- Advertisement -

Тойда жазылған хикая

79

- Advertisement -

Тау мен тау кездеспейді , адам мен адам кездеседі. Алматыда Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетінде екі жыл бірге оқыған Ербол деген әріптесіммен 30 жылдан кейін Тараз қаласында кездестік. Қаламы жүйрік журналист аракідік әңгіме жазатын. Көркем шығармалары республикалық және Алматы облыстық «Жетісу» газетінде жарияланып тұратын. Үшінші курсқа өткен кезде отбасы жағдайына байланысты академиялық демалыс алды. Содан кейін көріп тұрғаным осы… Амандық-саулықтан кейін «Қанша кітап шығардың ?» деп сұрадым. Ол қолын бір сілтеді де: «Басқа қонған бақты бағаламадым», деді. Мен «түсінбедім» деп иығымды қиқаңдаттым.

– Қаламгер қауымында шабыт деген құбылыс болады, сен оны білесің, – деп бастады әңгімесін ол. – Біраздан бері жазам деп толғанып жүрген көркем шығарма сюжеті ойыңда жинақталған кезде бір күні белгісіз бір күш сені жазу столына сүйрей жөнеледі. Жазбасыңа жаныңды қоймайды. Ол көшеде жүргенде, ас ішіп отырғанда яки сапарда жүргенде келуі мүмкін. Сол сәттерде бар шаруаны ысырып тастап, жазып тастасаң, қиналмайсың, иығыңнан бір ауыр жүк түскендей болады. Шытырман оқиғалы бір хикая жазуды ойлап жүргенмін. Қас қылғандай шабыт тура университетте жүргенде сессияда, экзамен тапсыратын кезде келді. Кежегем кейін тартты.Бір түнде тындыратын тірлікті кейінге қалдырдым. Сонда да шабыт шіркін бір апта бойы кетпей қойды. Сессия да бітті. Әлгі хикаяны жазайын десем қолым жүрмейді.Міне, сол бақыт құсын әлі күтіп жүрмін.

Әңгімесін тәмамдаған кезде оның жүзін мұң торлады. Осы сәтте менің көз алдыма 1971 жылы Жуалы ауданының Талапты ауылында 9 мамыр – Жеңіс күні болған мына бір оқиға елестеді.Сол күні Тоқсанбай әулетінің үлкені, Ұлы Отан соғысына қатысқан атамыз Сейсембай ұлы Жексенбиді үйлендіріп, ауылда үлкен той жасады. Оған сол кездегі республикалық «Лениншіл жас» газетінің редакторы Шерхан Мұртаза ағамыз да келді. Алматыдан келген мәртебелі мейман тойды ашып, жастарға бақыт тілеп, ел бірлігі туралы тебірене әңгімеледі.Той енді қызған кезде төрде отырған қаламгер Сейсембай атамыздан үйден бір бөлмені босатып беруді өтінді. Атамыз: «Біраз отырмадың ба, шаршадың ба?» деп бәйек болып жатыр. Шерағаң оған «жазу керек» деп жауабын қысқа қайырды.

Екеуі үйге кіргенде әлгі әңгімені тыңдап тұрған біраз ағайындар:
– Жазатын басқа уақыт құрып қалды ма?
– Алматыдан ілуде бір келгенде ауылдың тойын көріп кетпей ме?– деп күңкілдеді. Осы тұста әңгімеге араласқан Талаптыдағы орталау мектептің оқу ісінің меңгерушісі, атамыздың інісі Дүйсенбай :«Сендер ағаларыңды текке жазғырып тұрсыңдар.Жазушы қауымы шабыты келгенде шұғыл жазбаса, ертең қолы жүрмей қалады», деп уәж айтты.Үйдің төргі бөлмесіне кешкі сағат онда кірген ол жазу столында таң атқанға дейін отырыпты. Біраз күннен кейін оның «Белгісіз солдаттың баласы» деген хикаясы «Лениншіл жастың» бірнеше санына жарияланды.Шерхан аға сол түні тойды қимай соңына дейін тамашалап отырса, осындай ғажайып шығарма дүниеге келер ме еді? Оның осы қасиеті қаламгерлер қауымы үшін үлкен үлгі емес пе?

