- Advertisement -

Мен көрген Шераға (эссе)

126

- Advertisement -

Белгілі жазушы, қоғам қайраткері, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шерағаңмен, қателеспесем, сексенінші жылдардың соңында Алматыдағы әйгілі көк базарға қарсы орналасқан Баспа үйінде бірге жұмыс істедік. Ол кісі үшінші қабатта, «Социалистік Қазақстан» газетінде Бас редактор, мен сегізінші қабатта ұйғыр тілінде шығатын «Коммунизм туғи» газетінде жауапты хатшының орынбасары едім. Қазір ол газеттер «Егемен Қазақстан» және «Ұйғыр авази» болып өзгерген.

Жауапты хатшының орынбасары болғанға дейін баспаханада бет жасаушы болып көп жыл тәжірибе жинадым. «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» орталық газеттерінің беттерін жасаушы митранпаж болдым. Жауапты хатшының уақыты түнімен сол жұмысшылармен бірге баспаханада өтетін.

Өйткені екі газетте де ресми, саяси дүниелер тым көп еді. Ол кезде Қазақстанда шығатын барлық республикалық, облыстық, қалалық, аудандық газеттер, журналдар Қазақстан Орталық Комитетінің «Дәуір» атты баспаханасында басылатын. Редакциялар баспаның оң жағындағы ғимаратта еді. Көрші болған соң, кіріп-шығу еш қиындық тудырмайтын. Қысқасы, күні-түні екі аралықтың ішкі есігі ашық болатын. Баспаханада істейтін бет жасаушылар мен кезекші редакторлар тамыр-таныс болып кеткен. Сол баспахананың ішінде түнеп қалған күндеріміз де аз емес. Барлық газет-журналдар «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерін күтетін, сол екі газетке қол қойылғаннан кейін ғана қалғандары кезегімен жылжи беретін.

Бір күні менің өмірімде ерекше қызықты оқиға болды. Өйткені, сол күні тамаша бір кісімен қол алысып көрістім. Орталықтан ресми хабар кеш келіп, барлық газеттер кешігіп жатқан. Таңғы төрттер шамасында темекі шегетін бөлмеге «Социалистік Қазақстан» газетінің түнгі кезекшісі Болат ағай кіріп келді де маған жақындап:

– Әлеке, – деді, жасымның кішілігіне қарамай. – Ешкімге айтпа, өзіңе үлкен өтініш, «Социалистік Қазақстан» газетінің жаңа шыққан санын саған беремін. Сен мына газеттің сигнальный нөмерін біздің Бас редакторға апарып берші. Кабинетін білесің ғой.
– Бауке, сізге не болған? Мені ол кісі танымайды ғой. Сен кімсің десе не деймін? – дедім.
– Өйтіп сұрамайды. Мен жаңа «курьерден беріп жіберем» деп айтқам.
– Өзіңіз неге апармайсыз?
– Бағана достарым кездесіп қалып, аздап ішіп қойып едім. Мен апарсам жанында отыру керек болады. Содан ол кісі сезіп қояды, –деді қысылып.

Баспаханада жүрген соң қай қабатта қай редакция бар екенін бәріміз бес саусақтай білеміз. Білген соң, ағамды көп қинағым келмей «жарайды» деп, алып бардым. Алып барғаным өз алдына, бір сағаттан кейін оқылған беттерді қайта барып, өзім алып келуге тура келді. Өйткені Бөкең ол күні жақсылап-ақ тойлаған екен.

Міне, сол күні Шерхан ағаны көрдім. Кабинетіндегі үлкен үстелінде ақ қағазға әлдене сызып, бәлкім, жаңа романын жазып отыр ма, кім білсін. Есікті үш рет қақтым. «Ассалаумағалейкум» деген сәлемімді қабыл алған Шераға маған басын көтеріп қарады. Редактор дегендерді галстукпен көріп, әбден көз үйренген ғой. Ал алдымда жейдесінің алдын ашып тастаған, мұрты тікірейген кең маңдайлы азамат отыр. Жарқыраған көзілдірік астынан бүркіттің от шаша қадалған көзін байқап қалғандай шошынып тұрмын.

– Иә, жаңа курьермісің? Сендерге ұйқы бермедік, ә, – деп газетті қолына алды. Мен үндеместен шығып кеттім. Араға біраз уақыт салып, қайта кіргенімде:
– Болатқа айт, болды, қол қойдым, басуға рұқсат, – деді.
Бұл менің Шерағаңды бірінші рет көргенім және қол алысқаным еді. Одан кейін талай рет Гоголь көшесінің бойында орналасқан Панфилов бағында көріп жүрдім. Түс кезінде, жаз, күз, қыс болса да, тамақтан кейін ақын, жазушылармен бақ ішінде серуендеп жүретін. Солардың арасында әсіресе Оралхан Бөкеймен бірге жүргенін жиі көруші едім.

Оралхан марқұмның ерекше есте қалғаны – бойы ұзын, қара шашы ұзын әрі қою, тұрқы келіскен жігіт болатын. Баспаханадағы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің беттері жиналатын жерге ылғи келіп, көретін. Талантын байқаған Шерағаң тракторшы жігітті қазақ баспасөзіне арнайы шақырып алғанын кейін білдім ғой.

Мен ол кезде жас екенмін. Кімді көргенімді, кіммен көріскенімді, сөйлескенімді толық сезінбеппін. Казір ойласам, жүз жылда бір туатын асыл жан – Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің түлегі, «Лениншіл жас» газетін, «Жазушы» баспасын, «Жалын», «Жұлдыз» журналдарын, «Қазақ әдебиеті» газетін басқарған, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, «Егемен Қазақстан» газетінің Бас редакторы, ҚР мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған, соңына сандаған әңгіме, повест, роман қалдырған, таңдамалы шығармаларының 7 томдығы, «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» (К.Смайыловпен бірге), «Бір кем дүние» кітаптары жарық көрген, қазақ тіліне Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Ш.Айтматовтың «Ботагөз», «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет» туындыларын, Мұстай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» повесін, Э.Эрскиннің «Марыкчан балалары» романын, Л.Лагиннің «Хоттабыч қарт» повесін тәржімалаған, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алған, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның Халық жазушысы, «Құрмет белгісі», «Отан» ордендерінің иегері Шерхан аға Мұртазамен қол алысып, көрісіп, бір ғимаратта бірге жүрген екенмін ғой…

 

Авут МӘСІМОВ,

Алматы қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support