- Advertisement -

Шудан жеткен шынайы ән

45

- Advertisement -

Сауытбек, Балуан Шолақ сияқты өнер саңлақтарының мекені Шу жеріне де өнердің құты қонған десек, қателесе қоймаспыз. Беріректе Аяз Бетбаев, Әбдімомын Желдібаев бастаған дүлдүлдер қалың жұрттың сүйіспеншілігіне ұзақ жылдар бөленгені де елдің есінде. Осынау таланттардың бүгінгі ізбасарлары да қалыптасып келеді. Біз оны «Әуенді Тараз кештері» жобасы аясында «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде өткен Шу ауданының өнерпаздары қойған концертте аңғардық. Облыстық халық шығармашылық орталығының өкілдері аталған іс-шараны ұйымдастырды.

Өңірге есімі белгілі Ерлан Сәулебаевтың орындауындағы «Туған жер», «Ағаларым» әнімен ашылған концертті қызыға тыңдаушылардың қатары аз болған жоқ. «Көріктім», «Қалайда» әндері Нұржан Амангелдінің орындауында тіпті әсерлі шықты. Жанболат Алғабек, Нұрлан Тастанбеков, Нұрбек Амалбек бірге орындаған «Ерке сылқым» күйі де Тараз аспанын тербеп тұрды. Осы орындаудағы «Адай» күйі де көпшіліктің көңілінен шықты. Бақытжамал Қосыбаева орындаған орыстың «Было не прошло» және «Жүрегім ақ» әндері де жүректерге жетті. Әділбол Мұратбек «Бұл өмірде» әнімен ерекшеленді.

Дәурен Алтынбек пен Әділбол Мұратбектің дуэт болып орындаған «Үнсіз махаббат», «Бауырым» әндеріне де көрермен ризашылықпен қол соқты. «Шу серілері» тобының да өнері тараздық жұртшылық назарын бірден аударды. Олар «16 қыз», «Молдабай», «Бозжорға», «Алаш ұраны» әндерін орындағанда көпшіліктің әдемі әсерде болғаны анық. Жас әншілер Нұрхат Төлеу мен Мәди Жапардың орындауындағы әсерлі әндердің де тыңдаушылары аз болған жоқ. Ермахан Жұмағұлов пен Талғат Алтыбаев та көпшіліктің үлкен сүйіспеншілігіне бөленді. Концерт барша шулық өнерпаздардың орындауындағы «Қазақстан» патриоттық әнімен мәресіне жетті.

Біз концерт барысында көпшілік арасынан жақсы тыңдармандарды да назарымызға алып отырдық. Бірқатарын әңгімеге де тарттық. «Шу жері – тұнып тұрған өнер ғой. Бір ғана Сауытбектің талантты талай ғасырға жететін, ұрпақтан- ұрпаққа кететін олжа. Мен сол Сауытбектен ғылыми кандидаттық диссертация қорғаған кісімін. Сондықтан Шу топырағы маған ыстық, олардың әр концерті, әр өнерпазы бағалы», – дейді танымал ұстаз, Жуалы ауданының Құрметті азаматы, филология ғылымдарының кандидаты Сейсекүл Исматова. «Мұндай концерттердің берері көп. Өте сәтті – жоба. Отбасымызбен келіп көріп, тамашалап жүрміз. Әдемі әсерге бөленіп, жақсы көңіл- күймен қайтып жүрміз», – дейді Тараз қаласының тұрғыны Медет Байболатов.

Осылайша, шулықтардың тамаша өнері Тараз аспанын әуенге бөледі.

 

Есет ДОСАЛЫ.

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support