- Advertisement -

Робототехника үйірмесі оқушыға олжа ма?

297

- Advertisement -

Адамзат ғылым мен техниканы ұштастыра отырып, қиялдағы шеті, түбі жоқ көрінген арманын іске асыра бастағалы қашан. Беріде ғаламтор пайда болғалы тұралап қалған шаруалар тың серпін алып, өркениетті елдер сан-салада толайым табысқа жетті. Осы көшке ілескен елдер шама-шарқынша ғылымды дамытуға, технологияны өрістетуге мән береді. Ендеше, оқушыларды ерте жастан ғылым мен техникаға баулитын үйірмелерді үйлесімді ұйымдастыру маңызды.

Білім беру жүйесіне кезең-кезеңімен енгізіліп жатқан реформалар балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға негізделгендей. Неге десек, қазір қала, аудандағы мектептен тыс үйірмелерді қоспағанда білім мекемесінің өзінде де үйірмелер көбейген. Басқасын былай қойғанда, өңір мектептерінде робототехника үйірмесі ашылғанына да бірнеше жылдың жүзі болды. Оқушылар биыл да тиісті құралдармен жабдықталған, арнайы орайластырылған кабинеттерде білімін шыңдауда. Ол ол ма, оқушылар бірінші сыныптан төртінші сыныпқа дейін цифрлық сауаттылық пәнінен робототехниканы оқиды. Ал 5-сынып оқушылары датчиктер туралы сабақ өтсе, одан әрі 11-сыныпқа дейін оқу бағдарламасы тереңдейді екен. Сондықтан мектептегі робототехника үйірмесіне 5 пен 9-сынып аралығындағы роботқа қызығатын оқушылар қатысады. 10-11-сынып оқушылары үйірмеге қатыспайды, десе де олардың мектеп бағдарламасында жасанды интеллект, веб-программалау сынды тақырыптарды меңгеріп, мобильді қосымшаны әзірлеуді үйренетінін ескерген жөн.

2016 жылдан бері робототехника үйірмесі арнайы қолданбалы курста, яғни вариативті бөлімде өтетін. Ал қазір робототехника курсы мектеп бағдарламасына енген соң, үйірмеге жоғары сыныптың оқушылары қатысады. Онда да үйірмеге қатысу немесе қатыспауы оқушының еркінде. 2016 жылдан бастап информатика, математика және физика пәнінің мұғалімдері робототехника курсынан өтсе, қазір курсқа тек информатика пәнінің мұғалімдері барады. Себебі, алғашқы жылдары робототехника курсынан өткен мұғалімдер көп болса, қазір аз. Осыған қарағанда алғашқы жылдары үйірме мұғалімдері тапшы болған сыңайлы.

– Қазір робот-техникалар жарысы көп. Өйткені балалардың робототехникаға қызығушылығын оятып, озат оқушыларды ынталандыру өзекті. Қала берді кәнігі мектеп бағдарламасы да күрделенуде. Бұрын оқушылардың ақпараттық сауаттылығын арттыруға көбірек көңіл бөлінсе, кейін компьютерді қолдануға басымдық берілді. Енді бүгінгі жаңашылдық оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Яғни, оқушылар қолданыстағы egov порталы сынды жүйелерді меңгеруі керек. Облыста 2016 жылдан бері 1049 педагог робототехника пәнінен біліктілігін арттырды. Биыл информатика пәнінен сабақ беретін 1171 мұғалім бар. Енді жылдан жылға оқу сағаты көбейіп, соған сәйкес мұғалімдердің саны да артуда, – дейді информатика пәнінің әдіскері Қымбат Қасымбаева.

Пандемия кезінде біліктілікті арттыру курстары онлайн ұйымдастырылған тұста робототехника курсын да педагогтер қашықтан оқыған. Биыл да қосымша білім беретін педагогтер онлайн және офлайн курсқа қатысып, сертификат алуда. Педагогтың курстан өткені туралы сертификатты «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығынан және Оқу-ағарту министрлігінің жанындағы қосымша білім беру орталығынан алуға болады. Былтыр 200-ден астам педагог қосымша білім беру курсынан өтсе, биыл да сол үрдіс бойынша білім алуға ниетті жастар бар. Мектептерде информатика пәнінің мұғалімдері робототехника үйірмесін ұйымдастырса, оны оқу-әдістемелік орталығы қадағалайды.

– Оқу-ағарту министрлігінің бізге берген ақпараты негізінде алты айлық курстан өтіп, оны дәлелдеген математика, физика пәнінің мұғалімдері робототехникадан сабақ бере алады. Робототехниканың маманы емеспін, бірақ информатиктердің робототехниканың қарапайым түрінен күрделі түріне дейін жоспары бар екенін білемін. Өйткені, үйірмеге барғандар бірте-бірте Lego роботының күрделі түрін құрастыруға машықтануы керек. Қазіргі бала мұғалімнің үйретуімен тоқтап қалмайды. Олар ізденістің нәтижесінде ғылыми жобаларға қатыса бастайды. Оған әрине мұғалім барынша қолдау көрсетеді. Меніңше робототехника үйірмесі бізге керек. Мұның барлығы шетелдік тәжірибеге негізделген. Оқу күрделі. Бұрынғы педагог-психолог ретіндегі ойым, жас кезде баланың жиған білімі өскенде азық болады. Өйткені бала жас кезінде деректерді жақсы қабылдайды. Қарапайым ғана мысал, үлкендер бала кездегі тақпақтарын ұмытпаса, кейінгісін естен шығарады емес пе, – дейді облыстық білім басқармасының қосымша білім беру, тәрбие және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Гүлзира Дәрібаева.

Қазір балаларды техникалық шығармашылыққа баулу өзекті. Себебі, Мемлекет басшысы техникалық бағыттағы білікті мамандардың қажет екенін бұған дейін Жолдауда айтып келді. Жалпы осы тұста мектептен тыс мекемелер, соның ішінде техникалық шығармашылық орталықтары республика бойынша біздің өңірде көп екен. Оған облыс мектептеріндегі 276 робототехника үйірмесін қоссақ, оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануда біршама іс тындырылғанына көз жетеді.

Облыс орталығындағы Төле би атындағы №8 гимназиясында биыл бес бағытта жұмыс істейтін 20 үйірме секциясы ұйымдастырылыпты. Атап айтсақ, мектеп жоспарында интеллектуалдық, академиялық, шығармашылық, спорт және өнер бағыты бар. Соның ішінде шығармашылық бағыт бойынша робототехника үйірмесіне 5-9-сынып оқушылары қатысады. Информатика пәнінің мұғалімі Ерлік Ғалымов та апта сайын үш топқа оқыту үшін үш сағатын үйірмеге арнайды. Жас маманның айтуынша, үйірмеге қызығатын балалар робототехниканы тереңірек зерделеуге құмартып тұрады екен. Содан болар мектепте ғылыми жобаларға қатысып, республикалық байқаулардан жүлдемен оралған балалар баршылық. Мектеп басшылығы робототехника үйірмесін ұйымдастыру үшін облыстық білім басқармасымен кеңесіп, кабинет дайындағанын айтады.

Оқу-ағарту министрлігі робототехника үйірмесінің әлеуетін арттыруға айрықша көңіл бөліп жатқанын білдік. Осы мүмкіндікті олжа санап, үйірмеге ағылатын оқушылардың әлі-ақ көбейетініне сенім мол.

 

Сәндібек ПІРЕНОВ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support