- Advertisement -

Бітік шыққан егін — ел ырысы

110

- Advertisement -

Облыста егін орағы аяқталып, бақша, көкөніс өнімдерін жинау, мал азығының қорын жасау одан әрі жалғасуда. Агроөнеркәсіп саласы, оның ішінде егін шаруашылығы қарқынды дамыған іргелі аудандардың бірі – Тұрар Рысқұловта биыл ерте басталған жиын-терім барысы қалай? Диқандар қанша гектар жерге егін екті, өнімі көңіл көншіте ме? Мал азығын дайындау қай деңгейде? Ұсақ шаруашылықтарды біріктіру, суландыру мәселесі қалай шешілуде, мал шаруашылығының ахуалы не күйде? Осы сұрақтардың төңірегінде аудан әкімдігі ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиевпен әңгімелескен едік.

– Темірғали Нәдірұлы, жалпы ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі қалай, жиын-терім науқаны қалай өтіп жатыр?

– Биылғы алты айда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 11,1 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 104,9 пайызға орындалды. Жылдан жылға өнім көлемінің артуы көңіл қуантады. Мәселен, былтыр осы мезгілде 8,1 миллиард теңге болған. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 1,5 миллиард теңгені құрап, 110 пайызға орындалды. Былтырғы жылға қарағанда мұнда да әжептеуір өсім бар.

Аудан бойынша 2022 жылдың өніміне 136 671 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген 134 131 гектар тапсырма 101,9 пайызға орындалды. Оның ішінде, бидай – 57 015, арпа – 51 670, дәндік жүгері – 274, майлы дақылдар – 16 164 гектарға, мақсары – 14 368, күнбағыс – 1 796, қант қызылшасы – 380, картоп – 560, көкөніс – 522, бақша дақылдары 174 гектар алқапқа егілді. 10 296 гектар көпжылдық шөптің бұрынғы жылдары егілгені 7 423 гектар болса, жаңадан 2 673 гектар алқапқа егілді. Ауданда 28,06 гектар алқапқа таңқурай мен құлпынай егілсе, оның 17,06 гектары таңқурай да, 11 гектары құлпынай. Сүрге (парға) 13 698 гектар айдалып, екі мәрте өңделді.

Масақты дәнді дақылдардан 108 685 гектар алқапқа егілген астық толық орылып, жалпы түсім 195 633 тонна болды. Гектарына 12,5 центнерден өнім алыну қажет болса, 18 центнерден алынды. Бұл – 613 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің ерте көктемнен бастап, ала жаздай еткен тынымсыз еңбегінің жемісі.

Биыл 5 135 тонна тыңайтқышқа сұраныс беріліп, 3 860 тоннасы алынды. Бұған қосымша аудандағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тағы да 2500 тонна минералды тыңайтқышқа сұраныс берді. Жыл соңына дейін 77 100 гектар егістікке сіңірілуі күтілуде. Нәтижесінде үстіміздегі жылы аудандағы егістік жердің 51,3 пайызына сіңіріледі.

Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында аудан бойынша 59 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникасы 498,2 миллион теңгеге алынып, жаңару 5,5 пайызды құрады. Астық ору науқанын мерзімінде, ысырапқа түсірмей жинап алу мақсатында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері егін комбайндарын, тасымалдаушы автокөліктер мен қызмет көрсететін көліктерді дайындық сапына қойылғанын да еске сала кетейін. Егін орағына 207 комбайн, 64 тасымалдаушы автокөлік, су және өртке қарсы қондырғылар, агрегаттар, механизаторлардың тамақтануы мен демалатын орындары дайындалды.

Егін орағы мен күзгі дала жұмыстарына қажетті кепілдендірілген бағамен берілетін дизель отынын таратушы оператор болып бекітілген «Wedo Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұсынылған өнім, жұмыс және көрсетілген қызмет бірліктерінің өзіндік құнын есептеуге сәйкес, дизель отынының бір литр құны 209 теңге болып бекітілді. Күзгі дала жұмыстарына жалпы 2 730 тонна жанар-жағармай бөлініп, шілде айында 601 тонна жеткізіліп таратылса, тамыз айына 780, қыркүйек айына 780, қазан айына 520 тонна жеткізіледі.

– Биыл қай өңірде болмасын шөп бітік шықты. Таудың іргесіндегі табиғаты тамылжыған сіздердің ауданда да мал азығының молдығын көрдік.

– Шөп жинау науқаны қалай жүзеге асып жатқанын білмек ниетіңізді ашық сұрамасаңыз да сезіп отырмын. Расында да биыл кейінгі үш жылда болмаған шөп шықты. Көктен де, жерден де берген Жаратқанның бұл ризығын күздің қара суығы мен жауын-шашынына ұрындырмай жинап алу шаруаларға ғана емес, бәрімізге сын. Осыны ескеріп, ауданда 2022-2023 жылғы мал қыстатуға дайындалуы тиіс жоспарлы мал азығын дайындау жұмысы 18 мамырдан басталды. Биыл мал азығын дайындау барысында 28 416 гектар шабылатын алқапқа шалғы түсіп, оның ішінде 8 803 гектар жоңышқа мен биылғы жылы ауданда алғаш рет 1800 гектар алқапқа егілген «сорго» мал азықтық дақылы жиналуда. «Сорго» дақылы негізінде сортаң жерлерді тыңайтуға пайдалы. Биыл бұл дақылды «Жасмин» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 200, «Шалқар» шаруа қожалығы 1600 гектарға екті.

