- Advertisement -

«Шерханның шекпенінен» шықпасам да…

250

- Advertisement -

Ойлап отырсам тағдыр мені Шерағамен, Шерхан Мұртазамен екі рет жолымды түйістіріпті. Екі ретінде де Шерхан көкемен тонның ішкі бауындай болмасақ та шығармашылық байланысымыз жемісті болыпты.

Шераға Парламентте жүрген жылдары мен сол кездегі «ЖТД» – Жамбыл телеарнасында редактор- журналист болып жұмыс істеп жүргенмін. Шераға Парламенттің каникулы мезгілдерінде басқалар сияқты шетел асып, курорт жағаламай, әлемнің қай түкпірінде жүрсе де ылғи түсінен шықпайтын Жуалысына келетін. Сондай бір сапарында телеарнаның сол кезеңдегі директордың орынбасары-бас редакторы Бекет Момынқұлов «Асеке, Шерхан көке ауылда демалып жатыр.

Демалысын пайдаланып телеарнаға шақырып, «тікелей эфир» ұйымдастырсақ қатып кетер еді. Қалай, шамаң келе ме?» деді. Қалай болар екен деп жүрексінсем де, бір жағы қызығушылық, бір жағы намысқа тырысып «Мақұл» деп келісім бердім. Талаптыға бардық, Шераға жылы қабылдап, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрды. Осындай сәтті пайдаланып, бұйымтайымызды айттық. Көкем келіскен соң, әңгімені созбай бірден жоспар құрып, тақырыптарды белгілеп дегендей ұйымдастыру жұмыстарын бастап кеттік. Шынын айту керек, алғашқы хабарға көңілім толмады. Бірақ кейін Шерағаға бойым да, ойым да үйреніп, бір ырғаққа түскендей болдым.

Көкемнің сыртқы келбеті қаталдау болғанымен іші жайдары, жып-жылы, жұп-жұмсақ екен. Басқа депутаттардай емес, Шераға жазба эфирден гөрі «тікелей эфирге» шыққанды қолай көретін. Сол жылдары менің «Мәслихат» деген авторлық бағдарламам апта сайын эфирден өтіп жататын. Оған барлық деңгейдегі депутаттар шақырылатын. Жасыратыны жоқ, көп депутаттар тікелей эфирге шығудан қашатын. Ол енді түсінікті де. Халықпен, бұқарамен байланыс болмаған соң қашпағанда қайтсін. Ал Шерағаға бұл хабар іздегенге сұраған болды.

Себебі тікелей хабарларда жұртшылықтың жанайқайы, шешімін таппай жатқан билікке қатысты проблемаларды құлағымен естіп, көзімен көріп, айтылған кемшіліктердің билікке қатысты жерлерін келесі күндері жауапты мекемелерге хабарласып, табандатып тұрып шешіп беретін. Болмаса басқа жолдарын қарастыратын. Шерхан Мұртазамен бұл шығармашылық бірлестігіміз ол кісі Парламенттен кеткенше жалғасты. Мәжілістегі депутаттық мерізімі аяқталған соң Шераға Астанадан бірден туған жері Талаптыға біржола оралды.

Сіздерге мәселе айқын болу үшін осы жерде сәл шегініс жасайын. Республикалық «Жұлдыз» журналының осы жылдың, яғни 2022 жылдың сәуір айындағы нөмірінде Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы қарсаңында жазылған белгілі журналист Махат Садықтың «Шер- аға» атты естелік мақаласынан үзінділер келтіруді жөн көрдім. Сонда менің жазып отырғаным да еш күмәнсіз қабылданады. Махат Садық Шераға ҚР Мемлекеттік Телерадио комитетінің төрағасы қызметінде жүрген кезінде жұмысқа қабылданған. Содан Парламенттен кеткенше қызмет бабымен араласып тұрған. Хош, сонымен Махат Садықтың эссесінен үзінді келтірейік.

