- Advertisement -

«Мандаттың да артында үлкен міндет тұр» Жұмахан Тәңкібаев облыстық мәслихаттың депутаты

153

- Advertisement -

2021 жылдың басында облыстық мәслихаттың құрамы жаңарғаны мәлім. Халық қалаулыларының қоғамдағы қандай мәселелерге араласып, нендей түйткілдердің шешілуіне атсалысып жатқанын таразылап көретін мезгіл де жеткендей. Осы орайда «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Жұмахан Тәңкібаевты сөзге тарттық. Депутат жаңа қызметіндегі әсерімен, атқарған жұмыстарымен бөлісті.

– Жұмахан Мұқашұлы, өткен жылы облыстық мәслихат депутаттарының қатарынан табылдыңыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында: «Халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктеледі. Олар мемлекетімізді өркендету ісіне белсене атсалысуға тиіс» деп атап өтті. Мұндай ауыр жүкті арқалау қиын ба?

– Иә, өткен жыл мен үшін маңызды оқиғалармен басталды. Өздеріңізге белгілі, 10 қаңтарда еліміз бойынша түрлі деңгейдегі мәслихаттарға депутаттар сайлауы өткен болатын. Сол науқанда «Nur Otan» (қазіргі «Amanat») партиясының атынан сайлауға түскен үміткерлердің қатарында мен де бар едім. Барлығы сәтті өтіп, облыстық мәслихат депутатының мандатына ие болдым. Жалпы бұл қадамға бармас бұрын көп ойландым. Сондықтан депутат болып, халық үшін қызмет ету қолымнан келетініне әу бастан-ақ сенімді едім. Бүгінде сайлаушылардың сенімінен шығу үшін барымды салудамын.

Ел арасында жүргеннен кейін депутаттық мандаттың артында үлкен міндет тұрғанын жақсы түсінеміз. Депутат деген аты үшін ғана депутат болмау керек, елмен, халықпен бірге жүріп, солардың мұң- мұқтажын біліп, оның шешілуіне ықпал етуге тиіспіз. Облыстың барлық аудандарында өзекті мәселелер жетерлік, соны орны-орнымен көтерген жөн. Бұл біздің жұмыстың, депутаттық мандаттың бір парызы деп есептеймін. Бұған дейін де облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі бола жүріп, елмен, қоғаммен тығыз байланыста жұмыс жасап келдім. Жүрген жерімде көп мәселелерді көтеріп жүремін, әсіресе, білім саласының төңірегіндегі түйткілді мәселелер толғандырады. Мектептердің жай- күйі, олардың күрделі, ағымдағы жөндеулері дегендей. Сондықтан депутаттық міндетті ауыр жүк деп емес, азаматтық парыз деп қабылдаған жөн сияқты.

– Білуімізше, бұл депутаттық саладағы алғашқы тәжірибеңіз?

– Рас, осыдан он жыл бұрын аудандық мәслихатқа депутаттыққа түстім, бірақ жолым болмады. Ол кезде бір мандаттық сайлау болды ғой, сайлаушылар дауысының 48 пайызына ғана ие болдым. Оған еш өкінбеймін, сол жолы біршама тәжірибе жинақтадым. Одан кейін облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға араласа бастадым. Комиссия төрағасы, кеңестің хатшысы болдым. Міне, облыстық мәслихаттың депутаты болғаныма да 1,5 жыл болыпты. Бұл сайлау бұрынғы сайлаудан өзгеше болғанын бәріңіз де білесіздер. «Аmanat» партиясы өзінің арасында белсенді, лайықты дегендерді іріктеу үшін 2020 жылы Қазақстан тарихында алғаш рет праймериз өткізді. Партияның сайлауалды бағдарламасымен танысып, қай елді мекенде, қай қалада не атқарылатынын біліп, соны елге түсіндіріп айттық. Сөйтіп «Аmanat» партиясы өз ішінен лайықтыларын сайлауға тізіммен ұсынды. Партияның 70 пайыздай дауысын алып, депутат мандатына ие болдым.