11 тамызда 28 416 гектар шабылатын алқаптың 28 353 гектары орылды. Оның ішінде 45 500 тонна сабан дайындау қажет болса, 67 500 тонна дайындалды. Табиғи шөптің 19 450, көпжылдық шөптің бірінші орымы 8 803, екінші орымында 8 803 және үшінші орымының 4 490 гектарына орақ түсті.

Мал азығын дайындаумен 15 шөп ору бригадасы айналысуда. Бригадаларда 6 шөп оратын «герман», 16 «косилка», 11 шөп тайлағыш, 18 трактор, 14 шөп тіркегіш және дәнекерлеу агрегаттары, қызмет көрсететін автокөліктер қатысуда. Жоңышқалық алқаптар толық орылғаннан кейін төменгі құмдағы шабындықтардан, көл жағалауларынан қысқы мал қыстауларына қажетті шөп одан әрі дайындалатын болады.

– Ұсақ шаруашылықтарды біріктіріп, агрохолдинг құру жұмыстары қолға алына бастағалы да біршама жыл болды. Осы жайлы да бір ауыз айта кетсеңіз?

– Иә, бұл күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе. Сондықтан біздің назарымыздан тыс қалған емес. Жан-жақты түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде былтыр 25 ұсақ шаруашылықты жер үлестерімен біріктіріп, екі «Агрохолдинг» құрылып, барлық құжаттары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жолданған болатын. Осы бағыттағы ұйымдастыру жұмыстары биыл облыс әкімінің тапсырмасымен қайта қолға алынып, Рысбек Рахметилдаев жетекшілік ететін «Ернар» шаруа қожалығы үш шаруашылықты біріктірсе, Әбілда Нұрмаханбетов басшылық жасайтын «Таупа әулеті» шаруа қожалығы 14 ұсақ шаруашылықты біріктіріп, агрохолдинг құрды. Қажетті құжаттары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ұсынылды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғаса береді.

– Аудан аумағындағы су нысандарын дұрыс пайдалану және тозығы жеткен су ұңғымаларын қалпына келтіру жұмыстарын жүзеге асыру барысы туралы не айтасыз?

– 14 6671 гектар егістіктің 6 087 гектары суармалы жер. Каналдардың тозуына байланысты суармалы жердің 2 190 гектарына ғана су жеткізуге мүмкіндік бар. Аудан бойынша 18 каналдың 14-і «ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының, төртеуі ауылдық округ теңгерімінде. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 2020 жылы екі каналға 29 миллион теңгеге механикалық тазарту жұмыстары жүргізіліп, 222 гектар алқап қайта айналымға қосылды. 2021 жылы тағы да екі каналға 52 миллион теңгеге механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, айналымға 203 гектар қосылды.

Аудан бойынша бұрынғы жылдардан қалған 192 ұңғыма бар. Оның 104-і егістік басында орналасқан. Осы егістікке пайдалану мүмкіндігі бар 104 ұңғыманың жағдайы, орналасқан жері толықтай зерделенді. Зерделенген 104 ұңғыманың су ағып тұрғаны 26, бітелмеген суы бары 54, бітелгені 24. Осы ұңғымаларды қалпына келтіру бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Ұңғыма қазу бойынша өтінімдер шаруашылықтардан жинақталып, жаңадан 71 дана ұңғыма қазуға 14 өтінім түсті. Ұйымдастыру жұмыстары ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қаржылық жағдайларына қарай жүргізіліп, тиісті мердігерлермен келісімдер жасалуда.

– Мал шаруашылығынан да аз-кем мәлімет бере кетсеңіз?

– 2022 жылдың жарты жылдығында жылқы – 26 043, қой – 63 1432, түйе – 107, құс – 127 037 басқа жетіп, жыл сайын артып келеді. Алайда ірі қара – 42 277 бас, ешкі – 37 208 басты құрап, бұрнағы жылдармен салыстырғанда біршама кеміді. Мал өнімдері жыл басынан 3 236,6 тонна сойыс салмақтағы ет, 14 309,9 тонна cүт, 2 565,2 мың дана жұмыртқа өндірілді.

Ауданда 13 асыл тұқымды шаруашылық жұмыс істеуде. Атап айтқанда, мүйізді ірі қара малымен бес, қой малынан алты, жылқы малынан бір және шошқадан бір асыл тұқымды шаруашылық бар.

Ауданда 22 мал бордақылау алаңы болса, 2 650 бас мүйізді ірі-қараға арналған он екі, 780 бас жылқы малына арналған бес, 3600 бас қой малына арналған төрт және 40 000 бас шошқаға арналған бір мал бордақылау алаңы тұрақты жұмыс істейді. Сонымен қатар, жобалық құны 435,6 миллион теңгені құрайтын жобалық қуаты сағатына 15 тонна құрама жем өндіретін «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Мал азығына қажетті ұсақталған құрама жем дайындау» зауыты тұрақты жұмыс істеуде. Ауданда мал өнімдерін қайта өңдеумен «Ұлы Сұлтан» шаруа қожалығы шұжық цехы сұраныс арқылы шұжықтың 10-нан астам түрін халыққа тұтынуға ұсынып отыр.

2022-2025 жылдары мал шаруашылығы бағытында атқарылатын 12 ірі және 66 шағын инвестициялық жобалар әзірленген. Биылғы жылы жоспардағы екі ірі жоба – «Керең» шаруа қожалығының сүт өндеу цехы мен «Қайнар Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тұқым тазалау зауыты жыл соңына дейін жүзеге асырылатын болады. Ал 13 шағын инвестициялық жобаның алтауы жұмысын жүргізуде.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Амангелді ӘБІЛ.

 Т.Рысқұлов ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support