- Advertisement -

Қарақожа мешіті

239

- Advertisement -

Қазақстан жерінде әулие, ишандардың атымен аталған ғасырлық тарихы бар мешіттер өте көп. Солардың қатарында елімізге белгілі Шу, Талас өңірінің тарихи ескерткіштерінің бірі – Қарақожа мешіті де бар. Республикалық маңызы бар бұл нысан Талас ауданы, Сейілбек елді мекенінің маңында орналасқан. Бүгінгі күні көптің таңданысын тудырған көрнекті кешендердің бірі болып табылады.

Мешіт заманында жергілікті тұрғындардың және ислам дінін насихаттаушы Қарақожа ишанның қаржысына салынған деген болжам бар. Құрылысына Орта Азия шеберлері мен бүкіл халық атсалысып, көпшілік қолдау көрсеткен. Ал Қарақожаға берілген ишан атауы исламның сопылық ағымындағы ақиқатты танып, білу жолында біліммен жоғары дәрежеге жеткен ұстазға ғана беріліп отырған. Ишан атауының тарихи-хронологиясына мән берсек, зерттеушілер бұл терминді алғаш рет Бахауаддин Нақышбанди (1318-1389) мен Хожа Ахрарға (1404-1489) қатысты тазкрийа жанрында жазылған әдебиеттерде кездестіретінін айтады. Кейін XVI ғасырдан бастап ишан атауы Орталық Азияда кеңінен қолданысқа ене бастаған.

Қарақожа мешіті тарихи деректер бойынша ХХ ғасырдың басы (1909 жылы) салынған. Мешіт құрылысының сипаттамасына тоқталсақ, мешіт дүниенің төрт бұрышын есепке ала отырып қаланған. Кірпішті қалау әдісінің өзі дөңес болып келіп, күмбезделіп, порталданған. Мешіттің үсті биіктіктері бірдей тоғыз күмбезбен жабылған. Мешіттің ішіне жарық түсетін терезе ойығы мен михраб қуыстары бар. Орталық күмбез құбылаға қарайды. Мешіт аумағы 16х16 метр болып келетін шаршы пішінді. Тек залдың михраб қуысы орналасқан тұсының үстіндегі күмбезі ғана басқаларынан биік. Бұл діни құрылыстың көлемді жобадағы маңыздылығын ерекше көрсетіп тұрғандай. Биік емес қасбеті қыш кірпішпен қаланып, сыланған. Батыс қабырға мен айваның батыс қабырғасының ортасындағы михраб қуыстары көкшіл түсті бояумен безендірілген.

Залдағы михрабтың жоғарғы жағындағы қабырғасында Құран сүрелерімен қатар эпиграфиялық жазулар бар. Бұл жазуда құрылыстың тұрғызылған күні, айы, жылы болып табылатын хижраның 1327 (1909) жылы көрсетілген. Демек осы уақытта мешіт құрылысы аяқталған болуы мүмкін деген болжам бар. Мешіттің жазғы алаңы мен ішке кірер екі есігі бар. Мешіттің іші қыстың күні суықта жылулықты, ал жаздың күні салқындықты сақтап тұрады.

Мешіт құрылысында 1945 жылдан бастап тарихшы-ғалымдар ғылыми-зерттеу және қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Тарихи ескерткіш алғаш рет 1945 жылы Ежелгі Таразды тұңғыш зерттеген археолог Героним Пацеевичтың жетекшілігімен келген ғалымдар назарына іліккен. Одан кейін бұл жұмысты 1949 жылы Жамбыл облыстық музейінде Лазер Ремпельдің басқаруымен келген экспедиция жалғастырды. 1979 жылы Т.Қ.Қуандықов, Ж.А.Шайкенов басқарған ғылыми- зерттеу экспедициясы, 1980 жылы Жамбыл облыстық тарихи өлкетану музейі К.Байбосыновтың басшылығымен жүргізілген экспедициясы мен 2000 жылы – НИПИ ПМК мамандары зерттеген.

Ұлы даламыздағы әрбір ескерткіштің өзіндік тарихи тағдыры бар. Олар жайлы аңыз- әңгімелер бізге атадан-балаға айтылып мұра болып жетіп отырған. Солардың бірінде ел арасындағы аңыз-әңгімелерде Қарақожа мешітін салуға Жұпан ананың зор ықпалы болғандығы айтылады. Малдыбайдың баласы Күдері жүз жастан аса жасайды. Сол қария ұлы Райдың әйелі Жұпан келініне бата берген. Текті әулетке келін болған Жұпан ана жұбайынан жастай айырылса да, тағдырдың сынағына мойын бұрмай, қайсарлық таныта білген жан екен. Оның ұйымдастыруымен жергілікті жұрт осы мешіт құрылысына жылу жинаған. Сауапты іске шындап бел буған Жұпан ана мешіт құрылысын жүргізетін шеберлерді Ташкенттен алдыртқан екен.

Ал мешіттің атауы оның алғашқы имамы болған он төрт жасар Қарақожаның құрметіне қойылған деседі. Жастығына қарамай жұртты жаппай имандылық пен діни сауаттылыққа баули алған имам сол маңдағы халықты да сауапты іске жұмылдырған. Қарақожа мешіті қазақ даласындағы Ұлы Отан соғысына дейін елге қызмет еткен, имандылыққа тәрбиелейтін киелі орындардың бірі болған. Өз өмірін сауапты іске арнаған Қарақожа ишан осы аумақтағы Қарақожа мешітінің жанында орналасқан ауыл шетіндегі қорымда жерленген. Шу, Талас өңірінің тарихи ескерткіші бұл күндері жергілікті тұрғындардың мінәжат ететін қасиетті орнына айналып отыр.

Өткен ғасырдың 80 жылдарында мешіттің күмбездері үгітіліп, қабырға жақтаулары біртіндеп бұзылып, бірнеше жарықтары пайда бола бастаған. Алғашқы қайта қалпына келтіру жұмыстары 1985-1989 жылдары («Қазжобалауқайтажаңғырту» институтының қайта жаңғырту жобасы) жүргізгенімен толықтай аяқтала қоймаған. 1998 жылы жергілікті меценаттардың қаржылай қолдау көрсетуінің арқасында қайта жаңартылған. Сол жылы Қарақожаның ұрпағы реставрация жұмыстарын жасаған екен. 2006-2007 жылдары Қазқайтажаңғырту институтының Тараз филиалы мешітті қалпына келтіру жұмыстарын толықтай жүргізіп, ел игілігіне қайта пайдалануға берген болатын. Бір ғасырдан астам тарихы бар бұл мешітті сақтап, насихаттаумен қатар болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдыру біздің міндетіміз. Себебі бұл түркі халықтарына ортақ Ислам сәулет өнерінің бірегей үлгісімен қатар ұлттық жәдігеріміз болып табылады.

 

Гүлмарал ҚАМБАР,

«Ежелгі Тараз ескерткіштері»

тарихи-мәдени қорық-

музейінің тарихшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support