«Заң–басқа , заман – басқа. Көреміз, азаматтар не дер екен?..». Бильярдтағы сұхбаттан соң Шер-ағаны үйіне жеткізіп, қоштасарда «Сайлауға, Мәжіліске қатысасыз ба?» дегенімде, осылайша екі ұшты жауап қатқан… Шер-аға сол 2004 жылдың қыркүйегінде өткен сайлаудан тыс қалды. Шығармашылық адамына Астананың ауа райы қолайсыздау болса да, Шер-аға билік шаһарынан көшпей тұрып жатты. Он жыл ең сыйлы, қадірлі депутат болған Мәжіліс ғимаратына кіріп-шығуы қиындаған. Депутат кезінде алыстан көргеннен жүгіріп шығып, есікті таласып айқара ашатын қапталдағы полицейлер бірде Парламентке шақыртумен барғанында «Сізді қарсы алатын кісіңіз келгенше ішке өткізе алмаймыз», деп кіреберісте тоқтатқан. Содан бері ол жолды ұмытқан.

2004 жылдың маусымында екінші шақырылған Мәжіліс депутаттарының заң бойынша өкілеттік мерізімі аяқталғаны жарияланған. Үш айдан соң, яғни 19 қыркүйекке Мәжіліске жаңадан сайлау тағайындалды. Шер-аға ешқайда бармай, Астанада өзі сенген ұлтжанды азаматтардан хабар күтіп жатты. Соңғы депутаттық өкілеттігі кезінде сол азаматтарды барынша қолдаған. Үлкен кісінің алдында да анау «араны ашылған қырандардан» гөрі, мынау «Елбасым деген қырандар» сеніміңізден шығады» деп, сол азаматтардың абыройын асқақтатып, қолынан келген көмегін аямаған. Ғұмырлық принципінен де бір сәт мүлт кетіп, солардың тақтары қыл үстінде қылпылдап тұрған сын сағатта, даулы заңға дауыс беру кезінде жүрегі қаламаса да, өзін күштеп, жанына жат нүктені көзді жұма басып та жіберген. Сонысы кейін алдынан сан мәрте шықты. Жаулары көзін шұқып табалады…

Сол азаматтардың айы оңынан туып, шешім шығарар ғаламат шенге ие болған. «Шер-аға біз бұл жақсылығыңызды ешқашан ұмытпаймыз» деген еді сонда… Күтумен ала жаз да, қоңыр күз де өтті. Шер-аға Астанадан қозғалмады. Тапжылмай, сол азаматтардан бір хабар болар деп күтті. Мүлгіген тыныштық өзгермеді. Арасында «Шер-ағаның шекпенінен шыққанбыз» деп мақтанатындар келіп, аздап көңілге дем беріп кетеді. «Шекпеннен шыққандар» да бүгінде жігіт ағасы. Ақылды өзіңнен өткізіп өргізеді…

Ар-намысы, абыройына дақ түсірмей, күйіктен жаны күйзелсе, жаралы жолбарыстай үнсіз тынып, іштей ыңыранды» (М.Садық. «Шер-аға». «Жұлдыз» журналы, сәуір айы).

Шераға Астанада шермен шындыққа толы «Бір кем дүниесін…» еңсерген соң, жаһанға жар салмай туған жері Жуалыға, оның ар жағындағы кіндік қаны тамған, анасы Айша мәңгілік тыныс тапқан Талаптысына аттанды. Шерағаның ауылға келуі жерлестері үшін Астанадан күллі Парламент көшіп келгендей әсер еткені анық. Ауыл түгіл аудан, тіпті облыстың зиялы қауым өкілдері мен ақын- жазушылар да күн құрғатпай Талаптыға қарай ағылып, Батырхан көкеміздің үйін басып жатқаны.

Бір адам келсе де барын ала жүгіретін ел емеспіз бе. Бір күн емес, апталап қонақ арылмай жатқан шаңырақ қанша баршылықта дегенмен қиналып қалатыны түсінікті де. Осы жағдайды ескерген облыс пен аудан басшылары Шерағаға Талаптыдан арнайы жер телімін бөлдіріп, екі қабатты зәулім үй салып берді. Бұл жерде елге танымал азамат Ермек Үсенбаевтың еңбегін айрықша атап өтпеске болмайды. Жерлестері қаншама асты-үстіне түсіп өбектеп, құрметтеп жатқанымен, көкемнің көңіл күйі біртүрлі сияқты бейжайлау. Байқаймыз бұрын биік мінберлерден елдің, жердің, тілдің, жұрттың бүгіні мен ертеңі жайлы күркіреген зор даусымен талай шенділер мен шекпенділерді ықтырып отыратын көкем біртүрлі мамыражай қалыпқа түсіп қалғандай күй кешті.

