- Advertisement -

Ғасыр жүгін арқалаған басылым

269

- Advertisement -

Менің «Аq jol» газетіне алған мақала жазуыма себепші болған әріптесім, дәрігер Сағындық Ордабеков пен белгілі жазушы Елен Әлімжан. Өзім мектептің жеті жылын қазақша оқығаныммен Жамбыл зооветтехникумы мен Семей медициналық институтында он жыл орысша оқыдым. Ана тілімізді жетік меңгеру үшін қазақша басылымдарды жаздыртып оқи бастадым. Оның ішінде өзіміздің қазіргі «Аq jol», сол кездегі «Еңбек туы» газеті де болды.

Біршама уақыттан соң ауруханамызға дәрігер болып Сағындық Ордабеков келді. Оның түрлі тақырыптарды көтерген өзекті мақалалары осы «Еңбек туы» газетінде жиі басылып тұрады екен. Мен де оның мықты автор екеніне қызығып қарайтын едім. Өзімнің де мақала жазғым келді. Өйткені шығармашылыққа менің де таласым бар еді. Мектеп қабырғасында жүргенде «Ара» журналына көшеміздің сын көтермес мәселесін қаузап, «Знамя труда» газетіне апалы-сіңлілі озат қыздар туралы мақала жазғаным бар еді. Сағындықтың жазғандары менің бір кездегі шабытымды қайта шақырғандай болды да, қолыма қаламымды қайта алғызды. Содан студенттік шақтың қызықты күндерін есіме алып, «Ондатр құлақшын», «Тірі жетім», «Тышқан» деген естелік әңгімелер жаздым. Бірақ оларды газетке жолдауға жүрексініп жүрген едім. Ыңғайы келгенде жазғандарымды жазушы Елен Әлімжанға көрсеттім. Сонда ең алғаш рет белгілі жазушыдан жылы пікір естідім. «Алғашқы екі әңгімеңді «Аq jol» газетіне жіберсең болады. Жазуға ебің бар екен» деді. Ал осыдан кейін жазбай көр?! Қолдау сөзден соң қанаттанып басқа да әңгімелер жаза бастадым. Айтқандай ақ «Ондатр құлақшын» мен «Тірі жетім» әңгімелерім газет бетінде жарқ етті. Қатты қуандым. Өзіме деген сенім пайда болды. Егер сол кезде осы алғашқы әңгімелерім газетте жарияланбағанда менің мүлдем жазуды тоқтатуым да мүмкін еді ғой. Өзіне сенімін жоғалтқан адамның талай нәрседен құр қалатыны бар ғой.

Міне, мен осы сәттен бастап аймақтың үнпарағына түрлі тақырыптарда мақала, әзіл-шыны аралас әңгімелер жаза бастадым. Арада біраз жылдар өтті. Осы еңбегім еленді. Газеттің сол кездегі редакторы, жазушы ағамыз Арғынбай Бекбосын мені редакциясына шақырып, «Еңбек туы» газетінің штаттан тыс тілшісі деген куәлігін берді. Жазған-сызғандарымды жиі жіберіп, үнемі байланыста болдық. Арада біраз уақыт өткен соң Арғынбай ағамыз Сағындық екеумізді Қазақстан Журналистер одағына мүше етіп қабылдатты. Екінші рет осындай жаңа үлгідегі куәлікті маған «Аq jol» газетінің сол кездегі редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы табыстады.

Облыстық газетті тығыз байланыста бола жүріп талай жазушы, ақын, жуналистермен таныс болдым. Қалам ұстаған қауымның арасынан дос таптым. Марқұм, тарихи роман жазудың шебері Бақытяр Әбілдаев: «Сейітқасым, көп ізден. Әдеби кітаптарды таңдап, талғаммен оқы. Повесть жазуды қолға ал» деді бірде. Алайда мен повесть жазбадым. Кейінірек майталман журналист Мейрамбай Сатыбалдының ақыл- кеңесімен осы «Аq jol»-ға шыққан дүниелерді жинақ етіп, кітап қылып шығардым. «Айна» кітабым осылай жарыққа шықты. Осы жинағыма балалар ақыны Асқаржан Сәрсек жылы пікірін жазып, қуантып тастап еді.

Одан кейінгі «Дәрігер жазбалар», «Өмір қызыққа толы» кітаптарыма осы газетте жарияланған дүниелер енді. Сондай-ақ Сағындық Ордабеков екеуміздің бірігіп жазған «Денім сау болсын» десеңіз атты кітапшамыз 1991 жылы көп тиражбен жарыққа шықты. Аты айтып тұрғандай бұл кітап көпшіліктің кәдесіне жарап, сұраныс өте жоғары болды. Ал қазір жас келіп, қарттық жеңе бастаған тұста жазуды азайтып, немерелеріме көп көңіл бөле бастадым.

Мен үшін «Аq jol» газетінің орны ерекше. 1972 жылдан бері газеттің тұрақты оқырманымын. Газет мені тілші ретінде тәрбиеледі. Ана тілімізді жетік меңгеруіме көмектесті. Сөз өнеріне жауапкершілікпен қарауды үйретті. Көп жақсы азаматтармен араласуыма себепші болды. Үнемі қолдап отырды. Газеттің соңғы жылдары бет-бейнесі өзгеріп, оқырман арасында беделі артып келеді. Мен білетін ардагер журналистердің қатары сиреп барады. Олардың орнын басатын басылымның мықты жас журналистері баршылық. Сүйікті газетімнің 100 жылдық мерейтойымен құттықтағым келеді. Билік пен бұқараның арасындағы алтын көпірлік міндеттеріңізге адал бола беріңіздер! Елдің мұңы аз болсын!

 

Сейітқасым ТӘЖБЕНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Тараз қаласының Құрметті ардагері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support