Шерхан Мұртазаның ел, оның ішінде туып-өскен ауылына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Бұл туралы ақпарат құралдарында аз жазылған жоқ. Ата-бабалары, оның ішінде Тоқсанбай әулетінің жарты ғасырлық шежіресін жасады. Оның бүйрегі, әсіресеТоқсанбай әулетінің бір бұтағы – Мамыт жәкесіне және отбасына ерекше бұрып тұратын. Мұның өзіндік себебі де бар.
1939 жыл. Ауыл мұғалімі оқуға келген өрімдей жасөспірімді «халық жауының» баласы деп кластан шығарып жібереді. Жолда жылап келе жатқан оған Мамыттың екінші ұлы, комсомолдың бастығы Ноха жолығады. Ол мән-жайды білген соң Шерханды мектепке ертіп келіп, орнына қайта отырғызады. Мұғалім комсомолдың бастығына «ләм-мим» деп қарсылық көрсете алмайды. Ертесіне соғыстан қайтпай қалған Ноха көкесі туысқан інісіне қаламсап, дәптер және сумка сатып әпереді. Бұл туралы «Ай мен Айша» романында кеңінен баяндалған. Қаламгер өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында Мәскеудегі университетте оқығаны белгілі. Бұл – соғыстан кейін ел еңсесін жаңадан тіктеп келе жатқан қиын кез. Әкем Қорғанбайдың бала кезде айтқан мына бір әңгімесі әлі күнге есімнен
шықпайды.

– 1954 жылдың қыс мезгілі. Мен ол кезде ауыл мектебінде мұғалім едім. Бір күні Шерханнан: «Қоқа, үш күннен бері нәр татқан жоқпын. Ақша сал!» деген телеграмма келді. Ізінше бір айлық жалақымды салып жібердім, – деді ол.

«Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» деген рас екен. Шерағаң ағасы Қорғанбайды өле-өлгенше жақсы көріп кетті. Мамыттың отбасы, ауылдағы ағайынның Ұлы Отан соғысы кезіндегі ауыр тұрмысы туралы «Мылтықсыз майдан» атты хикая жазды. Хикаядағы басты кейіпкердің бірі –Нұрперзент – Қорғанбай. «Ақсай – Көксай» әңгімесінде де осы отбасы туралы кеңінен әңгімелейді.

Қоғам қайраткерінің назарынан қайда жүрсе де туған ауылының тыныс-тіршілігі бір сәт тыс қалған емес. Жылдағы еңбек демалысының бір аптасын Талаптыда өткізетін. Ол ауылға келгенде ауылда, Батырхан көкеміздің шаңырағында кішігірім той болады. Ауылдың ақсақалдары мен бас көтерерлері Алматыдан келген арысына сәлем беруге асығады. Мал сойылып, көл-көсір дастарқан жасалады. Шекең аз сөйлейді, көп тыңдайды. Дастарқанда айтылған мәселелер кейін баспасөз беттерінде мақала болып өріліп жатады.Келесі күні оны қонаққа міндетті түрде Қорғанбай шақырады. Ол көп шақырулардың арасында Алатауға атпен барып, серуендеп келуге де уақыт табады. Тауға серіктес болып барған азаматтар оның жолай қаулап өсіп тұрған өсімдіктердің аттарын жиі сұрайтынын, кейбіреулерінің аттарын қойын дәптеріне түртіп алатынын жиі айтады. Соның нәтижесі шығар, оның қай туындысын оқысаң да алуан-алуан өсімдіктердің аттарын көптеп кездестіресің.

