Ғасырлар тоғысындағы басылым

74

Ғасырлар тоғысында Әулиеата өңірінің шежіресін жасауға атсалысқан «Aq jol» газетінің жүз жылдық мерейтойы Жамбыл жерінен басталып, бас қаламыз Нұр-Сұлтан қаласында жалғасын тапты.

Жүз жыл! Ғасырмен астасқан осы бір уақыт ішінде не болмады? Не өтпеді? Өткен ғасыр өзгерістен де, төңкерістен де ада болған жоқ. Қуғын-сүргіннен де, қанды қырғыннан да, тоңы қалың тоқыраудан да, қарық қылар нарықтан да кенде қылған жоқ. Ең бастысы, ата-баба аңсаған азаттықтың арайлы ақ таңы – Тәуелсіздігімізге де сол ХХ ғасырда қол жеткіздік. Ең бір елейтініміз, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың талайлы тағдырынан осындай жүз жылдық шежіресі бар санаулы қазақ газеттері де шет қалған жоқ. Соның бірі – тарихы тасқа, шежіресі құмға сіңген қасиетті Әулиеатаның үні болған облыстық «Aq jol» газеті деп ауыз толтырып айта аламыз.

Ең алғаш «Кедей еркі» газетінің қосымшасы ретінде жарық көріп, кейін «Ақ жол» газетіне жалғасқан бұл басылым аймақтың барлық қызығына сүйсініп, жар сала жазып, жалықпай жырлады. Кемшілігіне күйініп, уайым-қайғысын қабырғасы қақырайып бөлісті. Тілім деп күңіреніп, дәстүрім деп тебіренді. Елдігіміздің ділі, қазақшылығымыздың қара діңгегі бола білді. Күні бүгінге дейін де көзі қарақты оқырманның ойында, көкейінде жүрген көп түйткілді тақырыпқа арқау етіп келеді. Газеттің әрбір саны облыстың қым-қуыт тыныс-тіршілігімен біте қайнасып жатыр.

Жамбылдың шежіресіне айналған аймақтық басылымның ғасырлық мерейтойы аясында газет ұжымы мен ардагер қаламгерлерімізден құралған топ арқа төрінде салтанат құрған бас қаламыз – Нұр-Сұлтанға арнайы бардық. Сапарымыз бүгіні ертеңіне ұқсамайтын, қас-қағым сәтте бір қадасын қағып үлгеретін бас шаһардың жайма шуақ күніне сәйкес келіпті. Жадыраған жаңа күннің сәулесімен оянып, әсем қаланың ең биік, ең әдемі ғимараттарының бірі саналатын «Қазмедиа орталығына» да табан тіредік.

Ондағы «Хабар» телеарнасының «Оян!» бағдарламасына шақырылған «Aulieata-media» ЖШС директоры Оралхан Дәуіт, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, газеттің Бас редакторы Хамит Есаман басылымның кешегісі мен бүгініне тоқталды. Газетте әр жылдары жемісті қызмет істеген Сыдық Абланов, Жайық Бектұров, Ғайса Сармурзин, Кемел Тоқаев, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Жақсылық Сәтібеков, Тынышбай Рақым және өзге де қаламгерлердің еңбек жолы туралы айтылды. Отанның жүрегі саналатын бас қаладағы әдемі кездесу Ұлттық академиялық кітапханада жалғасын тапты.

Бүгінде Жамбылдың шежіресіне айналған аймақтық газеттің ғасырлық мерейтойы аясында ұйымдастырылған «Aq jol» және қазақ баспасөзі» атты дөңгелек үстелде басылымның тарихы мен қазақ баспасөзінің қазіргі ахуалы сөз болды. Басқосуға Президент кеңесшілері Бауыржан Омарұлы мен Мәлік Отарбаев қатысып, Мемлекет басшысының газет ұжымын мерейтойымен құттықтау хатын табыстады. Бұл – ұжым үшін үлкен мәртебе. Баға жетпес байлық. Бұған қоса Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің де құттықтауы табыс етілді.

