Жарты миллион жұмыссыз қайда жүр?

Жарты миллион жұмыссыз қайда жүр?
ашық дереккөз
Жарты миллион жұмыссыз қайда жүр?
Жұмыс күшіне зәру қызмет түрі көп елімізде қылшылдаған қырық жасыңда жұмыссыз қалуың мүмкін бе? Әбден мүмкін. Оған дәлел – қазіргі қоғамдағы «керексіз» адамның көбейіп кеткендігі. Жекеменшік түгілі, мемлекеттік мекеменің есігінен сығалай алмай жүргендердің қатары азаймай тұр. «Жалақысы жоғары жұмысқа 40 жасқа дейінгі қызметкерлер қабылданады» деген хабарландырулардан көз тұнады. Мұның себебі неде? Бұған бұқара не дейді? Жауап іздеп көрдік.  Халықаралық еңбек ұйымының мәліметі бойынша жұмыссыздар саны 200 миллионның үстінде. Бүгінде жаһандағы барлық мемлекет халқын тұрақты жұмыспен қамту үшін түрлі шаралар жасап жатыр. Қазақстан да еңбек нарығындағы мәселелерді заман талабына сай реттеуге басымдық беруде. Өйткені бізде соңғы жылдары жұмыспен қамту қызметіне тіркелген жұмыссыздардың саны екі есеге дейін артты. Биыл елдегі жұмыссыздар саны 453,1 мың адамға жетіп, жалпы жұмыс күшінің 4,8 пайызын құрады. Сала мамандарының айтуынша, жұрт ресми тіркелуге асықпайды. Сондықтан қаламыз бойынша ғана емес, еліміз бойынша жұмыссыз жүргендердің санын тап басып айту қиын болып тұр. Демек, еш жерге тіркелмей өзінің күнін өзі көріп жүрген «жұмыссыз-жұмысшының» қатары көп деген сөз.

 Статистикаға кірмейтін жұмыссыздар

Finprom агенттігінің ақпаратына сенсек, еліміз бойынша жалдамалы жұмысшы саны да жылдан жылға көбейіп отырады. Олардың дені – әңгіме еткелі отырған орта буындағы азаматтар. Психологтар болса, 40-тан асқан көп адамның басында «Орта жастағы тоқырау» кезеңі басталады дегенді айтады. Яғни, өмірін өзгертіп, бәрін қайтадан бастауға ниет танытып, жұмысқа деген құлшынысы артады екен. Ал Батыста жұмысқа тұруға үміткерлердің жас шамасына шектеу қойып хабарландыру берген жұмыс берушілердің ісі сотта қаралады мыс. Бізде мұндай талап жоқ. Жыл сайын біздің статистика «жұмыссыздық осынша пайызға төмендеді» деп көрсетуден жалықпайды. Лайым, солай-ақ болсын. Бірақ тұрақты жұмысы жоқ азаматтар кездейсоқ тапқан табысын есептеп, жұмыспен қамту орталықтарына үш ай сайын тіркелуге бара бермейді. Оған уақыттары да жоқ. Барғанмен мардымсыз жалақыға тауы шағылып, кері қайтқандары қаншама?! Міне, осы мәселенің астарында қаншама бағдарламаның, жарылқаушы жобаның жұмыс барысын жіктеп жазуға да болар еді. Дегенмен бүгін қара базардың маңын жағалаған жалдамалы жұмысшыларды мысалға ала отырып, өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың күнделікті тірлігін баяндағалы отырмыз.

 «Құл базарда» кімдер жүр?

Қазір қолында қолақпандай дипломы бар, бірақ, жұмыс таппай сенделіп жүрген адамдар жетерлік. Сарапшылардың пайымдауынша, олардың көбісі креслоны көздеп, кеңсе қызметіне келетін мамандықты меңгергендер. Солардың бірсыпырасы халық арасында «пятак» аталып кеткен бұрыштарда жүреді. Тараздың да бірнеше жерінде кез келген қара жұмыс қолынан келетін әмбебап маманнан тұратын топтар бар. Әсіресе, әл-Фараби көшесінде ел арасында «Құл базар» аталып кеткен орталықта жиі тұрады. Таңғы 8 жарымда барғанымызда, олардың қарасы көп, шамамен 30-40 адамның тұрғанын көрдік. Құдды, бір ұжым сияқты. «Келесі жылы елуге толамын. Өзім құралпы замандасым баршылық. Осы жерде бір ұжымбыз. Сырттан келген адамға нанымызды тартып алардай аларып қараймыз. Егер олардың мінездері жайлы, бізге ортаға сіңіп кетсе, онда сөз жоқ» деді өзін Сағындық деп таныстырған азамат. «Сонда қалай?» дедім түк түсінбегендей қалып танытып. «Ой, бұл жерде бәріміз бір-бірімізді танимыз. Кімнің қолынан не келетінін жақсы білеміз. Мәселен, үйдің төбесін жабу керек болса – Жәкеңді, ыдыс, кір жуу машиналарын орнатуға – Асхатты, әжетханаларды қазуға – Шәкеңді... осылай бөліп отырамыз. Таксистер де өз кезегімен жүреді ғой. Міне, сол сияқты. Өзімнің осы жерде жүргеніме үш-төрт жылдың жүзі болды. Күннің суығында аздап тоңатынымыз болмаса, былай ортамыз, ұжымымыз өзімізге ұнайды. Қауқылдасып, мынау тұрған дүңгіршектерден тамақтанып аламыз. Суықтасақ, бойымызды жылытып шай ішеміз. Өмір керемет, қызым, үкіметті кінәлап отырғаннан не ұтамыз? Әркімнің еңбегімен тапқан наны тәтті ғой» деді риза кейіпте. Бұрын осындай тұрмыс жағдайындағы түрлі еңбекке жегілетін жұмысшыларды елдер аз-маз ақшаға жалдап, олар тапқандарын ащы суға жұмсайды деген ойда жүретін пікірімнің тас-талқаны шықты. Мұнда қарасаң – расында да бір орталық, бір еңбек ұжымы жұмыс істеп тұр. Киімдері тап-тұйнақтай. Әңгімелері әсерлі. Ең бастысы, билікке өкпесі жоқ. Өз қамдарын өздері жасап, күндерін өздері көрген тәубешіл жандар. Тек олардың көңіл-күйлерін күннің суық күндері ғана бұзуы мүмкіндей. Бәлкім, бұл топқа да арнайы орын ұйымдастыруға болатын шығар? Біздің аяулы қоғамда тіпті иттер мен мысықтардың да орталықтары бар емес пе?..