1970 жылдардың басында ауылдағы мектепте оқу-тәрбие ісі нашарлап кеткен болатын. Аудан басшылары оны дұрыс жолға қою үшін білім ордасына 29 жастағы жалындап тұрған Әбілқасым Ергебековты директор етіп тағайындады. Әбекең сенім үдесінен шыға білді. Талаптының мектебі небәрі үш жылда аудандағы алдыңғы қатарлы оқу орнының біріне айналды. Білім ошағында танымал тұлғалармен кездесу өткізу де Әбекеңің кезінен бастау алды. Алғаш рет жазушы Шерхан Мұртазамен өткізілген кездесу сол кездегі шәкірттердің есінен ешуақытта шықпайды. Шерағаңның елдік, бірлік және білім туралы есіліп, шешіліп және көсіліп сөйлегені әлі күнге көз алдымызда тұр.

Оның қырағы жанарынан елді мекендегі күрмеуі көп, күрделі мәселелер де таса қалмайтын.
Батырхан көкеміздің үйінде болған бір басқосуда біраз «бітеу жараның» аузы ашылды. Әуелі ел мен жер тақырыбында өрбіген әңгіме кейін ағын су мен жайылым тапшылығына ойысты. Осы тұста Шерағаң Талапты өндірістік участогінің меңгерушісі Рахман ағаға шүйлікті дейсің. «Саған астық пен шөпті көп өндіргенің үшін медаль мен орден береді. Сен мына елдің жағдайын неге ойламайсың? Ауылдың айналасы мен ортасында жыртылмаған тоқымдай жер қалды ма өзі? Мына жұрт мал өсірмесе, шиеттей бала-шағасын қалай асырайды?». Жұрт мына күндей күркіреген сөздерден кейін жым-жырт болып, бөлмеде үнсіздік орнады. «Айтпаса сөздің атасы өледі». Айтылғаны қандай жақсы болды. Рахман аға өткір сыннан қорытынды шығарды. Ауылдың ортасындағы атшаптырым жер содан кейін жекелердің малы үшін жайылымдыққа қалдырылды.

Халқымызда «Туған жерге туыңды тік!» деген қанатты сөз текке айтылмаса керек.Бүгінде миллиардтан астам қытай әлемнің әр түкпірінде тарыдай шашырап, еңбек етіп, өмір сүріп жатыр. Америкада тұратын қытайлардың саны 30 миллионға жуықтап қалған. Солардың арасындағы бірқатар ірі кәсіпкерлер туған ауылдарына келіп, мектеп, балабақша, жол салып береді екен. Кейінгі кезде мұндай игі үрдіс біздің елімізде де кеңінен қанат жайып келеді. Өскен ортасына қарайласып, қамқор болып жүрген қоғам қайраткерлері де бар. Солардың бірі де бірегейі – Шерхан Мұртаза.

2000 жылдың басында Жуалы ауданындағы Алатау (бұрынғы Андреевка) ауылына жолымыз түсті. Алатау – аудан орталығынан – 15, Талапты ауылынан 6 шақырым қашықтықта орналасқан.Екі жүзге жуық отбасы тұратын елді мекеннің ауыр да мүшкіл халі туралы сол кезде облыстық «Ақ жол» газетіне менің «Айдаладағы ақ отау» деген сын мақалам жарық көрген болатын. Мыңдаған адам тұратын ауылда мектеп, балабақша, клуб, монша және медициналық мекеме атымен жоқ.Көшелердің жолдары шұрық тесік. Жолаушылар таситын автобус жүрмейді. Электр жарығы бірде бар, бірде жоқ. Олар үшін көгілдір отын тек арман ғана. Алаңдатарлық жағдайға әбден ашынған ауылдағы бас көтерер тұрғындардың бірі – Мырзахан деген азамат сонда: «Біздің аналарымыз Шерхан сияқты бір азаматты дүниеге әкелмепті-ау» деп қатты күйзелген болатын.

Алатаулықтардың күйінетін, қапаланатын жөні де бар. Небәрі алты шақырым қашықтықта орналасқан Талаптыда көгілдір от жанып тұр. Көшелер асфальтталған.Оқушы саны жүзден аз ғана асатын ауылда 150 орындық екі қабатты хан сарайындай еңселі мектеп салынып жатыр. Бұл игілікті істің бәрі Шерағаңның шапқылауымен, ықпалымен,абырой- беделінің арқасында жүзеге асып жатқанын жұрт жаппай біліп отыр. Ауыл тұрғындары бас қосқан, қоғам
қайраткері қатысқан бір жиында бір беделді ақсақал: – Шәке! Ауылдастарыңыз үшін көп игілікті іс атқарып жүрсіз. Сізге алғысымыз шексіз. «Сый қылсаң, сыпыра қыл!» дейді. Енді ауылға бір мешіт жетіспей тұр, – дейді.