Жиынды Жамбылдан шыққан журналист, Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепберген жүргізіп отырды. Дөңгелек үстелде сөз алған Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаттары Дархан Мыңбай, Жанарбек Әшімжан, «Egemen Qazaqstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы Берік Уәли, «Айқын» газетінің бас редакторы Амангелді Құрмет, «Elorda Aqparat» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Олжас Сыдықбек, академик Құрманбек Құрманәлиев, газет жанашыры, жерлесіміз Қырғызәлі Тілеуов басылымның қоғам өміріндегі алар орнына ерекше тоқталып, жылы пікірлерін айтты. Аймақ журналистерінің әлеуметтік жағдайын, мәртебесін көтеру мәселелері де кеңінен сөз болды.

Газет ардагері, жазушы Елен Әлімжан басылымды басқарған редакторлары мен танымал авторлары туралы кеңінен әңгімеледі.

– Мен «Aq jol» газетіне 1970 жылы келдім. Сол кезде газетке Баттал Жаңабаев редакторлық ететін. Редакциядағы кезекті бір жиында редактор газет нөмірінің облыс құрылған 1939 жылдан бастап реттеп шығып жатқанын, оның тарихы туралы мәліметтердің қажет екендігін айтты. Сөйтіп редактор майдангер-журналист Әкпарбек Досмағамбетовті арнайы тапсырмамен Ташкентке жіберді. Өйткені газеттің алғашқы нөмірі жарияланған сәтте Ташкент қаласы губерния орталығы болған. Журналист ағамыз Шымкент мұрағатын да ақтарып шықты. Осылайша, басылымның ең алғашқы нөмірінің 1922 жылы жарияланғаны белгілі болды. 1972 жылы газеттің 50 жылдығын тойладық. Салтанатты жиынға ҚазақКСР Жоғары кеңесінің төрағасы Сапар Ниязбеков қатысып, газетке «Құрмет белгісі» орденін тапсырды. Газеттің авторлар шоғыры Мұхтар Әуезовтен басталатынын айтқым келеді. Жазушының бірқатар туындылары алғаш болып «Aq jol» газетінде жарияланғанын біреу білсе, біреу білмес. Бұл енді біздің мақтануға тұратын естелігімізге айналды, – деді Елен Әлімжан.

Ал белгілі жазушы, журналист, осы басылымды 2014-2020 жылдар аралығында басқарған Көсемәлі Сәттібайұлы газеттің қоғам өміріндегі алар орнына ерекше тоқталды.

– Басылымның талайғы тарихын айтқанда, оның осы уақыт аралығында қандай тақырыпты көтергенін, елдің есінде несімен қалғанын айту керек. Басылымды сонау 1940 жылдары басқарған Жайық Бектұров ағамыз 1983 жылы «Ақиқаты осы еді» деп аталатын кітап шығарды.

Сол жинаққа оның 1948 жылы қазіргі «Aq jol» газетіне жарияланған «Осы еді самұрықтың өлген жері» деген мақаласы да енген екен. Мақала хан Кененің шейіт болған Қордай ауданындағы Кекілік сеңгір деген жер туралы жазылған. Ол кезде Мұхтар Әуезовтің «Хан Кенесі» жарыққа шыққан-шықпағанынан нақты хабарым жоқ. Бірақ Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», «Алмас қылыш», «Қаһар» сияқты шығармалары жазылмаған еді. Жайық ағаның басын бәйгеге тігіп осы мақаланы жазғаны таңғалдырады, – деді Көсемәлі Сәттібайұлы.

Кездесуде газет тарихының осынау елеулі сәттерінен естелік әңгімелер айтылып, басылымның бүгінде ақпарат аламанында жаңа медиамен бәсекеге түсіп, оқырманын жоғалтпай келе жатқаны да сөз болды.

Ақпарат айдынына «Aq jol» атауымен қанат қаққан басылым қазіргі таңда аптасына үш рет оқырманға жол тартады. Бір ғасырға толып отырған басылым тігінділерін ақтарсаңыз, оның қалыптасу кезеңдерін, осы жылдар ішіндегі аймақтың тыныс-тіршілігін, өзекті мәселелерін, сол уақытта облыс тұрғындарын не толғандырғанын бағамдап, әр жылдардағы газет кейіпкерлерімен, авторларымен танысуға болады. Яғни өткен ғасырдың да, осы ғасырдың да тынысы «Aq jol» беттерінде сайрап тұр. Желтоқсан оқиғасынан кейін Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаров сынды атпал азаматтардың басына қара бұлт үйірілгенде де «Aq jol» журналисі Қыстаубай Байтуов амалын тауып, Алматы қаласындағы пәтерінде үйқамақта жатқан Дінмұхамед Қонаевпен сұхбаттасады. Кейіннен бұл сұхбатты республикалық газеттердің өзі «Aq jol»-да көшіріп басады.

