- Advertisement -

Министр көпшіліктің сауалына жауап берді

118

- Advertisement -

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров Жамбыл облысына жұмыс сапарының бірінші күнінде облыс әкімдігі дін істері басқармасының жұмысымен танысып, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен және жастармен кездесті.

Айта кетейік, өңірге министрмен бірге аталған министрліктің Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин және Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов та атбасын бұрды.

Діни ахуал тұрақты

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров облысқа жұмыс сапарын дін істері басқармасының, дін мәселелерін зерттеу орталығының және «Ақниет» ақпараттық-насихаттық оңалту орталығының өкілдерімен кездесуден бастады. Басқосу барысында сала мамандарының күн тәртібіндегі мәселелері айтылып, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланды.

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда әлем халқын алаңдатып отырған мәселелердің көш басында діни ахуал да тұр. Өз кезегінде радикализмнің алдын алу бағытындағы жұмыстар ел аумағында, оның ішінде Әулиеата жерінде де жан-жақты атқарылуда. Дін саласы мамандарының жоспарлы әрі жүйелі жұмыстарының нәтижесінде аймақта діни ахуал тұрақты.

Облысқа арнайы іссапармен келген Асқар Қуанышұлы сала мамандарымен кездесу барысында аймақтағы діни ахуал туралы пікір алмасып, кәсіби мамандардың ой-ұсыныстарын тыңдады. Кездесуде дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы өзекті мәселелер талқыланып, ұтымды ұсыныстар айтылды.

Азаматтық қоғамның айтары бар

Азаматтық қоғам институтының тармақтары болып табылатын үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері де өңірге арнайы сапармен келген министрмен кездесіп, пікір алмасты. Салалардағы сан түрлі мәселелер талқыға түсіп, еркін ой алмасу алаңы орын алған басқосуда көптеген түйткілдер тілге тиек болды.

Асқар Омаров кездесулерді «сұрақ-жауап» арқылы пікір алмасу форматында өткізді. Бұл өз кезегінде кездесуге келген азаматтардың ойын ашып айтып, әрқайсысының пікірін білуге мүмкіндік туғызды.

Министр Асқар Омаровқа Ақпарат және қоғамдық даму саласындағы Қоғамдық кеңес мүшесі, «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» ЗТБ президенті, «Turaninfo.kz» ақпарат агенттігінің бас редакторы Исламбек Дастан біршама мәселелерді қағаз жүзінде ұсынды. Оның ішінде министрлікте қызмет атқаратын басшылардың өңірлерге жиі келіп, пікір алмасып, ал жергілікті жердегі білікті мамандар орталық органдардың жұмысымен танысып, біліктілерін министрлікке тарту үрдісі ұсынылды. Асқар Қуанышұлы «Кадрлық лифтіні» қолдайтындығын және министрлік пен комитет қызметкерлері тарапынан өңірлерді аралау бойынша кесте жасалатындығы туралы айтты.

Үкіметтік емес ұйым басшылары мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың есебін жеңілдету, Қоғамдық кеңестер бойынша орын алған жағдай туралы, аутизммен ауыратын балаларды әлеуметтендіру секілді маңызды мәселелер көтерді. Осы ретте Асқар Қуанышұлы Тараз қалалық Қоғамдық кеңесінің жұмысымен танысты.

Келесі кезекте министр өңір жастарымен кездесті. Жастармен кездесуде «Ассамблея жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің белсенділері тіл үйрену курстарын көптеп ашып, оны бір жолға қою ұсынысын жеткізді.

«Достық үйінде» өткен жиында облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің жұмысын зерделеу, үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік грант алушылардың жұмыстарын жетілдіру, мемлекеттік бағдарламаларды біріздендіру мәселелері де аталып өтті. Сонымен қатар, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы төңірегіндегі шикіліктердің әлі де бар екені айтылды. Кездесу соңында жастар күніне орай өңірдің белсенді жастары Нұрсұлтан Манатбеков пен Қуат Ақбаев министрдің қолынан арнайы Алғыс хат алды.

