- Advertisement -

Шер-Аға шығармасындағы шындық

311

- Advertisement -

Драмалық қойылымның өн бойында Ұлы Отан соғысындағы халықтың ауыр тұрмысы, сондағы замана бейнесі, адамдардың болашаққа деген үміті мен ұмтылысы, арман-аңсары тұтастай өріліп отырады. Сонымен қатар майданның қамын жасап және тылдағы адам төзгісіз ауыр еңбектің барлық ауыртпалығын бастан өткізген ауыл тұрғындарының ауыр тұрмысы сәтті суреттеледі.

Соғыс қайғысы Алатаудың етегінде отырған шағын ауылды, оның ішінде, Мұртаза мен Айшаның отбасын да айналып өткен жоқ. Солақай саясаттың кесірінен бұл отбасының тірегі болып жүрген Мұртаза «халық жауы» атанып, итжеккенге айдалып кете барады. Айдауда ғұмыр кешкен отағасының аманаты – үш баланы қалайда аман-есен жетілдіріп, азамат қатарына қосуды өмірлік мақсат еткен Айша ананың бейнесі – міне, шығармадағы да, оның негізінде қойылған драмалық қойылымның да басты өзегі. Бұл жалғыз Айшаның ғана тағдыры емес, елдің тұтас тағдырын бейнелейтін шығарма ретінде де әрбіріміздің жүрегімізден орын алатыны даусыз.

Сонымен, алғаш рет көрерменге таныстырылып, сахналанған «Ай мен Айша» қойылымы аншлагпен өтті. Бұл күні мәдениет үйінде ине шаншыр орын болған жоқ.

Спектакль – жеңіс үшін, өмір-тіршіліктің жалғасы үшін тылда жан аямай еңбек еткен ана мен баланың, сол тұстағы қиын кезеңді бастан кешірген ауыл адамдарының ауыр тағдырын арқау етеді. Ең бастысы, әрине, бұл шығарма автор – Шерхан Мұртазаның аяулы анасы Айшаға сөзбен тұрғызған керемет ескерткіші деп білген жөн.

Айша рөлін Толқын Қыстаубаева сәтті сомдап, ана образын шынайы жасай алды. Ал бала Барысханның бейнесін ойнаған Нұралы Айдаралының да өнерін жұртшылық жылы қабылдағаны анық. Сонымен қатар бұл отбасындағы бала Батырхан мен Құрмаштың рөлдерінде Жандәулет Айтпағамбет пен Іңкәр Халық ойнады. Жуанқұл мен Тасбет, Әбіш молда, Дошанай мен Аққыз бейнесіндегі Ербол Бекжанов, Талғат Батыров, Төремұрат Сувалиев, Руслан Өтегенов және Салтанат Мейіржанқызының да өнерлеріне көрермен тәнті болды. Шығарманы шынайы сахналай білген режиссер Ерболат Қаттебеков. Қоюшы суретші – Қойшыбай Төремұратов, режиссердің ассистенті – Қуаныш Сүйінбай, музыкамен өңдеуші – Бауыржан Маймақов және жарық беруші – Дәулетхан Қанжаров.

Қойылым соңында аудан әкімі Жалғас Мұртаза сөз сөйлеп, Шерхан Мұртазаның шығармашылығына тоқталып, жаңа қойылым туралы да өз ойын білдірді. Сонымен қатар «Жуалы» халық театрының шығармашылық ұжымына табыс тіледі.

 

 Нұржан МАНАСҰЛЫ,

журналист.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support