Еңбек нарығын кім есептейді?

Тараздағы «Жұмыспен қамту орталығына» жұмыс сұрап келетіндердің көбі заңгер, қаржыгер, есепші сияқты мамандық игергендер және 2-3 жылдың көлемінде тұрақты жұмысқа орналаса алмағандар. Мұның себебін көп жағдайда жалақының аздығымен түсіндіреді екен. «Біз ұсынған жұмыстардың жалақысы аз деп барғылары келмейді. Сөйтіп жүріп өзін-өзі қамтыған азаматтардың қатарына қосылады. Соңғы жылдары еліміздің еңбек нарығы трансформацияға ұшырауда. Қызмет түрлерінің сандық форматқа ауысуы, кәсіпорындардың автоматтандырылуы, IT технологияның пәрменді даму процесі жүріп жатыр. Нәтижесінде, кейбір мамандықтарға сұраныс жоғалып, орнына мүлде жаңа мамандықтар пайда болуда. Салдарынан сан мыңдаған адамның бірнеше жыл бұрын алған дипломы «сандықтың» түбінде сарғаюда. Жоғары білімге барлық азаматтың ұмтылуы да кешегі күннің еншісінде қалды. Қазір қарапайым мамандықтарға сұраныс жоғары», – дейді Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы Гүлшат Дәулетназарова. Оның сөзінің жаны бар. Біздіңше, жұмыссыздық деген мәселе жоқ, мамандық таңдау мәселесі ғана бар сияқты. Іс жүзінде, еңбек нарығында жоғары білімі бар мамандар талап етілетін тек 15 пайыз жұмыс орны ғана бар екен. Жұмыс орындарының 85 пайызын орта арнайы білім иелері алып отыр. Ал бізде жоғары оқу орындарына өз еркімен оқуға түсіп, төрт жылдан соң өзін жұмыссыздықпен қамтитын жағдай жиі кездеседі. «Қайда барсаң, алдыңнан жұмыс іздеген адам шығады. Бұл – бүгінгі қоғамның көрінісі. Ең алдымен, еңбек нарығын есептеп, әртүрлі салаға қанша маман дайындау керек, осыны зерттеп алу керек. Бізде жүйеленген мемлекеттік жоспар жоқ. Әр министрлік, қай салаға қанша маман керек соның бәрін есептеу керек. Жастардың өздеріне екі қолға бір жұмыс табылмай жүргенде, жасы қырықтан асқан адамды кім керек етеді? Содан кейін де, «жасы 35-ке дейін» деген жарнаманы ашық жазып қояды. Содан кейін әр жерде жалдамалы жұмыс істегісі келетін топтар тұра береді. Бұл орындар болашақта да бола береді...», – дейді социолог Алма Тағанова.

 Тақырыптың тоқетері

Осыдан он жыл бұрын көтерілген мәселе әлі де маңызын жойған жоқ. Өкінішті, әрине. Қоғамға өте көп кәсіби жұмысшы керек. Солай бола тұра жұмыссыздардың саны кемімей отыр. Бір-біріне кереғар жүйенің жұмыс істеп отырғандығының көрінісі – бұл. Жұмыссыздық жастардың арасын жайлағанда, қырықтың қырқасына шыққандардың қамын ойлайтын жағдайымыз бар ма?

Дерек пен дәйек

  • 2022 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан экономикасының түрлі салаларында 8,8 миллион адам жұмыспен қамтылған, оның ішінде 6,7 миллион адам жалдамалы жұмыс істеген (экономикадағы жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 76,1 пайызы), өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 2,1 миллион адам (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 23,9 пайызы).
  • 2022 жылдың сәуір айының соңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 193 мың жұмыссыз тіркелген.
  • Жұмыссыз, жұмыс іздемеген немесе жұмыс істеуге дайын емес 63,1 мың адам бар.
  • 15 пен 28 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9 пайыз, жұмыс істемейтін және біліммен немесе оқумен айналыспайтын жастардың үлесі 6,7 пайыз.
 

Гүлжан РАХМАН

 

Ұқсас жаңалықтар