- Advertisement -

Құтлық — Елтеріс қағанның кешені табылды

244

- Advertisement -

Жуырда күллі Түркі дүниесі үшін керемет жаңалық болды. Ұлы Құтлық қағанның құтты қонысы табылды. Ұлы тарихымыз тағы бір ұлағатты жәдігермен толығып, ұлы құндылықтар тарихи айналымға енді.

 Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Моңғолияның Арханғай аймағындағы Номғон алқабынан көне түркі дәуіріне жататын құнды ескерткіштің табылғанын сүйіншілеген еді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осынау тарихи дүниені табуға атсалысқан ғалымдарды арнайы құттықтаған болатын. Ал Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин «Қазақ ғалымдары Дархан Қыдырәлі, Нәпіл Базылхан, Нұрболат Бөгенбаев моңғолиялық әріптестермен бірлесіп Құтлық Елтеріс қағанның кешені мен жазуын тапты», деп жазды. Бұл жұмысқа Моңғолия Үкіметі, Моңғолия Ғылым академиясы қолдау көрсетсе, А.Энхтөр, Археология және тарих институтының директоры Г.Эрэгзин жобаға жетекшілік жасаған. Өзге де ғалымдардың еңбегі зор.

Киелі Өтүкен қойнауы қазынаға толы құтты мекен. Мұнда ұлы түркі дүниесіне ортақ талай-талай тағдырлы оқиғалар орын алған. Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Құтлық қағанның құтты қонысы: Көне түркі дәуірінің ескерткіш кешені табылды» атты мақаласында «Бізге белгілі болған мәліметтер аталған тарихи кешеннің Күлтегін мен Білге қағанның әкесі, Түркі қағанатының қуатын еселеп жаңғыртқан Құтлық-Елтеріс қағанға арналғанына көз жеткізіп отыр. Бұл тарихымыздың талай ақтаңдағын айқындайтын айтулы жаңалық, әлемдік түркологияның елеулі жетістігі», деп жазады.

Аталған кешеннің ежелгі түркі мәдениетінің алтын бесігінің бірі болғаны талас тудырмайды. Бұл жақсы жаңалық Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясының Археология және тарих институты бірлесіп жүргізген ғылыми археологиялық экспедиция жұмыстарының нәтижесінде болып отыр. «Осы ретте айта кетерлік бір жайт, Құтлық қаған деген жазуы бар һәм түркі сөзі алғаш айтылатын бұл кешенді табу кездейсоқ жүзеге асқан жоқ. Мұның алдында Халықаралық Түркі академиясы Шивээт-улан ғұрыптық кешенінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. 2016 жылы аталған өңірге арнайы экспедиция ұйымдастырды. Құтлық қағанның тұсында салынған салтанатты кешеннен таңбалар, түрлі артефактілер табылуымен қатар, олардың мерзімі анықталды. Кешен 2018 жылы Түркі академиясы тарапынан қоршалып, қамқорлыққа алынды», – дейді тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлі.

Бұл расында да Түркі дүниесінің төрт құбыласын түгендеуге, тарихын төрт тарапқа танытуға деген ерекше жаңалық болды. Дүниенің қай тарабында болмасын түркілердің қасиетті ізінің қалғаны белгілі. Соның айқын бір дәлелі – Құтлық қағанның құтты қонысы екені даусыз. Бұл ретте Халықаралық Түркі академиясының еңбегі мол. Аталған академия Тоныкөк бітіктасының 1300 жылдығын ЮНЕСКО аясында кеңінен атап өткен болатын. Сонымен қатар ескерткіш мәтіні аудармаларының да жинағын жарыққа шығарған еді. Ал, Күлтегін жазбаларын әлемнің бірнеше тіліндегі нұсқада жинақтап, оқырман назарына қайта ұсынуы да атап өтуге тұрарлық. 2019 жылы басталған Номғон экспедициясы әлемді шарпыған пандемияға байланысты үзіліс жариялағанымен, Түркі академиясы бұл бағыттағы ізденісін тоқтатқан жоқ. Мұқым дүниеге мәлім болған бұл тарихи жаңалық осындай ізденістердің жемісі болып отыр.

Ұланбатыр қаласынан жеткен ақжолтай хабар Түркі дүниесі үшін тарихи сәт еді. Ал мұндай игі істің басы-қасында қазақ ғалымдарының болуы, көне кешеннің табылуына атсалысуы да ұлт үшін мәртебе болмақ. Ұланбатырда Түркі академиясының Моңғолияда жүргізіп жатқан зерттеу жұмыстары туралы баспасөз мәслихаты өтіп, жаңа ашылған көне түркі дәуірінің ескерткіші алғаш рет көпшілікке таныстырылды. Ғұрыптық кешеннің жалпы аумағы 49х41.5 шаршыметр жерді алып жатыр екен. «Батыстан шығысқа қарай сопақша болып созыла орналасқан кешенді айналдыра қоршап ор қазып, одан шыққан топырақты үйіп қамал жасаған. Кешеннің батыс жағында ортасында ойығы бар текше тас (альтар), адамның тас мүсіндері, қасында екі күшігі бар арыстан мүсіні және екі қой мүсіні орналасқан. Кешеннің қақпасынан шығысқа қарай 51 балбал тас тізбектеле қойылған. Олардың ішінде бес балбалдан Ашина әулетіне тиесілі «таутеке» таңбасы анықталды.

Сонымен қатар көне кешен орнынан барықтың (табыну орны) болғанын айқындайтын қыш жабындылар мен жаяу жүргінші жолына төселген кірпіштердің қалдықтары қазылып алынды. Барықтың алдынан еңселі жазба ескерткіштің жоғарғы бөлігі мен оның тасбақа бейнесіндегі тас тұғыры табылды. Құнды олжаның екі бетінде 12 жолдан тұратын көне түркі бітік жазуы, ал үшінші қырында ескі соғды жазуы қашалған. Әзірше ескерткіш мәтінінен «Тәңір», «түрк», «Құтлық», «түмен» секілді бірқатар сөздерді анық оқыдық. Жалпы алғанда, Номғон ғұрыптық кешені барлық белгілері жағынан Білге қаған мен Күлтегін ғұрыптық кешендеріне ұқсас. Номғон жазба ескерткішінің жоғарғы тұсында төмен қараған денесі айдаһар бейнесіндегі екі бөрінің басы бейнеленген. Дәл осындай қағандық атрибутикалардың – айдаһар денелі, бөрі басты сюжеттің Таспар қаған, Білге, Күлтегін және басқа бірқатар ескерткіштердің жоғарғы тұсында қашалғаны белгілі», – дейді Дархан Қыдырәлі.

Алдағы уақытта Халықаралық Түркі академиясы Номғон археологиялық экспедициясының нәтижелеріне арналған ғылыми жинақ әзірлеп, түркі мемлекеттерінің астаналарында таныстыруды жоспарлап отыр екен. Академия президенті Дархан Қыдырәлі Моңғолиядағы түркі дәуірінің ескерткіштерінде қазба жұмыстары бұдан әрі де жалғаса беретінін айтты.

 

 Хамит ЕСАМАН.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support