- Advertisement -

Кемеңгерге құрмет толастамайды

57

- Advertisement -

Қазақ халқының дара перзенті Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығы елімізде үлкен деңгейде, барша халықтың жоғары ықыласымен аталып өтіп жатқаны белгілі. Димаш Ахметұлының өмірден озған күніне орай Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Д.А.Қонаев: тарих пен тағылым» атты іс-шара өтті.

Іс-шара көрнекті қайраткер Дінмұхамед Қонаевқа арналған еңселі ескерткішке гүл шоқтарын қоюдан басталды. Содан соң іс-шара кітапхана ішінде дөңгелек үстелмен жалғасты. Басқосуды филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Мұқашев ашып, жүргізіп отырды. Жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы сөз алып, қазақтың біртуар ұлы Дінмұхамед Қонаев және кемеңгердің айналасындағы тарихи адамдар жөнінде толғана сөйледі.

Сонымен қатар осы жиын үстінде Көсемәлі Сәттібайұлы Дінмұхамед Қонаевқа арналған «Өрлеу» орденімен марапатталды. Оны Халықаралық «Қонаев қоры» облыстық филиалының атқарушы директоры Қибат Асқарбеков салтанатты жағдайда тапсырды. «Қазақ халқына адал болған, дана перзенті болған Қонаевқа төңірегіндегілер де адал болғаны байқалады. Мысалы, Амангелді Шабдарбаевтың жұмысын тастап қиын шақта Қонаевтың қасынан табылуынан біз осыны аңғарамыз. Қонаев – өте сабырлы, салмақты адам болған. Басына түскен сынақты сол сабырымен жеңіп шықты», – деді жазушы К.Сәттібайұлы.

Мұнан соң өңірімізге танымал айтыскерлер Есет Жаңабайұлы мен Дидар Басықараев қысқаша айтыс жасап, Қонаевтың тұлғалық биік қасиеттерін аша түсті. Жиында кітапхана қызметкерлері де Қонаев еңбектеріне, Дінмұхамед Қонаев жазған кітаптарға шолу жасап, ізденістерін көрсетті. Жиында Қазақстанның Құрметті журналисі Жаңабай Миллионов, өңіріміздің құрметті ақсақалдары Алдаберді Мақашев, Баянғали Маймышев сөз алып, алып тұлғаның биіктей беретінін айтты. Іс-шара барысында Д.Қонаев дара тұлға жайлы жазылған Рафаэль Ниязбектің «Көсем» кітабы туралы да кеңінен айтылды. Іс-шараны аталған кітапхана директоры Гүлфайруз Іңкәрбекова қорытындылап, келген қонақтардың бәріне алғыс айтып, ұлы тұлғаға арналған іс-шараның әлі де жалғаса беретінін жеткізді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support