- Advertisement -

Жидебек көкемнің шапалағы

227

- Advertisement -

Бүгінде пайғамбар жасынан асып кеткен менің «Көкем-оу» деп кемсеңдеп қойып, Жидебек ағам жайлы естелік жазып отыруымның өзі бір жағынан ерсілеу сияқты боп көрінуі мүмкін. Бірақ ауылды ойласам болды, алпыс үш емес, селкілдеген сексенге келсем де бала боп кететін бір бәлем бар. Ал бала боп, өмірден өткен үлкен жүректі ағаларды ойлай бастасам, олардың бізге таудай боп көрініп, «менмін» деп мардымсыған небір мықтыларды білімімен, біліктілігімен, оған да бой бермей бара жатса, тіпті, білек күшімен «баудай» түсіріп жүрген кездері есіме орала береді.

Сексен екінші жылдың жазы. Жас кезім. Желік басылмаған. «Бүгін той болады екен» десе, «Қай ауылда, кімнің үйінде?» деп жұлқынып шыға келетін уақ. Кімнің баласы үйленсе, оның баласы үйленсін, бізге оның «қызығы» мен «шыжығы» керек. Беташарынан да, тойынан да қалмаймыз. Құдаларын күту мен бас-басына малын атап, китін кигізіп шығарып салу, әрине, той иесінің міндеті. Ал құдалар сый-сияпатқа мәз боп кетті ме, жоқ әлде қабақтары қарс түйіліп, ренжіп кетті ме, о жағында көк тиын шаруамыз болмайтын.

Сондай күндердің бірінде Жапар көкем есігінің алдындағы жоңышқа егетін етек- жеңі далиған үлкен шарбақтың ішіне «тарақ» таңба пішіндес қып үстел құрып, той жасады. Дастарқан басы ығы-жығы адам. Келген қонақтарда қисап жоқ.

Үйленген Серік көкем. Менен үш жас үлкендігі бар. Тегі – Томанов. Әкесі – Жапар. Әншілер «Сезімді қайтем тулаған?», «Аузынан айдың түскен қыз», «Аққуларын» репертуарларынан тастамай айтып жүретін белгілі ақын Серік Томановтың дәл өзі. Тағдыр айдап Жамбылға келген Арқалықтың аруы Бибігүлмен көңіл жарастырып, көктемде үйленген. Жазда өтіп жатқан мынау ұлы- жіңгір салтанат сол Серік көкем мен Бибігүл жеңешемнің ақ некелі тойы.

Тойға келген қонақтардың арасында басқа жақтың жігіттері де көп болды. Оның себебі де бар, өйткені Серік көкем әскерден келген соң көбіне Жамбыл жақта жұмыс істеп жүрді де, дос-жарандарды көп жинаған екен, соның бәрі болмаса да, біразы той қуанышына шұбап келді. Арасында қала мен даладағы небір төбелестердің дәмін татқан, «ә» десең, «мә» дейін деп, екі иығын жұлып жеп тұрған жұлымырлары да аз емес сияқты.

Бір кезде шатақ шықты. Оның қай қатардан шыққанын білмеймін, әйтеуір мен отырған жақ тыныш болатын, сірә, үстелдің аяқ жағы ма, әлде ортаңғы жағы ма, әйтеуір бір жерден бұрқ ете қалды. Айқай-шу соңы тарс-тұрс жұдырыққа ұласып, одан ары дастарқанға отырғандар орындарынан өре түрегелісіп, шарбақтың іші лезде «майданға» айналды да кетті. Құдай сақтап, мен сол күні ішімдікке жоламай отырғам.

Төбелесіп жатқандар біздің Амангелді ауылының жігіттері мен тойға келген қонақ жігіттер. «Ауыл итінің құйрығы қайқы» дегенді аталарымыз бекер айтты дейсің бе, ауылдың «батырлары» жанды қоймай, қонақ жігіттерді тықсырып кеп берді. Бір-екеуі жан сауғалап Жапар көкемнің маялап жиған шөбінің үстіне шығып кетті. Енді біреулері сым шарбақтан секіріп, қараларын батырды. Шөптің үстіне өрмелеп шыққандардың соңынан айыр ала ұмтылған ауылдың бұзықтарына аналар шақпағын көрсетіп, «қоймасаңдар, мына шөпті өртейміз» деп доқ көрсетті.