– Сіз депутат болғалы да бір жарым жыл өтті. Бүгінгі таңда халық пен депутаттың жақындығы қандай? Түйткілді мәселелерді шешуде қандай бағыттағы жұмыстарға басымдық бересіз?

– Халық өзінің мұң-мұқтажын жергілікті билікке – облыс, аудан әкімдеріне жеткізу үшін бірінші кезекте бізге хабарласып жататын кездер жиі кездеседі. Олардың шешімін таппай жатқан үлкен проблемалары болса, шешуге атсалысамыз. Түйткілді мәселелердің шешімін табуын бақылауға алатын құзіретіміз бар. Депутат – халық пен биліктің ортасындағы көпір. Өзімнің де азамат ретінде ұстанатын өмірлік ұстанымым, алдағы жоспарларыма бағыт беретін сайлаушыларға берген уәделерім мен депутаттық бағдарламам бар.

Биыл «Nur Otan» партиясының атауы «Аmanat» деп өзгерді. Енді оны биліктің партиясы емес, билеуші партия деуге болады. Неге десеңіз, біріншіден, «Аmanat» партиясының мүшесі көп, екіншіден, әрқашан елдің, халықтың ішіндегі өзекті мәселелерді көп көтеретін партияның бірі. Кешегі референдумда осы партия өздері жүріп, штаб құрып, референдумның не екенін халыққа түсіндіру жұмыстарында көп еңбек етті. Сол штабта мен де болдым. Кей жерлерде халыққа референдум десең, «не үшін, кімге дауыс береміз?» дейді. Сол кезде халыққа референдумның не екенін түсіндіру жағы сәл кемшін болды ма деймін. Бүгінде әлеуметтік желі деген бар ғой, қазір шыққан жаңалықты 10-15 минуттан кейін бүкіл ел естіп отырады. Осындай технологияның дамыған заманында халықтың көзі ашық болуы керек. Ендігі өтетін сайлау басқаша болатыны анық, ол кезде лайықты адамды халық өзі сайлайтыны сөзсіз.

Халық пен депутаттың жақындығы қандай дейсіз бе? «Аmanat» партиясы қоғамдық қабылдауды бұрынғыдай тек партия ғимаратында өткізіп қоймай, биыл жыл басынан көшпелі қабылдаулар жүргізе бастады. Бізде алыста, шалғайда орналасқан шеткі ауылдар бар, ондағы тұрғындар аудан орталығына, немесе қалаға келіп мұң-мұқтажын айта алмайды. Біреуінің мүмкіндігі жоқ, екіншісінің уақыты сәйкес келе бермейді. Мен Жуалы, Талас аудандарында осындай көшпелі қоғамдық қабылдауларда болдым. Жуалы ауданында болғанымда Қошқарата ауылдық округіне қарасты Ақтасты деген бастауыш мектепті көрдім. Бұл мектептің мәселесі қазір көп көтеріліп жатыр. Осы білім ошағына арнайы атбасын бұрған ауданның жаңа әкіміне сауал тастадым. Аталған мектептің ешқандай сын көтермейтін мәселесін фракция отырысында да көтердім. Негізі сол жерде бастауыш емес, негізгі мектеп жасауға мүмкіндік бар. Неге десеңіз, ол ауылда қазір бастауышта 21 бала оқиды, ал 23 баланы округ орталығына тасымалдап оқытып жатыр. Сол 44 балаға негізгі мектеп ашуға болады ғой. Аталған ауылдың бір кәсіпкері қазіргі заман талабына сай етіп ғимарат салған екен, оны білім басқармасы заңға қайшы келеді деп сатып ала алмай отыр. Ол жаңа ғимараттың да бір жетіспеушілігі бар, спорт залы қарастырылмаған екен. Егер кәсіпкер соққан ғимаратты аудан әкімдігі сатып алып білім басқармасына берсе, оны олар өз теңгеріміне алып мектепті жұмыс істете алады. Енді мәселе аудан көлемінде шешіліп, аудан әкімі соны сатып алатын қаржы қарастырса болар еді. Аудан басшысына осы жөнінде әлеуметтік желіде сауал да жолдадым. Өңірімізге келген Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген де осы мәселені көтерді. Жалпы, мектептің мәселесін көп көтеретін себебім, ел болам деген мемлекет ең алдымен балалардың біліміне, тәрбиесіне, олардың өсіп- өркендеуіне, өнермен және спортпен шұғылдануына көп жағдай жасауы керек. Еліміздің болашағы да сол балаларымыз. Қазірден іргетасын дұрыс қалап, олардың біліміне көңіл бөлсек, онда мемлекетіміз де сөзсіз өсіп-өркендейді. Сондықтан сессияда да, тұрақты комиссияның, фракцияның отырыстарында да осы мәселені көп көтеріп жүрмін.

