- Advertisement -

…Елесің де еңселі!

143

- Advertisement -

Су құюға жарамай қалам құшқан қолыңа,
У құюдан жан салмай ақымақтар алдына,
О, сондағы бар кінәң – жаралғаның текті боп,
Жалғыздықтың бағына,
Жағымпаздың сорына!

Тәңір жаққан шырақтың мүмкін емес сөнуі,
Соны қашан көреді ей, көрсоқырдың көңілі?!
Оқ жыландар шаңыңа ширатылып көмілді,
Құласа да қыранның,
Құзда жатар өлігі…

Тұғырың да бір бөлек тура жүрген ту жықпай,
Тұнығың да бір бөлек,
Шөлдеп қалдық құрлықтай.
Азу едің,
Ауызы көпіргіштер сүйетін –
Жиындарда бүгінгі айтылмайтын шындықтай!

Ал жүрегін тек қана жазуменен суарған,
Алты алаштың баласы алда жүрсе қуанған.
Біз сияқты мезгілдер айналшықтап шықпайтын,
Жалғыз өзің Жамбылда орман едің –
Ну орман!

Қасыретке қаймықпас қасиетті Таразда,
Опасыздық отымен арпалысқан жан аз ба?!
Асқар тау ең өзіңмен,
Аспан құлап кеткендей,
Жетім қалды жауың да,
…Қалам менен қағаз да!

Бұл далаға күз келді,
Бұл тағдырды тағы да,
Құстар қайтты өзіңсіз өгейсініп жабыға.
Рухсыздардан алыстап, есалаңнан алшақтап –
Рахымжанның жайлауы,
Есенғали бағына.

Алыс емес соншалық екі дүние, екі ара,
Егіз еткен Тәңірдің ғазалына не шара.
Дәруішке дәл мендей елесің де еңселі,
…Көріскенше, Несаға!

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ,
ақын, Қазақстан
Жазушылар одағының мүшесі.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support