Болашақта жазушы болам деп армандап, газеттерге анау-мынау жазып жүрген маған осы көріністер Бейімбет Майлиннің әңгімелеріндегі әпербақан кейіпкерлердің қылығындай қызық көрініп, шаруалар көтерілісінде жүргендей айыр ала ұмтылғандарға қарап күліп тұрғам. Бір кезде арт жағымнан тиген зілдей соққы дәл құлағымның тұсынан сақ ете қап, миымды аузыма түсіре жаздады. Тәлтіректеп барып, түзелдім. Бұрылып қарасам Жидебек көкем…

Жалпы соққы атаулының оңғаны жоқ қой, бірақ құлақтан тиген соққының салдары мен зардабы өте ауыр болады. Оның үстіне соққының иесі мінгенде бесті аттың белін талдыратын Жидебек сияқты алпамсадай ағамның сом темірдей білегі мен батпандай қолы болса, онда, тіпті, жаман. Оның үстіне жас кезінде Әлібек, Қанай, Бегісей жігіттері бетіне жел боп келмейтін ауыл-аймақтың «атаманы» атанғандардың бірі. Қызылғұрт атаның Қанайы мен Бегісейінен тарайтын туысқандарым тұратын көше жақта төбелес мәселесінен Бәтейдің Жорабегінің аты дүңк-дүңк естіліп жатса, Әлібек ата жақтан Жидебек көкемнің жұдырығын айтып, «пай-пойласып» отыратын үлкендер. Сонымен…

Бұрылып қарасам, Жидебек көкем мені ұрғаны аздай, көзімен атып тұр екен. Шыңғыс ханның өзін де, көзін де көргенім жоқ қой, бірақ Жидебек көкемнің дәл сол кездегі көзінде Шыңғыс ханға тән ызбар мен ызғардың, тағылым мен тәрбиенің барлығы тұрғаны анық еді. Сыртымыздан байқап қалған адам болса, айқайға сүрең қосып, тойға келген қонақтардың біріне де жұдырық ала жүгірмеген, ең болмаса тіл тигізіп, боқтамаған бауырын ту сыртында тұрып ұру деген әділетсіздіктің ең сорақысы боп көрінуі бек мүмкін. Бірақ мен бұрылып қарасам да, үндемедім. Жидебек көкемнің қасында тұрған Жәкіш-Жайлыбай көкем де тырс етіп тіс жармады. Содан той мен төбелестің соңы немен аяқталғанын көру «бақыты» бұйырмай, тісі ауырған баладай, шыңылдаған құлағым мен дуылдаған жағымды басып үйге қайттым.

Негізі мен, Қызылғұрт деген атаның ішіндегі Әлібегі болам. Жапар көкем де, Жидебек көкем де осы Әлібектен өрбиді. Жапар көкем Әлібек болған соң оның ақын баласы Серік ағам да Әлібек болмай ма? Былайша айтқанда, бәріміз қуанышымыз да, қайғымыз да ортақ өте жақын жандармыз. Жақындықтарын кейбіреулер «үйіміздің арасында үй жоқ» деп төгілдіре теңеулеп жатады ғой, сол сияқты үйлеріміз де бірыңғай жақын салынған. Сондықтан болар, тойдан «тойдырып» қайтарған шапалағының сырын Жидебек көкем дүниеден қайтқанша сұрағам жоқ. Несін сұраймын, себебін ішім сезіп тұр.

Оның мәнісі менің топшылауымда былай. Жақын ағайынымыз Жапар көкемнің тұңғышы Серіктің тойының шырқы бұзылып, шарбағында қырғын төбелес боп жатыр. Кейбір есерсоқтар жер жетпегендей үстелдің үстіне шығып, төбелесіп жүр. Кім-кімді ұрып жатқаны белгісіз. Көкемнің ала жаздай мықшыңдап жүріп маялап жиып алған шөбінің үстіне де шығып кетіп, «жақындама, жақындасаң өрт қоям» деп шақпағын шағып, оттығын жағып, жалаңдап тағы бір жындысүрей тұр. Міне, осы қанқасап майданға қойып кетіп, анау «шөпті өртеймін» деп өрекпіген бәленің қолынан шақпағын жұлып алып, өзін жерге бөрікше лақтырудың орнына, мен мына жақта мәз боп күліп тұрмын. Осы ессіздігімді Жидебек көкемнің сарт ете түскен шапалағы санама бірден жеткізді ғой. Сондықтан көзім ызадан боталап тұрса да: «Жазықсыз ұрдыңыз ғой, көке» деп айта алмадым. Өйткені аға шапалағын қылмыстық кодекстің бабымен емес, Жидебек көкемнің жүрегіндегі «ағайын, туыс, намыс» деген баппен бағаладым.