Асқар Омаров келесі кезекте «Jambyl» арнасында болды. Онда өңірдің БАҚ өкілдері, атап айтқанда, жергілікті телеарна, басылым мен сайт директорлармен емен-жарқын кездесу өтті. Әдетте әлеуметтің мәселесін көтеретін журналистер қауымы бұл жолы өздерін толғандырып жүрген саланың мәселесін жан-жақты көтерді. Олардың қатарында мемлекеттік ақпараттық тапсырысты жеңілдету, журналистердің құқықтарын қорғау мен қаламақысын реттеу, сауатсыз сайттарға тұсау салу мен қоғамға кері әсер ететін контенттерге тыйым салу сынды мәселелер айтылды.

МИНИСТР Мойынқұмға да барды

Келесі күні Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров облыс орталығынан шалғай жатқан Мойынқұм ауданына барып, тұрғындардың сауалына құлақ түрді. Сапар барысында министр ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалы туралы біліп, түйткілді мәселелерді тиісті министрліктер басшыларына жеткізетінін айтты.

Қазақ хандығының туы тігілген құтты мекенге арнайы барған Асқар Омаров алдымен аудандық мешітке бас сұғып, бабалар рухына құран бағыштады және діни ахуал төңірегінде әңгіме өрбітті. Бұдан әрі аудандық мәдениет үйінде халықпен кездесті. Онда Асқар Қуанышұлы әуелі министрліктің жұмысы, мемлекеттің саясаты сондай-ақ жемісті жүзеге асып жатқан ауқымды жобалар жөнінде айтты.

– Қазір біз азаматтық қоғам институттарын дамыту жолында қарқынды жұмыс істеудеміз. Бүгінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде бірлескен жобаларды іске асыру арқылы үкіметтік емес ұйымдармен, оның ішінде ауылдағы ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау маңызды. Жамбыл облысында да осы бағытта іске асқан жұмыстарды көп көріп отырмыз. Министрлік азаматтық қоғам саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс атқаруда. Атап айтқанда, волонтерлік қызмет, қайырымдылық және үкіметтік емес ұйымдарға заңнамалық түзетулер қабылданды. Осы арқылы үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру тетіктері жетілдірілмек. Біздің жұмысымыздың тағы бір бағыты – волонтерлер қозғалысын дамыту. Еріктілердің ісі әуелден-ақ халықтың менталитетіне жақын болды. Қазірдің өзінде ауылдық жерлерде асарлатып іс тындыратын ағайын бар. Волентерлерді қолдау үшін министрлік Ұлттық волонтерлер желісімен бірлесіп, әр өңірде «Birgemiz» атты волонтерлердің фронт-офисін құрды. Осы орайда сол волонтерлердің пандемия, Қаңтар оқиғасы кезінде жұмысты үйлесімді ұйымдастырғанын атап өткім келеді, – деген Асқар Қуанышұлы жастардың әлеуметтік-экономикалық мәселелері және сан-саладағы жастарға Үкіметтен көрсетіліп жатқан көмек туралы баяндады. Ізінше, министр жастарды қолдауға әрдайым дайын екенін айтып, ғылымға, инновациялық жобаларға бөлініп жатқан грант жайын да қаузады.

Бұдан соң Асқар Омаровқа ауыл тұрғындары кезекпен еркін, ашық форматта сұрақ қойды. Халықтың басым көпшілігі ә дегеннен Мойынқұмдағы инфрақұрылым жайын, нақтырақ айтсақ газ, ауыз су мәселесі алаңдататынын ашына жеткізді. Мысалы, осы жай аудан орталығынан шалғай жатқан Ұланбел ауылының жұртшылығын да қатты алаңдатады екен. Сондай-ақ ұланбелдіктер қағаз жүзінде интернетке қосылғанымен шын мәнісінде жоғары жылдамдықты интернетке әлі жете алмай жүр. Осы ретте инфрақұрылымдық желілерге қатысты қордаланған мәселенің көп ұзамай оң шешімін табатынын айтқан министр, Үкімет басындағылардың ауыз суға, ауылдарды газдандыруға басымдық беріп отырғанын жеткізді. Өз кезегінде аудан әкімі Әлихан Балқыбеков ауыз су мәселесіне жауапты «Мөлдір» мекемесінің қарыздарына байланысты қиындықтар туындағанын жасырмады. Сәйкесінше, су мәселесін жедел реттеудің басқа да қам-қарекетін жасап жатқанын алға тартты.