Жамбыл телеарнасында қызмет еткен жылдарымда қазақтың маңдайалды азаматтарынан сұхбат алып, эфирге шығару бақытына ие болдым. Сондай азаматтың бірі және бірегейі Шерхан Мұртаза көкеммен өмірден өткенінше үзеңгілес бола жүріп, отыздан астам хабар жасап, Шерағаның шығармашылық жолы мен өмір өткелдері жайлы екі бөлімнен тұратын «Ұлт жүгін арқалаған Ұлы тұлға» деген толық метражды бейнефильмді жасауға бас редактор ретінде атсалысып, еңбек еттім. Бұл Ұлы суреткердің көзі тірісінде жамбылдық тележурналистердің Шерағаға қойған ескерткіші десек, оның өзін көзімен көріп, асқан ризашылығы мен алғысын айтып, батасын берген ұжымның үлкен жұмысы болатын.

Дегенмен мына бір шетін мәселені тарих үшін айтпасам болмас. Біраз адамдардың тағдырына өзгеріс әкелген бұл мәселені білетін бір-екі адам ғана. Басты кейіпкер Шераға – Шерхан Мұртаза өмірден өтіп кетті. Өмірінің соңғы он-он бес жылында Шерағаның өмірі анау айтқандай адам қызығарлықтай болып өткен жоқ. Алдымен өмірлік жары Батима апамыз дүниеден қайтты, кейін Мәжіліс депутаттығы тоқтады. Осы екі арадағы өлара кезде Шераға қатты жалғызсырады. Тіпті жалғыз қалды. Соның бәрі сырт көзге білініп тұратын.

Телеарна директоры Бекет Момынқұлов көркемдік кеңеспен ақылдаса келе, «Шерағаны телевидениеге жұмысқа қабылдайық» деген ұсыныс айтты. Қуана келістік. Бекет еңбек демалысына кеткенде Талаптыда жатқан Шерағаға барып, «Біз сізді телеарнаға жұмысқа қабылдайтын болдық, өтініш жазыңыз» дедік. Алғашында «Бұларың қалай болар екен» деп, көкем көнбеді. Жаңа жобамызды айтып, түсіндіріп, әйтеуір көндірдік. Сөйтіп өмір бойына журналистерді жұмысқа алып, бірнеше басылымның бас редакторы болған үлкен қаламгер, Ұлы жазушы Шерхан Мұртазаны жұмысқа қабылдадым.

Бұл мақтаныш, болмаса басқадай бір мақтангершілік жымысқы ой емес, қазақ әдебиеті мен руханиятының ұстыны мен ұстазы болған Ұлы тұлғаның қиын сәтке тап болған кезінде қолтығынан демеп, қолына су құйып қызмет көрсету еді. (Қажет болса Шерағаны қызметке қабылдаған бұйрық телеарна архивінде сақтаулы.) Сөйтіп арнаның жаңа маусымы – 2006 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Шераға «Қазақстан-Тараз» телеарнасының білдей бір журналисі болып шыға келді. Айына «Шераға уақыты» деген төрт хабар өткізеді. Ең бастысы көрермендер риза. Көрермендерді толғандыратын тақырыптар мен сұрақтарды бейнетаспаға алдын ала жинап қойып, Шерағаға ұсынамыз.

Шераға оларды сараптап, қорытып дегендей хабар жасайды. Көрермен «Шераға уақытын» асыға күтеді. Телеарнаның рейтінгісі бірден көтерілді. Апта сайын Шерағамыз телеарнаға ат сабылтып келеді де тұрады. Белгілі тұлғаның келуі жастар үшін мерекеге бергісіз, шеберлік сағаты ма, журналистік дәріс оқуы ма әйтеуір жас журналистер айналшықтап шықпайды. Біздің де жұмысымыз жеңілдеп сала бергендей . Өзіміздің тісіміз батпайтын кейбір дөкейлердің мәселесіне Шерағаның хабарының атын пайдаланып студияға өз аяғымен келтіріп алатын қулықты да меңгеріп алдық.