Ел ғой, «отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» деген де бәле бар біздің жақта. Ертесіне құлағына бірдеңе жеткен Бұлбике апам бүкшеңдеп отырып Жидебек көкеме барыпты. Апамның таяғын сүйеніп Шормақ қайнағасының қара шаңырағына қарай кетіп бара жатқанын көрген Түймекүл жеңешем (Сәттібайдың інісі Көптікбай көкемнің әйелі) Жидебек қайнысы жеңгесініп бірдеңе деп артық айтып қоя ма деп кеберсіп жүретін ернін жыбырлатып, Құдайына жалбарыныпты. Сөйтіп, жоңғарларға қарсы аттанған батыр аналарымыздай қайнысының үйіне қату жеткендегі апамның (Жарықтықтың жатқан жері жайлы болсын! Әумин!) не дегенін білесіздер ме? Жалғыз баласының тойдан «таяқ» жеп келгені аз болғандай, «Әй, қайным, ендігі жолы сөйтіп тұрса ұрма, біржола өлтіре сал!» депті де, дастарқандағы наннан бір үзіп жеп, бір-екі кесе шай ішіпті де, Шормақ қайнағасына тие берсін деп дұға жасап, үйге қайтыпты. Ал Жидебек көкем болса төрде төбедей боп шынтақтап жатқан күйі жымиыпты да қойыпты. Үндемепті. Міне, біздің аналар мен ағалардың тәрбиесі. Сөздері оқ болса, шапалақтары шоқ еді ғой, шіркін!

***

«Жас өспей ме, көкейіңді теспей ме» деген, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқып жүрген кезім. Бірде ауылдан артынып- тартынып Жидебек көкем келді. Біздің ауылдағы ағайындар бір-бірімен қырылысып төбелесіп жатса да, бір-біріне кек сақтап, ешқашан жауығып жүріп алмайды. Ертесі- ақ бәленшенің тойында немесе түгеншенің көкпарында кездесіп, кеуде қағыстырып, бір бөтелкені «бауыздап» тастап, кесе қағыстырып, түк болмағандай қауқылдасып отыра береді. Олардың бұл әдемі рәуіштері күндердің күнінде қайтадан ұрысып қалғанша осылай жалғасқаны жалғасқан. Менің де көкеме деген тойдағы «ашуым» баяғыда-ақ ұмыт болған. Оның созылмалы ауру сияқты бойыңнан кетпей, жүріп алатындары да болатынын жас келген соң біле бастадық қой.

Ауылымыздың орталығы А.А.Жданов атындағы совхозға тиесілі бензинді Қоңырбай көкем екеуі Жамбыл қаласынан таситын мәшинені айдайтын, сол кездегі директорлар мен парткомдардың хаттамасының тілімен айтсақ, «ауыл шаруашылығын жанар- жағармаймен жыл он екі ай бойы үздіксіз қамтамасыз еткені үшін КСРО-ның «Құрмет белгісі» орденімен де марапатталған» Жидебек көкем шопыр екем деместен Қазақстандағы нөмірі бірінші оқу орнының анау-мынау емес, ылғи хатшылар мен басшылардың ұл-қыздары ғана түсетін заң факультетіне сырттай болса да түсіп алған. Ауылда бірге ойнап, бірге оқып өскен жан досы Жанғара Дәдебаев ҚазМУ-де білдей профессор. Сондықтан тек ғалымдармен ғана дастарқандас боп жүретін көкемізді Алматыға келгенінде бір, қайтқанында бір рет қана көретінбіз.

