- Advertisement -

Көпбалалы ана баспаналы болды

250

- Advertisement -

Степное ауылдық округіне қарасты Арал ауылында «Асар» жобасымен бір отбасы баспаналы болды. Оған округтегі кәсіпкерлер мен «Асар уме» қайырымдылық қоры демеушілік көрсетті.

Жаңа үйге қоныс аударған жалғызбасты ана Әлия Нұрымбетованың қуанышында шек жоқ. Бұған дейін ол мектеп жасындағы бес баласымен баспана жалдап тұрып келген еді.

Баспана кілтін тапсыру рәсіміне қатысқан ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Аршат Ибрагимов, ауылдық билер алқасының биі Аманқан Рысмбетов демеушілерге алғысын айтып, осындай игі істерімен бір отбасын қуанышқа бөлеген азаматтарға батасын берді. Ауыл имамы Әлібек Ильясов дініміздегі жомарттық, қайырымдылықтың мән-маңызы турасында айтты.

Үй иесіне өзінің жақсы тілектерін аталмыш қордың Қордай ауданындағы өкілі Бақыт Асубаев та жеткізді. Ізінше Әлия Нұрымбетова үй салып беруге атсалысқан ауылдастарына алғыс айтты.

– Баспана біздің көптен аңсаған арманымыз еді. Ауыл болып, ел болып, отбасымызға жай салып беруге атсалысқан барлық қайырымды азаматтарға айтар алғысым шексіз. Қуанышымызда шек жоқ. Осындай үйсіз жүрген, көпбалалы, мұқтаж жандарға жұғысты болсын, – деді Әлия Нұрымбетова.

– Арал ауылында қайырымды жандардың «Асар» жобасына қолдау көрсеткені – ауылдың ынтымағын арттыра түсті. Бүгін бір үй беріліп жатса, Степное ауылында тағы бір жаңа үйдің қабырғасы көтерілуде. Оны да осындай мұқтаж отбасына бергелі отырмыз. Жыл соңына дейін ол үйді де аяқтап, тапсырамыз деген жоспарымыз бар, – дейді округ әкімі Қайрат Жолдасбаев.

 

Жандос ОМАРОВ, журналист.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support