– Жарайды, бұл істің де сәті түсер, – деген екен сонда ел үшін туған ер. Көп ұзамай бұл шаруа да оңынан шешілді. Халық жазушысы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы Әбсаттар Дербісәлиевке хабарласып, ауыл тұрғындарының өтінішін жеткізеді.Әбсаттар қажы алатаудай азаматтың сөзін қалай жерге тастайды? Талаптыда 2005 жылы еңселі Құдай үйі пайдалануға берілді. Оған ауыл тұрғындарының бір теңге қаражаты жұмсалған жоқ. Оның ашылу салтанатына Әбсаттар Дербісәлиев, облыс басшылары және басқа да сыйлы азаматтар
қатысты.

1992 жылы Жуалы ауданында сол кездегі аудан әкімі Еркінбек Солтыбаевтың ұйымдастыруымен Ш.Мұртазаның 60 жылдық мерейтойы дүркіреп өтті.Алматыдан келген аузы дуалы, елге танымал азаматтар «бұрын-соңды қазақ жазушысына мұндай құрмет көрсетілген жоқ» деп ризашылықтарын білдірді. Әйтсе де асылды елдің бәрі жоғары бағаламайды ғой. Тойдың екінші күні жуалылық бір топ зиялы азаматтардың арасында тұрған құрылыс кәсіпорнының қызметкері «осындай халық қиналып жатқан кезде ас та төк той жасап не керек? Шерхан деген кім?» деп шіренді. Мына керауыздың сөзі қасында тұрғандардың шымбайына батып кетті. Оған бірінші болып мектеп директоры болған Қалмаханбет Ұрғылжаев шүйлікті.

– Сен Шерхан, Шерхан Мұртазаның кім екенін білгің келмей ме? Оны білгің келсе, шығармаларын оқы, – деді.
– Мен оның кітаптарын оқымаймын, – деді ол беті бүлк етпей.
– Бұл – енді Абай айтқандай, нағыз наданның сөзі.
Ол тағы сөйлейін деп еді басқа азаматтар :
– «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деген осы.
– Анық іші тардың бірі осы екен ғой.
– Сен де елге Шерхандай қызмет ет, саған да осындай құрмет көрсетіледі, – деп тойтарып тастады. Әлгі кертартпа топтан шығып тайып тұрды.

Ш.Мұртаза шығармаларын қалт жібермей оқып, оны ауылдастарына насихаттап жүрген зиялы қауым өкілдерінің бірі – Талапты ауылының тұрғыны, бұрын ұзақ жылдар кітпханашы болған Сара Зиятханова. Ол қаламгердің туындылары туралы бірнеше рет оқырмандар конференциясын өткізген болатын.

– Шерағаң көрген-білгенін тізіп жаза беретіндердің қатарынан емес. Оның кітаптарын оқысаң, телегей теңіз білім әлеміне еніп кетесің.Оның барлық шығармаларын оқыған адам жоғары оқу орнын бітіргендей білім алады.Бұл құндылықтар, әсіресе жастар үшін ауадай қажет. Шерхан аға – әлемдік деңгейдегі классик жазушылардың ортасынан ойып тұрып орын алатын тұлға, – дейді Сара Зиятханова.

Осыдан бір жыл бұрын Жамбыл облыстық телеарнасы көшеде тұрғындардан Шерағаңның шығармашылығы туралы сауалнама жүргізгенде талай азаматтардың оның кітаптарын оқымақ түгілі, өзін де білмейтінін көріп, жағамызды ұстадық.Оқымаған,білуге ұмтылмаған, білімсіз елдің болашағы қашанда бұлыңғыр.

 

Ақылжан МАМЫТ,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support