Жидебек пен Жанғара айтылған жерде, Аманәлі де еске түседі. Біреуін айтсаң, қалғанын айтпай кетуге болмайтын үш дос. Үшеуі «Үш алып» картинасындағы (Виктор Михайлович Васнецов) батырлардай көшеге сыймай, бірге кетіп бара жататыны да бір керемет сурет еді. Үшеудің ішіндегі балуаны Жидебек ортасында, оқымыстысы Жанғара мен серісі Аманәлі екі жағында. Неге екенін, үшеуіне де еліктедім. Оқымысты болғым кеп бала кезден кітаптан бас алмасам, сері болғым кеп домбыра, гитара дегендермен әуес болдым, білегі жуан балуан болам деп есіктің алдын Бұлбике апам сүрініп жығыла жаздап жүретін зілтемір мен кір тасына толтырып тастадым. Қатар өскен екі талдың арасына лом өткізіп, ол темірге де тартылдым.

Бірақ соның бәрін Жанғара көкемнің оқымыстылығына ұқсағым келгені жеңіп кетті. Әлі есімде, мектепте мұғалім боп жүріп Құрманғазы күйшінің рөлін ойнаған Жанғара көкем. «Құрманғазыны» көреміз деп жиналған адамдар клубқа сыймай кеткен сонда. Қазір ойлаймын, азаттық аңсаған адамның рөлін сол заманда-ақ түсініп, сол заманда-ақ сезініп ойнау дегеннің өзі жас жігіт үшін үлкен азаматтық болмыс биігіне көтерілгенін көрсеткендей екен-ау, ә деп. Кейін Жаңғара көкем білім аңсаған арманына ілесіп Алматыға аттанды. ҚазҰУ-ді бітірді. Атақты академик Зейнолла Қабдоловтың шәкірті болды. Өзі де профессор, академик атанды.

Мені Жанғара ағаға жақындата түсетін тағы бір жайт бар. Ол туған ағам Аманәлі серіге қатысты. Оқуын қаладағы мұғалімдер даярлайтын педагогикалық училищеден бастаған Жанғараның қасында көп жүрген Аманәлі ауылға гитара деген музыкалық аспапты, грампластинкаға жазылған («табақ» немесе «күйтабақ» деуші едік қой) Кененнің әндері мен сол кездегі жастар үшін хит болған «Дос Мұқасанның» әндерін алғаш рет алып келген. Жанғара көкем екеуі түйдей құрдас. Ақындығы бар сері көкем сол кездегі Жамбыл қаласының саябағында отырғанда:

Ароматты шашылық.

Алдымызда жатса шашылып.

Бархатный сыралар.

Шетінен тұрса ашылып, – деп табан астында өлең шығарып, Жидебек пен Жанғараны күлкіге қарық қылады екен.

Баяғыда «Алдымызда үлкен қала Қарағанды» деп басталатын ән болушы еді ғой, сол ән менің Аманәлі ағамдікі. «Жиендік» жасапты бір кісі. Ал алғашқы нұсқасы «Алдымызда үлкен қала Алматы» болатын. Әттең, сол Аманәлі көкем өмірден ерте өтіп кетті. Небары жиырма бес жасында қыршынынан қиылды. Әйтпесе, Жанғара ағам Аманәліні де Жидебек көкем сияқты өзі оқуға түсіріп, бір мамандықтың иесі ғып шығаратын еді. Жә, бірді айтып, бірге кеттім-ау деймін. Бірақ Жидебек көкемді айтқан жерде Жанғара мен Аманәлі көкелерімді айтпаса тағы болмайды дедім ғой жаңа. Сонымен…

Бірде Жидебек көкем емтихандарының бәрін тапсырып, қырық күндік сессиясын екі-үш аптаның бедерінде «қанттай» ғып, ауылға қайтатын болды. Біз, Алматыда жүрген екі-үш жігіт, емтихандарын түгел тапсырып, ауылға қайтып бара жатқан Жидебек көкеміз емес, өзіміз сияқты қуанып жүрміз. Ол кісі өзі көп сөйлемейтін адам, ыржың-ыржың еткен інілеріне қарап жымияды да қояды. Кейбір інілерін «шешең…» деп жіберетіні бар анда-санда. Онда да кейбір інісі жылмаңдап «жынына» тие берсе ғана сөйдейді. Ол болса көкесінің күлімсіреп тұрып айтқан «шешеңі» тілі мен жағының шаригін майлағандай жағып, одан бетер зулайды кеп.