– Сайлаушыларды көбіне қандай мәселелер толғандырады?

– Мәселелер әрқилы. Бірінші кезекте жұртшылықты әлеуметтік мәселелер толғандырады. Осындай жағдайда халықты қолдау, азаматтар мүддесін қорғау – мәслихат депутаттарының басты міндеті. Сонымен қатар мәслихат депутаты адамдар мен әкімдіктер арасында делдал болып, халықтың мәселелерін шешуі керек. Алайда депутаттардың кейбірі барынша БАҚ және сайлаушыларымен байланысқа шықпауға тырысады. Өзім сайлаушыларды қай кезде де тыңдауға дайынмын. Депутат болып сайланғандағы басты мақсатым да сол. Мен қашан да ашықпын.

– Депутат ретінде сайлаушыларға берген уәде үдесінен қаншалықты шығып келесіз? Олардың қандай мәселесін оңтайлы шештім деп айтар едіңіз?

– Бізде күрмеуі шешілмей тұрған мәселелер аз емес. Ол проблемалардың бәрін кезең-кезеңімен шешеміз деп алға қойған жоспарымыз бар. Осы уақытта өзім 12 депутаттық сауал жолдадым. Онда да сауалдың санына емес, сапасына көңіл бөлген дұрыс. Осы сауалдардың бірі – Талас ауданындағы Д.Қонаев атындағы орта мектептің күрделі жөндеуіне қаржы бөлу мәселесін көтердім. Ол партияның сайлауалды бағдарламасына да енгізілген болатын. Бұл 1953 жылы салынған, 70 жыл болған мектеп екен. Тағы бірі – өзімнің ауылым Тамдыда Қойгелді атындағы орта мектеп бар. Отыз жыл болған білім ошағы осы уақытқа дейін жөндеу көрмеген, спорт залы апатты жағдайда тұр. Облыстық мәслихаттың хатшысын, басқа да топтарды апарып зерделеу барыстарында көрсеткенмін апатты жағдайын. Сөйтіп мен жасаған депутаттық сауалдардың ішінде нәтижесі шыққаны осы екі мектептің күрделі жөндеуіне қаржы бөлінгені болды. Қазір Д.Қонаев мектебінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оны барып көріп, мердігерге разы болып қайттым. Жасаған жұмыстары тиянақты, сапалы. Сыртқы әрлеу жұмыстарын бітіріпті, ішкі жұмыстарын жасап жатыр екен. Есік- терезесі, едені түгел ауыстырылуда. Тамыз айының 25-іне бітіру керек. Ал Тамды ауылындағы мектептің құрылысы өтпелі, жөндеу қыркүйекте басталып, келесі жылы аяқталады. Биыл оқу ғимаратының шатырын ауыстырады, себебі биыл жауын-шашын көп болып, төбесінен су аға бастады. Жылу жүйесі де түгел ауыстырылады. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 110 миллион теңге қаржы қарастырылған.

