын жасауды үйретеді. Әсем Мукажадинова мен Виктор Калинин сурет байқауының жүлдегері атанды. Ал Назлы Ахмедова, Айбек Мұханов, Нұрдәулет Нұрманбет, Олжас Мұхтар «Алтын күз» атты республикалық қолөнер байқауына қатысып, жүлделі орынға ие болды.

Осылайша, әлеуметтік бейімдеу орталығы мамандарының ықыласпен жасаған жұмыстары мен балаларға деген қамқорлығының арқасында бүлдіршіндеріміз қоғам тынысынан шет қалмауда. Қашанда алғыс арқалауға лайықты мамандық иелерін төл мерекесімен құттықтап, ортақ мақсаттағы ісімізге береке тілеймін.

 

Индира ҚОЖАМҚҰЛОВА,

облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну

орталығының директоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support