Ал ақын, журналист Жақсылық Сәтібеков Бішкектегі Асанбай Асқаровтың сотына қатысып, оған тағылған негізсіз айыптауларды ашық көрсетті. Мұның барлығы басылымның сол кездегі бас редакторы Арғынбай Бекбосынның батылдығы еді. Қазақ елі тәуелсіздік алардан аз ғана бұрын дәл осы Арғынбай Бекбосынның бастамасымен «Еңбек туы» аталып келген газет «Aq jol» атауына ие болды. Одан бері де мықты, өткір тілді журналистердің қатары артпаса, кеміген жоқ.

Бүгінде облыстың бас басылымы аймақта орын алып жатқан оқиғалар мен Тараз қаласының тыныс-тіршілігін, мұндағы тың бастамалар туралы ақжолтай ақпараттарды ресми дереккөздерге сүйене отырып, оқырманға дер кезінде жеткізеді. Газетте еліміздің саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық, мәдениет және руханият, өнер, спорт сияқты және басқа да барлық саладағы жаңалықтар қамтылады. «Aq jol», негізінен, Жамбылдағы оқиғаларды баяндағанымен, медицина, заң, қала тіршілігі, кәсіпкерлік және өнеркәсіп сынды сан түрлі саланы қамтитын сараптамалық материалдар да басылымның әр санынан көрініс табады.

Ұлттық тұрғыдағы мәселелер де ұдайы басылады. Салмақты сарапшылар мен Мемлекет және қоғам қайраткерлері сияқты көрнекті және лауазымды тұлғалармен жүргізілген сұхбаттар да ұсынылады. Сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен тұрақты авторлардың дін мен дәстүр, тағылымды тарих және қоғамдағы өзге де өзекті мәселелер туралы ой-пікірлері танымдық материал ретінде оқырманға жол тартады. Сол сияқты «Ұлт пен ұрпақ», «Мәселенің мәнісі», «Толғандырар тақырып» сияқты айдарлар жүргізіліп, оқырманмен кері байланыс та орнатылады. «Aq jol»-дың облысымызда өзіндік ықпалы жоғары деп айтуға болады.

«Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегендей, басылымда жарық көрген сыни материалдар арқылы аймақтағы кейбір түйткілдің түйіні тарқатылып жатады. Осыған дейін газет көтерген мәселе аз емес. Айта кетсек, газеттің үнемі көтеріп жүрген мәселелері – шеткі аймақтардың жағдайы, реновация, өзіміздің өндіріс жайы, тоқтап қалған кәсіпорындар мәселесі, сақалды құрылыс, тазалық, қаланы түтіннен қорғау, газификация, көшелердегі иесіз ит-мысықтарды аулау сынды мәселелер. Бұл тақырыптар әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Газетті мүйізі қарағайдай редакторлар басқарып келеді. «Aq jol»-ды басқарғандардың барлығы танымал, мықты тұлғалар болған.

Тәуелсіз қазақ елінің тарихи өңірінің маңызды бөлшегіне айналған басылым «Aq jol» газетінің ғасырлық мерейтойы әлі де жалғасын таба түседі. Облыс әкімдігінің қолдауымен «Aq jol» газетінің 100 жылдығы мен Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арналған шаралар қатар ұйымдастырылуда. 28-29 қыркүйекте Тараз қаласында кең ауқымды жиындар өтеді. Осы шаралар барысында Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай облыс әкімдігінің қолдауымен және Қазақстан Жазушылар одағы мен «Aulieata-Media» ЖШС-нің ұйымдастырған «Ақиқаттың ақ туы» атты республикалық қаламгерлер байқауының жеңімпаздары марапатталады. «Aq jol» газетінің 100 жылдығына орай журналистер арасында өткізіп жатқан «Қазақ баспасөзінің тарихы: бүгіні мен ертеңі» конкурсының да жеңімпаздары осы уақытта белгілі болады.

 

 Гүлжан РАХМАН

Тараз — Нұр-Cұлтан — Тараз.

 

Comments are closed.