- Advertisement -

Газет – оқырмандарымен ғұмырлы

98

- Advertisement -

Жамбылдың шежіресіне айналған «Aq jol» газетінің 100 жылдық мерейтойы аясында «Aulieata-Media» ұжымы Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында оқырмандармен кездесті. «Kitap Time – 2022» кітап фестивалінің аясында ұйымдастырылған шараға газетте еңбек ете жүріп, авторлық кітаптарын шығарған журналистер, ақын-жазушылар қатысты.

Шерхан Мұртазаша айтсақ, «жегені – жантақ, арқалағаны – алтын», қаламынан жауһар туындылар тудырып, әдебиеттің ақбозатына мініп, әділдік пен адалдықтың ақ туын ұстап, кез келген тақырыпта толғана білетін, толғай білетін, ары жанынан биік тұратын журналистің еңбегі қай уақытта да ерен. Әсіресе жастар жағының, кітапхана оқырмандарының, оқушылардың, студенттердің қалам ұстаған қауыммен кездескісі келгені көңілге қуаныш сыйлады.

Жиында алғаш болып сөз алған «Aulieata-Media» ЖШС директорының орынбасары Алпамыс Қазыбаев облысқа белгілі аға басылымның, ата басылымның тарихына тоқтала кетті. «Кеңестік заманда қазақ мүддесін арқау еткен, тарихы тым тереңде жатқан басылымға биыл 100 жыл толды. Қасіретті заманның қанды оқиғаларын Алаш арыстары соңғы демі шыққанша жазды және ол бүгінгі ұрпақтың қолына жетті. «Аq jol» газеті алғаш рет 1922 жылы жарық көріп, әлі күнге өздерінің шығармашылық ұстанымын насихаттап келеді.

Қаламының ұшынан бірде – у, енді бірде – бал тамызып отырып жазған тілшілердің мақаласының ішінде кейіпкеріміздің өміріне әсер етіп, оң нәтижеге жетіп, жемісін бергені көптеп кездесті. Газет 100 жыл бойына халықтың қуанышына бірге қуанып, қиындығына әрдайым ортақтасып, облысымызда болып жатқан ірілі-ұсақты оқиғалардың бәріне де өзінің жарқын үнін қосты», деді ол.

Ақпараттық технология дәуірінде басылымды медиа нарықтағы бәсекеге қабілетті ету оңай шаруа емес. Осы талаптың үдесінен шығып жүрген «Аq jol» газеті қай тұрғыдан болмасын, оқырман талғамындағы газет болып қала бермек. Газеттің бас редакторы, белгілі ақын Хамит Есаман өз сөзінде кітапхана ұжымына алғысын жеткізді. Өзі басқарып отырған басылымның бүгінгі тыныс-тіршілігінен, өзінің шығармашылығынан әңгіме өрбітті. Мұнан соң сөз алған балалар жазушысы, газеттің экономика бөлімінің меңгерушісі Марат Құлибаев бүгінгі балалар әдебиетіндегі мәселелерге кеңінен тоқталып, өзінің еңбек жолындағы тәжірибесімен бөлісті. Облыстық «Ar-ai» газетінің тілшісі, жалынды жас ақын Шапағат Әбдір «Aq jol» газетіне арнап шығарған жыр шумақтарын оқыды. Жақында ғана «Тәтті мұң» атты кітабының тұсауын кескен Қамар Қарасаева да жастарға мотивация тақырыбында тұшымды әңгіме айтты.

Кездесуде «Ғасыр жүгін арқалаған басылым» және «Көркем сөздің жұлдыздары» атты екі бөлімнен тұратын сюжет көрсетілді. Оқырмандар кітап авторларына, кеш қонақтарына көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, жауап алды. Кеш соңында қонақтар өз туындыларын кітапханаға тарту етті.

 

Гүлжан РАХМАН

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support