Жыл өткенде ҚР Мемлекеттік Телерадиокомитетінің басшылығы ауысып, Ғалым Доскеннің орнына Нұртілеу Иманғалиұлы келді. Негізі Ғ.Доскеннің тұсында телеарналардың жұмысы бір ізділікке түсіп, ілгерілеу пайда болған еді. Жұмыстан кетуіне сол кезеңде енді бас көтере бастаған діни ағымдардың телеарна қызметкерлерінің арсынан бой көрсете бастауы болса керек. Нұртілеудің басшылыққа келуін біз де қолдадық.

Қалай болғанда осы саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген, телеарнаның тірлігін жақсы меңгерген маман деп қабылдадық. Бірақ олай болмады. Арада бірер ай өтер-өтпестен Алматыдан Иманбай Жұбай бастаған тексеру комиссиясы дүңк ете түсті. Тексеретіндері Шерағаның журналист ретінде атқарған қызметі, айтатындары жоғары жаққа «Қазақстан-Тараз» телеарнасының ішкі жұмысындағы заңсыздықтар жайлы домалақ арыз түсіпті. Ары тексерді, бері тексерді, түк таппады.

Ең тапқандары зейнеттегі адамды біздің штаттық бірлікке алғанымыз. Заңсыз екен. Біз ол кісіні штаттық бірлікке емес, «келісім шартпен» алуымыз керек екен. Бірақ ол заң кейін шыққан, біз оны ерен санамай ауыстырып үлгермегенбіз. Сонымен біздің тірлігіміз коррупция болып шықты. Сол кездегі Алматыдағы төрағамыз Нұртілеу мырза да «Шерағаның шекпенінен шыққандард ы ң бірі» болатын. (Бақилық болған адамның артынан артық сөз айтуға болмайтынын білемін. Бірақ тарихи шындық үшін кейбір шетін мәселені де айтуға тура келіп тұр. Бұны көзі тірі кезінде өзіне де айтқанбыз.) Ары айттық, бері айттық, еш жібімеді. Тіпті болмаған соң «Сіз де Шерағаның шекпенінен шықтыңыз ғой.

Бұл анау-мынау емес Шерхан Мұртаза ғой» дегенге дейін бардық. Сол кезде ана кісі «Маған телефон соғатындай Шерхан кім ол?! Болса, өзіне Мұртаза» деп бір-ақ қайырды. Айтатындары заңсыз, яғни «заңға томпақ». «Сыбайлас жемқорлық туралы» заңның алғаш шыққан кезеңі болатын, соның желі ме, болмаса басқа мәселе ме, әйтеуір бет қаратпайды. Сонымен Шераға мен Бекет сыбайлас жемқорлық бойынша істі болады, немесе директор Бекет Момынқұлов өзі арыз жазып, қызметтен кету керек болды. Бекет басшылықтың сұраған арызын жазып берді де қызметті тапсырып, үлкен азаматтық танытты. Шераға Талаптысына қайтты.

Ашығын айтар болсам Нұртілеу мықты журналист болатын, тек басшылық оның қолы емес еді. Сөйтсек оларға керегі телеарна директорлығының креслосы екен. Ақтөбеден орыстілді бір келіншекті әкеліп отырғызды. «Шерағаның шекпенінен шықтық» деп кеудесін қойғылап жүрген бір топ жорналшы «қайраткерлердің» тірлігі осылай болды. Сөйткен Нұрекеңнің өзі де бір жылға жетер жетпестен төрағалық қызметімен қош айтысты. Шерағаша қайырсақ, бұл да бір кем дүние…

Шераға осылайша жылға жуық уақыт ЖТД журналистік жүгін арқалаған редактор болған. Сол кезең Жамбыл телеарнасының алтын ғасыры десе де болады.

Кейін мен қызметтің соқпағымен Жамбыл облыстық Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрына (бұрынғы облыстық драма театр) директор болып ауыстым. Сол жылдары театрдың да бір алмағайып кезеңге тап келіп, тоқырап тұрған уақыты болатын. Театрдың көркемдік жетекшісі және директорлық қызметін қатар алып жүрген танымал талантты режиссер Қуандық Қасымовтың қолқа салуымен және Әлібек Әмзенің бұйрығымен ойда-жоқта театрға келдім.