– Біз кеше ғана осы мәселелерге облыс әкімімен бірге назар салдық. Аймақ басшысы да 2025 жылға дейін Мойынқұмға газ келеді деп жоспарлап отыр. Екінші мәселе, яғни, ауылға ауыз су тарту жайы да облыс әкімінің назарында. Әрине, солай екен деп қарап отырмай, талап-тілектеріңізді тиісті министрлікке жеткіземіз, – деген Асқар Қуанышұлы интернетке қатысты сұрақ зерделеуді қажет ететінін айтып, осы шаруаны аудан басшылығына шегелеп тапсырды.

Асқар Омаровқа келесі сұрақты аудандық билер кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев қойды. Нарықтық заманда көп нәрсе жекеге өтті ғой. Ақпарат көздері де соған ілесті. Осындай газеттер мемлекетке өтіп, мемлекеттің құралы болса деген ұсыныс бар», – деді қария. Бұл сауалға да Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров жүйелі әрі нақты жауап берді.

– Газеттер негізі тәуелсіз болуы керек. Өйткені дамыған елдерде БАҚ құралдары еркін, ешкімнің ықпалына өтпейді. Қазір осы аудандағы «Мойынқұм таңы» газеті де жекеге өткелі жағдайы нашарлаған жоқ. Мен жуырда Ақтөбедегі Ырғыз ауданында халықпен кездескенімде жергілікті газет осыдан 6 жыл бұрын жабылудың аз-ақ алдында тұрған екен. Ал жекеге өткелі газеттің жағдайы жақсарған. Мемлекет дәл осы тұста жақсы менеджер бола алмайды. БАҚ бәсекеге қабілетті болса, оны оқырмандар да жақсы қабылдайды. Біз БАҚ құралдарын қолдауға әрдайым дайынбыз және әріптестерге қысым көрсетілуіне ешқашан жол бермейміз, – деді Асқар Омаров.

Кездесу барысында ауданның көпбалалы аналары Үкіметтен бөлінген әлеуметтік көмектің барлық мектептің көпбалалы оқушыларына теңдей үлестірілмейтінін айтып, министрден көмек сұрады. Асқар Қуанышұлы осы тұста әлеуметтік көмектер жөніндегі келеңсіздіктерді реттеуді облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаевқа тапсырды. Бір сөзбен айтқанда, балаларын мектепке қамдауға асыққан аналардың мәселесі жуық арада шешіледі.

Аудан ардагерлері осы күні орман шаруашылығына қатысты өзекті мәселені қаузады. Тұрғындар сексеуілге қатысты мораторийдан кейін шіріген сексеуілдің өзіне қолдары жетпей жүргендерін айтты. Аудан халқы көмірге тым құрығанда шіріген сексеуілдерді тамызық ретінде пайдалануды сұрады. Ал Асқар Қуанышұлы осы сауалды Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қойып, кейін жауап беретінін ескертті.

Кездесуде зейнеткер Света Сәкиева да министрге бірнеше сұрағын қойды. Аудан тұрғыны интернет, жол, жарық шамдар туралы айта отырып, жастар мәселесіне келгенде «Аудан жастары Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды сынды ірі қалаларда еңбек етіп жүр. Жұмыссыздық мәселесі шешілсе, аудандағы жастардың дені қалаға қашпайтын еді», – деп ойын жеткізді. Сол секілді кездесуде тұрғындар 109 жедел қызметімен жедел байланысу үшін де сарсаңға түсетінін айтылды. Кездесу барысында Асқар Қуанышұлы барлық сұрақтарға заң аясында мардымды жауап беріп, ізінше тұрғындарды сауалдары бойынша жеке қабылдады.

Осы күні министр Асқар Қуанышұлы аудандық «Мойынқұм таңы» газетінің ұжымымен кездесіп, журналистердің қатысуымен баспасөз конференциясын өткізді. Сапар соңында белгілі журналист Асхат Садырбай шалғай аудандағы сапар туралы министрден шағын сұхбат алды. Онда Асқар Қуанышұлы өңірлерге сапары барысында кейбір шешімін күткен мәселелерді шалғай ауылдардың халқы білмейтінін айтып, «жергілікті ақпарат көздері мейлінше жергілікті мәселелерді қамтыса» деген ойын білдірді.

 

Маржан РАҚАЙ,

Нұржан ҚАДІРӘЛІ,

Сәндібек ПІРЕНОВ.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support