Жидебек көкеміздің жылы жымиғанының ар жағында «көкейлерің белгілі ғой, бауырларым-ау» деген сөз тұратынын да біліп алғанбыз. Біздің іштен «біліп» туған бәлелер екенімізді көкеміз де сезеді білем, сол кездегі ең мықты деген ресторанға бастайды. Ресторанның тамағы «лапшасы бар, сосын «лақша секіртетін» шарабы бар» асхананың тамағы емес, біз көрмек тұрмақ аты-жөнін білмейтін ас мәзірлері алдымызға келеді. Қасқалдақтың қанындай армян коньягі дегеннің дәмін де сол көл-көсір дастарқанда татып көреміз. Ал інілерінің рахаттана ішіп-жеп жатқандарына көңілі марқайып төрде таудай боп Жидебек көкеміз отырады.

Сөйтіп отырғанда пойыз келетін уақыт болып қап, таксилетіп вокзалға жетеміз. Таксиге төлейтін де көкеміз. Перронға өтеміз. Әшейінде жарым сағат кешігіп жететін пойыз да, «бол- бол, жүр, кеттікке» басып ентігіп келе қалады. Біз болсақ «Көкем ертең ауылдағы үйінің есігінің алдындағы талдың көлеңкесіндегі сәкіде ет жеп, сары самаурынның шайін ішіп, шынтақтап жатады-ау, ә, қандай керемет!» деген ойдан көзіміз жәудіреп қалып бара жатамыз. Жас кіреукелеген көзіміз көкейіміздегіні айтып тұратын болуы керек, Жидебек көкем үнсіз жымияды да, қалтасына қолын салып, қып-қызыл 25 сомды суырып шығарады да ішіміздегі үлкенімізге ұстатып, «жүр-жүрлеп» тұрған жолсеріктің қасынан өтіп, пойызына мінеді. Топырлап біз де міне бастаймыз. «Әй, сендер қайда барасыңдар?» деп бізге аңтарыла қараған көкемізге «Бірінші Алматы бекетіне дейін шығарып саламыз» дейміз. Көкемізді қимайтын болуымыз керек, сірә.

Сықырлаған вагондар екінші Алматы бекетінен жылжып отырып бірінші Алматы бекетіне де тез жетіп қояды ондайда. Амал жоқ түсеміз. Ал пойыз вагонының терезесінен бізге қараған Жидебек көкеміздің бейнесі қош- қошын айтып кетіп бара жатады. Көке бейнесі көзімізден таса бола сала, дауа жоқ жастық шақ-ай десеңші, 25 сомды алған үлкенімізді (ол кезде 25 сом деген біз үшін жарты байлық) жағадан алғандай болып, ішім-жемі мол тағы бір жерге жүр-жүрлейміз.

***

Одан бері де не көрмедік. КСРО-ның Брежнев, Андропов, Черненко деген бас хатшыларының бірінен кейін бірі жыл аралатып қаза болғанын көрдік. Горбачев деген қасқа бастың Қонаев атамызды қызметінен он бес минутта алып тастағанына да күйіндік. Дінмұхамед атамыздың арқасында өсіп-өнген біреудің Қонаевта алты аласы бардай жамандап, қуғындағанын да оқыдық. Құламастай көрінген Кеңес өкіметінің құлағанына да куә болдық.

Бұл кезде Жидебек көкем заң оқуын бітіріп, ауылдан Қаратау қаласына көшіп барып, білдей адвокат болып алған. Адвокат дегеннің қиянат көрген адамға араша болатын қызмет екенін білем ғой. Талай адамға араша болғанын да естідім. Онда да баяғы өзімді шапалақпен сарт еткізген кезіндегідей ар- намыс туының құламауын нысанаға алған шығар деп ойлаймын. Сосын аз сөйлейтіні, көп тыңдайтыны, сөзұғар інілеріне жымия қарап тұратыны да сағынышқа айналды бүгінде. «Шапалақ-шоколадын» да ұмытқан жоқпын. Кейде асып-тасып бара жатсам, «екінші менім» Жидебек көкем сияқты жетіп келеді де сана- шапалағымен сарт еткізіп тартып кеп жібереді.

 

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
жазушы.

Қаратау қаласы,

Талас ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support