Екі қызметті қатар алып жүру шығармашылық адамына қиындық туғызса керек, әйтеуір Қуандықтың өтінішін жерге тастамадым. Бұл сала өзіме таныс, қыр-сырын білетін болғандықтан аса қинала қойғам жоқ. Ұршықша үйіріп әкетпесем де бір ізге түсіргендей болдым. 2012 жылы Шерағаның 70 жылдығы республикалық көлемде тойланды. Осы кезде тағдыр мені Шерхан Мұртазамен екінші рет жолымды түйістірді. Мерейтойға той иесінің бір драмалық шығармасы қойылу керек болды.

Шерағамен ойласа келе ертеректе жазылған «Домалақ Ана» тарихи драмасына тоқтадық. Бұл драмаға тоқталу себебіміз – мен қызметке кіріскен кезде Шераға құттықтай келгенде мына бір назды айтқан еді. Театрдың бір кездегі басшылары Шерағадан «Домалақ Ана» драмасын біз қояйық деп сұрап алады да, белгісіз себептермен қойылмай қалып кетеді. Мен қызметке кіріскен кезде Қарағандының Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театры гастрольдік сапармен келіп «Домалақ Ана» спектаклін қойған болатын. Оны Шераға келіп көрген. Қатты риза болған. Шын мәнінде спектакль өте жоғары деңгейде жақсы қойылған. Ұмытпасам Бәйдібек рөлін Қайрат Кемалов ойнады.

Қарағандылық әріптестерден кейін драманы қою біздің театр ұжымына үлкен жауапкершілік жүктегендей болды. Қойған жағдайда қарағандылықтардан асырмасақ та сол деңгейден төмен қоюға қақымыз жоқ еді. Көркемдік кеңеспен ойласа келе драманы сахналауға Алматыдан режиссер-драматург, Халық әртісі Ерсайын Төлеубайды, басты рөл – Бәйдібекке Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тұңғышбай әл-Таразиды (Жаманқұлов) шақырттық.

Шынын айтқанда Шерағаның мерейтойына бөлінген қаржының көп мөлшері басқа ұйымдастыру шараларына бөлінді де, қойылымға өте аз қаржы қарастырылды. Осы жерде қоюшы- режиссер Ерсайын Төлеубаевтың спектакльдің шешімін аса тапқырлықпен, декорацияны шеберлікпен пайдаланып ойната білгенін айтуымыз керек. Сахнада аса көп ауыр декорация да жоқ, бірақ шешімі өте ұтқыр шықты. Сахнаның төбесінен алты арқан түсіп тұрады, бұл символикалық шешіммен Бәйдібектің алты баласының тағдыр жолына байланған арқандар. Бір сәтте құдыққа құлап кеткен Нұриланың аман қалуына сеп болып, арқандар құдыққа тасталып, Бәйдібек қызды құтқарғандағы шешім арқан арқылы беріледі.

Кейін Домалақ ананың тілін алмай, жау соңынан қуып кетіп, мерт болғанда да осы арқандарға ақ байланып, ұлдардың шейіт болғанынан хабардар етеді. Жерлесіміз Тұңғышбай Жаманқұлов Бәйдібек бейнесін аса тартымды да нанымды етіп орындап шықты. Домалақ ана рөлін сомдаған театрымыздың талантты актрисасы Анар Сағымбекова Тұңғышбайдай адуынды актерден бір саты төмен өнер көрсеткен жоқ. Қойылымды көрермендер өте жақсы қабылдады. Шерағам өзі де өте риза болып, рақметін айтты. Кейін Бәйдібек рөлін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жүніс Әлімбеков сомдады. Сол қойылым 2018 жылға дейін жүрді. Тек Арғынбай Бекбосын да «Домалақ ене» деген драма жазып, ол пьеса Арекеңнің 80 жылдығына қойылатын болған соң ғана репертуардан алынды.

 

 Асқарбек СЕЙІЛХАН,

ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның құрметті журналисі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support