Мен аудан әкімдерімен де тығыз жұмыс істеймін. Оларға «кем-кетіктеріңіз болса айтыңыздар, көтерейік, сонда бір нәтиже шығаруға тырысамыз. Сіздер үндемей отырсаңыздар, біз оны білмесек, қалай көтереміз» деп айтып жүремін. Т.Рысқұлов ауданында Малдыбай деген ауыл бар, сол ауылдың мектебі де жарамсыз жағдайда. Алдағы уақытта жаңа мектеп салыну керек, құжаттары дайын тұр, бірақ әлі қаржы бөлінбей жатыр. Ол ауылдың тұрғындары маған хат арқылы қайырылған болатын. Өңірімізде күрделі жөндеуді күтіп тұрған не болмаса жаңадан салуды қажет ететін мектептер баршылық. Солар орны-орнымен, кезек- кезегімен бітеді деп ойлаймын. Біз де өз тарапымыздан депутаттық сауалдар жолдап, жиындарда, басқосуларда көтеріп, олардың шешілу жолдарын қарастырып жүрміз.

Талас ауданында бір мыңдай халқы бар Көктал деген ауылдық округте осы кезге дейін мәдениет үйі жоқ. 116 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Мен депутаттық сауал жолдап, 2023 жылы сол ауылға бір мәдениет үйін салу мәселесін көтеріп жүрмін. Ауылдың күрделі жөндеуден өткен мектебі бар. Клуб та болған кезінде, құрылыс материалдарына бола бұзылып кеткен екен. Қожағаппар ауылындағы Қошмамбетов мектебінің қазіргі жай-күйі де сын көтермейді. Жалпы, ауданда ескі мектептер әлі де баршылық, тіпті 1954 жылы саман кірпіштен салынған мектептер тұр. Осындай төрт мектеп бар екен. Оларға күрделі жөндеу жүргізіп шығындалудың қажеті жоқ, бірден жаңадан соғу керек деп санаймын. Қазір шағын модульдік мектептер туралы айтылып жүр ғой, бұл туралы Президентіміз де көтеріп келеді, сондай тәжірибені қолға алу керек. Бүгінде депутат ретінде де, белсенді азамат ретінде де туған өлкемнің мәселесін назардан тыс қалдырмауға тырысамын. «Аmanat» партиясы облыстық филиалының Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі ретінде комиссия отырысында үнемі осындай мәселелерді көтеріп отырамын.

Алдағы үлкен жоба, ол – облыстық емес, республикалық дейгейде шешілетін мәселе. Талас және Байзақ аудандарының шекарасында Ақмола су қоймасы салыну керек деген жоспар бар. Бұл облыс, аудан деңгейінде шешілетін мәселе болмаса да біз осыған бір ауыз үнімізді қоссақ деймін. Оның тиімділігін, елге қажеттігін айтсам, осы екі ауданның шекарасында су қоймасы салынса, таластықтар мен байзақтықтардың егін, бақша өнімдерін егіп, малға азық дайындауға мол мүмкіндіктері болар еді. Оның тиімділігі зерттеліп- зерделеніп қойған. Бұл біздің партияның сайлауалды бағдарламасында да бар. Сондықтан осы бойынша алдағы уақытта тиісті министрліктерге сауал жолдасам деген ойым бар. Егер бұл су қоймасы салынса, біраз жұмыс орны ашылады, өңірлерде мал шаруашылығы дамиды. Мәселен, Талас ауданында малдың басы жылдан жылға артып келеді. Ауданда 50 мыңдай халық бар. Бір «Табыс» шаруа қожалығының өзінде 10 мыңдай қойы бар. Ауылға барғанда сұрастырсаң, «ірі қарам 100 бас болды, уақ малым 1000 бас болды» дейтін жігіттер баршылық. Мал санын көбейтіп алып, оның азығын ойламасақ тағы болмайды. Малдың азығы қымбаттаса, еттің бағасы да өсіп шыға келеді.

– Ел сізді белгілі кәсіпкер, меценат ретінде таниды. Талас ауданына жомарттығыңызбен танылған азамат екенінізді естіп жүрміз. «Оң қолың бергенді сол қолың білмесін» деген ұстанымда екеніңізді де білеміз. Дегенмен қайырымдылық шараларын көп жасайсыз ба?

