- Advertisement -

Аға аманаты

104

- Advertisement -

Былтыр 29 тамыз күні жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Дәутайұлы өмірден өткен еді. Қаламгердің қазасына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтқан болатын. Сондай-ақ жазушының қаламдастары да естеліктер жариялады. Биыл Несіпбек Дәутайұлы тірі болғанда 75 жасқа толатын еді. Жазушы дүниеден өткен күннен бастап белгілі ғалым, академик Дархан Қыдырәлі қаламгер туралы жазылған дүниелерді топтастырып, «Қордайдың қоңыр құлжасы» атты естеліктер кітабын шығарған болатын. Несіпбек Дәутайұлының дүниеден өткеніне бір жыл толуына орай, қаламгерлердің қаламгер туралы жазған естеліктерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Үш ғайыптың бірін дидар ғайып деуші еді үлкендер. Осыны жан дүниеңмен сезіну қандай ауыр еді. Қандай ауыр еді өзіңе сонша таныс, сондай жақын, сәл қарлыққан, мейірбан қоңыр дауысты қайталап ести алмайтының. Қордайдың қожыр-қожыр тауларының биік бір тұсынан бой көрсеткен қоңыр құлжадай қасқайып тұратын жанның сұлбасын қайталап көре алмайтының қандай ауыр. «Амансың ба, әкем?» деген бір ауыз сөзді әр кеш сайын күтетінің қандай ауыр!

Осы көп ауырдың ішінде бір зілмауыр бар, ол – енді біздің еншімізге бұйырған, үлесімізге тиген жауапкершілік жүгі.

Соңғы сөйлескенімізде «Өзімді саған аманаттаймын, бауырым» деді. Бұл сөздің салмағын сол бір сәтінде түйсініп тұрсақ та, ақырғы, аманат сөзі екенін, бақұлдасқан жанның арзуы екенін дер шағында сезіне қоймадық. Бәрінің дереу бола қаларын, тағдыр кесесі тола қаларын, аманатын тапсыруға асығулы екенін кім ойлай қойсын.

Бір Тәңірдің қалауы солай болса, пенде баласында таңдау бар ма?!
Қазақ әдебиетіне концептуалды ұғымдар, образдар алып келген, жаңа заман жазушысының жарқын бейнесін қалыптастырған, тәуелсіздік тұлғасының тұрпатын, кісіліктің өлшемін жасаған қаламгер еді.

Әр соққан желге солқылдамас, имендіріп келген иір қамшының алдында да иілмес, қара дауыл соқса да қарағайдай қасқайып тұратын, қысқа күнге қырық құбылған дүниенің қалауын табуға ұмтылмас, іштей бекіген сөзін реті келгенде іркіп қалмас, бойындағысын бұлдамас, жолдастықтың жосығын жылдардың еншісіне салған, ағалықтың салтын алдыңа жайып ұсынған, кісілігін кезіккенге кіріптар қылмас, ұстанымдары нық, көзқарасы анық, пікірі айқын азамат еді.

Жалпы Ұлттық аза тұту күні жарық дүниеге қош айтты. Ту түскен күні демі түгесілді. Мұнда да бір сыр, бір хикмет жатқан секілді.

Жайнаған туың жығылмай,

Жасқанып жаудан тығылмай,

Жасаулы жаудан бұрылмай,

Жау жүрек, жомарт құбылмай,

 

Жақсы өмірің бұзылмай,

Жас қуатың тозылмай,

Жалын жүрек суынбай,

Жан біткеннен түңілмей,

 

Жағалай жайлау дәулетің,

Жасыл шөбі қуармай,

Жарқырап жатқан өзенің,

Жайдақ тартып суалмай,

 

Жайдары жүзің жабылмай,

Жайдақтап қашып сабылмай,

Жан біткенге жалынбай,

Жақсы өліпсің, япырмай!, – дегенде хакім

Абай Оспанның басында тұрып қандай хәл кешсе, Несіпбек Дәутайұлының қазасын аза тұтып келген біз де сол күйді кештік.

Жайнаған туы – жақсы аты еді, жазған дүниесі еді. Жасаулы жауы – өмірдегі де, өнердегі де жалғаншылыққа жаны қас еді. Жағалай жайлау дәулеті – жиналған дүние емес, жиған досы, жасыл шөбі – өзі бағбандай баптап өсірген, қызғыштай қорыған, қастерлі еліміздің қай қиырынан болмасын қамқорлық жасап, ағалығын көрсеткен жастар еді. Жарқырап жатқан өзені әдебиетте өзі салған жаңа арналар еді. Жалпақтамай, жалынбай, жайдақ тартпай жарқын қалпында дүниеден көшті.

Қолдарыңыздағы осы кітапты даярлау үстінде алуан көңіл-күйін кешірдік. Кітаптың атауын «Қордайдың қоңыр Құлжасы» деп өзі әулие тұтқан, адамдығын ардақтаған, азаматтығының парқына жеткен, соңғы деміне дейін сырласқан, ақиқаттың алдаспаны, намыстың найзағайы Шерхан Мұртазаның сөзімен қойдық. Қордай деген жердің аты ғана емес, қаламгердің барлық ойы мен сезімінің қайнар бастауы, жасаған образы мен характерлерінің қара тамыры, қай сөзінің де қасқа бұлағы, жазушылық болмысының, кісілік табиғатының алтын сандығы, ақ бесігі.

Кітапқа енген ағаларының, замандастарының, іні-қарындастарының әрбір аза тұтқан сөзін, алқаған тілегін, талдаулары мен пікірлерін оқып отырып, бір үлкен дарияға қайық салғандай болдық. Оның тереңдігін о баста түсіне бермегенімізді түйсіндік. Оның тұнықтығын аңғара қоймағанымызды байқадық. Оның кеңдігін көзбен өлшеп болмасын көрдік. Өмірі жайлы өзгеге ашылып айта қоймас қаламгердің өзгеше әліміне тап болдық. Демек, бұл Несіпбек Дәутайұлының жаңа өмірі, шынайы шығармашылық өмірі басталғанының белгісі.
Бұл – Несіпбек Дәутайұлы жайлы жазылған еңбектердің бір парасы ғана. Жазылып жатқаны, жазылатыны қаншама.

Қаламгер көзінің тірісінде «Ойынды еті он бөлек» кітабын ұсынған шақта, оның ішіне сұхбаттарын да салған екен, соны есте ұстай отырып, өзі де құп көрер еді деп, кейінгі жылдары берген бірқанша сұхбатын да қосып отырмыз.

Қаламгер қазасына қайғыра отырып, көңіл айтқан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, өзге де мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, әдебиетіміздің классиктері мен замандас қаламгерлерге, жазушы жайында толғамды пікірін ұсынған жастарға шын көңілден рақмет айтып, ризашылығымызды білдіреміз.

Қадірлі оқырман, көрнекті жазушы Несіпбек Дәутайұлы өмір кітабының бір тарауы-қолдарыңызда.

 

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,

ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support