– Менің туған жерім – Талас ауданындағы Тамды ауылы. Осындағы мектепті тәмамдадым. Өніп-өскен жеріме шарапатымды тигізер кезде өз қызметімді аянып қалған емеспін. Мен елге жасаған кішкентай ғана жақсылығымды өзімнің перзенттік парызым деп білемін. Бірде өңір басшысы облыстан шыққан белгілі тұлғаларға: «Сіздер өздеріңіз туып-өскен елді мекендерді гүлдендіруге атсалыссаңыздар жақсы болар еді» дегендей ой қозғаған еді. Мен де бұл ойды толықтай қолдадым. Ауылыма қолдан келген көмегімді аямаймын. Тамдыда «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша салынған үйдің іргетасын қалауға бірінші болып қаржы бердім. Ауылда мешіт соғып, спорт алаңын салып бердім. 2008 жылы салынған мешітті биыл қайтадан жөндеп, күмбезін ауыстырып, кілемін жаңаладық. Балалар ойнайтын спорт алаңының сыртын қоршап, жан-жағын абаттандырып, Астананың 20 жылдығына тарту жасадым. Аллаға шүкір, сол ауылдың жастары, тұрғындары игілігін көріп жатыр. «Тәңкібай ата» мешітін кейін Қазақстан Діни басқармасына сыйға тарттым. Осындай кішкене ғана еңбегімнің бағаланғаны болар, 2017 жылы Талас ауданының Құрметті азаматы атандым. 2018 жылы «Жомарт жүрек» республикалық байқауының аудандық деңгейінде үздік деп танылып, «Жыл меценаты» номинациясына ие болып, «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаты атандым. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай облыс әкімінің бастамасымен бастау алған «Жомарт түлек» жобасы аясында ауданда халық игілігіне бағытталған әлеуметтік жобаларды қолдауда белсенділік танытқаным үшін аудан әкімінің Алғысына ие болдым.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында: «Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру» деген болатын. Бұл нені білдіреді? Сіздіңше жаңа Қазақстанды құру үшін не істеуіміз керек?

– «Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. Біз келешегіміз кемел боларына және жарқын болашақты өз қолымызбен жасай алатынымызға сенеміз. Әрбір азаматтың конституциялық құқығы мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етеміз. Мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне және құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырамыз. Маңызды шешімдер жұртшылықтың қатысуымен ашық қабылданады. Өйткені мемлекет әр азаматтың үніне құлақ асады. Адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе әрдайым жоғары бағаланады. Мен Жаңа Қазақстанның осындай ел болғанын қалаймын», деген Мемлекет басшысы өзгерісті әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керектігін, әрбір адам және бүкіл қоғам жаңғыруы қажеттігін, құндылықтарымыз түбегейлі жаңаруға тиістігін баса айтты. «Мұның бәрі – оңай жұмыс емес, біртіндеп қалыптасып, жылдар бойы жалғасатын үдеріс. Бұл жұмыс бізден жоғары жауапкершілікті, елімізге және бір-бірімізге деген жанашырлықты талап етеді. Бізге ешкім сырттан келіп ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда. Сондықтан баршаңызды жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын. Халықтың қолдауымен мақсатымызға жетеміз деп сенемін», – деді Президент. Қасым-Жомарт Кемелұлынан асырып ешкім айта алмас. Расында да жаңа Қазақстанды бәріміз бірлесіп құруымыз керек. Бар жұмысты Президенттің, әкімдердің мойнына артып қойып, «Жаңа Қазақстан жасап бер» деп айтсақ, ол ешбір шеңберге сыймайды ғой. Шынында да ешкім келіп бізге ештеңе істеп бермесі анық. Сондықтан әркім өзінің саласында үлесін қосып, еліміздің өсіп-өркендеуіне атсалысуы тиіс. Әрбіріміз жаңа Қазақстанды құруға қандай үлес қостым немесе қосамын деп ойлауымыз керек. Жалпы, халық пен Мемлекет басшысы сенім артып отырған депутаттар да өз жұмыстарын осы бағытта жүйелі ұйымдастырып, нақты жүзеге асыруға күш салуы керек деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан

Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support